8.09.2021, 15:32
Қараулар: 58
МЕРДІГЕРЛЕР ЖҰМЫСЫ СЫНҒА ІЛІКТІ

МЕРДІГЕРЛЕР ЖҰМЫСЫ СЫНҒА ІЛІКТІ

8 қыркүйек күні облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев ауданымызда жұмыс сапарымен болды. Аймақ басшысының орынбасары Казталов ауылындағы Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектептің және екі қабатты қос тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.

Темірхан Жалғасұлы 600 орындық білім ордасының құрылыс қарқыны мен сапасын сынға алды. Нысан құрылысына жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС өкілдерінен құрылыс материалдарының сапалы болуын және жұмыстың оңтайлы жүргізілуін талап етті. Тек ғимарат қана емес, жобаға енгізілген абаттандырудың басталмағанын да назарға алып, жұмысты жеделдету керектігін атап өтті. Жылыту қазандығының да құрылысы мардымсыздығын тілге тиек етіп, мердігерге сын-ескертпелерді ескеріп, түзетуді тапсырды.

– Мемлекет қаражат бөлді. Жұмыс қарқыны төмен. Мердігерлерде азаматтық жауапкершілік жоқ. Сіздер ауыл балаларының сапалы білім алуы үшін мектеп құрылысын жүргізудесіз. Бұл білім ошағының құрылысы уақытында бітіп, оқушылардың заманауи ғимаратта сапалы білім алатыны жөнінде облыс, аудан әкімдерінің халыққа берген уәдесі бар. Уәденің орындалуы қазіргі уақытта мердігерге байланысты болып отыр. Сын-ескертпелерді ескеріп, жұмыстаныңыздар. Біз мемлекет тарапынан құрылыстың сапалы әрі қарқынды жүргізілуі үшін тиісті жұмысы атқарудамыз. Бірақ сіздердің тарапыңыздан мардымды жауап байқалмайды, – деді Темірхан Жалғасұлы.

«Жиенбай» ЖШС мектеп құрылысын желтоқсан айында аяқтайды деп жоспарланған. Бірақ жұмыстың баяу жүргізілуі салдарынан оқушылардың жаңа білім ордасына қашан қадам басары белгісіз. Облыс әкімінің орынбасары осыған қатысты құрылыс басқармасына да тиісті тапсырмалар берді.

Аудан орталығындағы құрылысы кешеуілдеп жатқан нысанның бірі – екі қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй. Жоспарға сәйкес нысан осы жылдың қазан айында пайдалануға берілуі керек еді. Әйтсе де мұнда да жұмыстың ілгерілеуі байқалмайды. Мердігер «Нұр-Болашақ» ЖШС өкілдері жұмысшы тапшылығы мен құрылыс жабдықтарының кеш жеткізілуі жұмыс қарқынына кедергі келтіруде деп ақталды. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің ішкі қабырғаларын сылау аяқталған. Алдағы уақытта терезелері қойылмақ. Мердігерге тұрғын үй құрылысы белгіленген мерзімінен асар болса, заңды түрде шара қолданылатыны ескертілді.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ