3.12.2021, 9:42
Қараулар: 41
КООПЕРАТИВТЕР ЖҰМЫСЫН ҚАЛАЙ ЖАНДАНДЫРАМЫЗ ?

КООПЕРАТИВТЕР ЖҰМЫСЫН ҚАЛАЙ ЖАНДАНДЫРАМЫЗ ?

Жуырда ауылдық округ орталықтарында аудан əкімі Альберт Есалиевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласына қатысты маңызы зор жиындар өткен болатын. Ауданымызға қарасты 16 ауылдық округте өткен жиындарға аудан əкімінің ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасары Рүстем Зұлқашев, аудандық кəсіпкерлік жəне ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Назар Аманғалиев, «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Аманжол Нығметов жəне ауыл шаруашылығы саласының мамандары, шаруа қожалығы жетекшілері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиын барысында жер телімдерін басқару, жайылымды мақсатты пайдалану, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің жұмысы, кəсіпкерлікті дамыту, ауылдағы жұмыссыздықты жою, көпжылдық екпе шөп егу секілді ортақ мəселелер талқыланды. Ал осы жиындарға қатысқанда түйгеніміз негізінен ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысы туралы мəселе көп айтылды. Осы мəселеге қатысты аудан əкімі Альберт Есалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Альберт Темірболатұлы, жалпы аудан бойынша қанша ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар жəне олардың жұмысының негізгі бағыты қандай?

– Ауданымыз бойынша күні бүгінге дейін 38 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылған. Осылардың ішінде 22-сі ғана жұмысын атқаруда. Қалған 16-сы қызметін тоқтатқан. Дегенмен кооперативтердің ішінде ісі алға басқандары саусақпен санарлық қана. Көбі жұмысын толыққанды ұйымдастыра алмай отыр. Негізінен кооперативтер мал басын асылдандыру, мал бағымын ұйымдастыру, мал азығын дайындаумен айналысуы қа- жет. Ал ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрудағы басты мақсат – ауыл тұрғындарын біріктіру. Аты айтып тұрғандай, кооперативтер табиғи таза ет, сүт өнімдері мен егін егу, бақша дақылдарын өсірумен айналысса, құба-құп іс. Осы үшін олардың шаруа қожалықтарымен қатар барлық мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қолдау қаржы алуға толық мүмкіндіктері бар. Көп елді мекенде кооперативтердің жұмысына ауыл тұрғындарының көңілі толмайды. Дегенмен Болашақ, Қошанкөл, Қайыңды ауылдық округтерінде жұмысы біркелкі жолға қойылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері бар. Атап айтсақ, Қайыңды ауылдық округіндегі «НұрДосахан» кооперативінің жұмысын қалғандарына болашақта үлгі боларлықтай етіп көрсетуге ты- рысып жатырмыз.

– Осы жерде ауылшаруашылық кооперативтері жұмысындағы басты кемшілікке тоқталсаңыз?

– Елiмiздiң даму стратегиясын айқындайтын бағдарлама қабылдау барысында Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы №372-V Заңына сəйкес, ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құру көзделгендi. Біздің де ауданымызда жоғарыда айтылғандай біраз кооператив құрылып, жұмысын бастаған болатын. Бірақ ауылшаруашылық коо- перативтері құрылғанымен, жұмысын атқару жағы ақсап тұр. Əсіресе, жоғарыдағы заң- ға сəйкес ішкі құжаттары мен ұйымдастыру жұмысы сын көтермейді. Кооператив мүшелері алдында есеп берілмейді. Болашақта ішкі аудиттік тексерістер қажет болады. Ал біз олардың жұмысына тікелей араласа алмаймыз. Бұл туралы кооперативтер туралы заңда «Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары Қазақстан Респуб- ликасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы коопе- ративінің, ауыл шаруашылығы кооперативтері қауымдастығының (одағының) шаруа- шылық, қаржылық жəне өзге де қызметіне араласуға құқығы жоқ» деп нақты көрсетілген. Барлық жұмысты кооператив мүшелері өздері реттеуі керек. Десек те оларға кеңес, бағыт-бағдар беруге, ұйымдастыруға жəне кемшіліктерді реттеу үшін округ əкімдері кооператив мүшелерімен бірлесе жұмыс тануға тапсырма беріп отырмын.

– Тағы да айтар жайт – ауылшаруашылық өнді- рістік кооперативтеріне қажет жер мəселесі.

– Иə, ауданымызда соңғы жылдары мал саны өсіп келеді. Сол себепті əр елді мекен үшін белгіленген «қызыл жолақ» (жайылымдары) тарылып қалды. Аудандағы елді мекендердің «қызыл жолағын» кеңейту үшін қосымша 36 483,8 гектар жер қажет. Елді мекендердегі малды сыртқа шығарып бағу туралы көптен бері айтып келеміз. Ауыл тұрғындары əзірге келіспей отыр. Осы жерде ауылшаруашылық кооперативтері арқылы ауылдағы малды сыртқа шығаруды ұйымдастыруға болады. Сонда елде жайылымға деген сұраныс азайып, ауылдың тазалығы да біршама қалыпқа келер еді. Кооператив құрып, жер алғысы келген азаматтарға ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде ауданда қызмет жасап тұрған кооперативтерге сұраған жерін беріп отырмыз. Бір өкініштісі, олар сол жерді мақсатты пайдалана алмауда. Мысалы, аудан орталығында ірі қара бес бағытта, қой-ешкі тоғыз бағытта бағылады. Ойша есептей беріңіз, қанша мал бар екенін. Ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысы тек малға бұқа, қошқар қосып, бақташылар жалдаумен ғана шектеліп отыр. Ол малдың ішінде аналықтан басқа мал да толып жүр. Осыдан мал басын асылдандыру жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.

– Кооперативтер қарамағына өткен малға субсидия төлеу туралы айта кетсеңіз?

– Ауданымызда құрылып, жұмыс істеп тұрған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің дені аталық жəне аналық малға төленетін субсидияларды толығымен алып отыр. 2020 жылы 201 млн. 757 мың 200 теңге төленсе, биыл да құжаттарын тапсырып, қаражаттарын алып жатыр. Даудың басы осы субсидиядан шығып отыр. Кооператив мүшелері арасында ашықтық жоқ. Дұрысын айтқанда, мүшелер алдында есеп берілмегендіктен, түсінбеушілік туындайды. Кооперативтердің кейбірі жыл аяғында аналыққа төленетін ақшаның бір мөлшерін мүшелерге төлесе, кейбірі тіптен бермейді. Ал нақты ішкі аудит, есеп жұмыстары жоқ деуге болады. Осыдан кейін халық сенімсіздігі пайда болып отыр. Ал ауыл шаруашылығы кооперативі туралы заңды оқып қарасақ, əрбір ауылшаруашылық кооперативінің ішкі құрылымдары (құрылтайшысы, қауымдастық пен мүшелері) болуға тиіс. Сонымен қатар кооперативтердің жалпы жиналысы да өткізілмейтіні туралы шағым көп. Осы аталған жұмыстар реттелмейінше, кооперативтердің ісі алға баспайтыны анық.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Қайрат ЖАҚЫП