7.09.2021, 9:02
Қараулар: 22
Семей полигоны – Қазақстанның ядролық қасіреті

Семей полигоны – Қазақстанның ядролық қасіреті

1991 жылы 29 тамызда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны ресми түрде жабылды. Кеңес Одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізген. Полигонға жақын маңдағы елді мекен тұрғындары әлі күнге дейін радиация әсерінен туған аурудан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады. Жергілікті халық өзін «сынақ материалы» деп атайды.

Семей ядролық сынақ полигоны (сынақ кезінде КСРО Қарулы күштері министрлігінің №2 оқу полигоны деп аталған) – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Оған төрт миллион халқы бар Кувейт елі сыйып кетеді екен. Қазақстанның қазіргі картасына қарасақ, полигон Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатыр.

АждаҺадай ажал зәрін сепкен Семей ядролық полигонында өзінің әскери борышын өтеген, қызмет еткен азаматтар біздің ауданда да көптеп саналады. Аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, осындай 57 адам тіркелген. Ядролық полигонның тікелей зардабынан олардың сегізі мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Ал келместің кемесіне мініп кеткені қаншама?! Семей полигонында әскери борышын өтеген Казталов ауылының тұрғыны, аудандық «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамдық ұйымының төрағасы Жаңбыршы Мүтиевті жерлестері жақсы таниды. Сол зұлматтың тірі куәгері, бүгінде зейнет жасындағы Жаңбыршы ағамыз туралы жазуды жөн көрдік.

Жаңбыршы Мүтиев 1951 жылы 17 наурызда Казталов ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектепті бітірген. 1969 жылдың шілде айынан бастап Мәскеу қаласындағы әйгілі «Лихачев» зауытында еңбек етіп, «ЗИЛ-130» маркалы машина жасауға қатысқан. 1970 жылы әскер қатарына алынып, 1972 жылға дейін борышын өтеп, елге оралған. Әскерден келгеннен кейін 22 жылдай аудандағы ММС (машинно-мелиоративная станция) мекемесінде жүргізуші, мұнай базасы меңгерушісі болып жұмыс істеген. 2013 жылдан бастап Казталов аудандық «Ерекше Тәуекелді Солдаттар» қоғамының төрағасы. Бүгінде зейнеткер. Отан алдындағы еңбегі бағаланып, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Семей полигонының жабылғанына 20, 25, 30 жыл», Бауыржан Момышұлының «Қызыл жұлдыз» және «Талғат Бигелдинов» медальдарымен марапатталған.

Жаңбыршы ағамызбен кездесіп, әңгімеге тарттық. Семей полигоны туралы сұрағанымызда, табиғатынан көңілшек ағамыз көзіне жас алып: – Айналайындар, бұндай пәлекеттен елімізді аулақ қылсын! Ол күні біз жалындаған жас едік. Әскер қатарына алынғанда қайда бара жатқанымызды білген де жоқпыз. Бізді Семейдің Григорьевка деген ауылына алып келді. Сол жерде сынақтан қалған алаңдарды тазалап жүрдік. Оның залалы мен зардабы туралы ойламаппыз. Бірақ көзімізше сол жерде ажал құшқандар көп болды. Кейін түсіндік қой. Қазір ядролық қаруды сынақтан өткізу біржола тоқтатылды деп етек-жеңімізді кымтағанымызбен, сол жарылыстардың соңында шұбырып калып қой ған зардабы еңсемізді тіктеп көтеруге өлі де мұрша бермей келеді. Ядролық қаруды қолдану өз алдына, оны жай ғана сынақтан өткізудің адамзатқа қаншалықты залал-зардабын тигізетінін сондай жарылыстарға қатысып, аждаһаның соңында қалған қалдықтарын жинаған адам ғана біледі. Өкінішке қарай, Семей полигонындағы жарылыстардың құпиясы күні бүгінге дейін толық ашылған жоқ. Ал ағзаны улаған радиациянның залалы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді, – деп мұңая жауап қатты.

Иә, Семейдегі сынақ полигондары жабылғанымен, оның соңында түйіні тарқатылмаған көптеген мәселе қалып қой ды. Топырағын радиация тоздырған сол өлкеде халық әлі де өмір сүріп жатыр, барына қанағат, жоғына салауатын айтып, өле-өлгенінше шүкірге тоймайтын қарапайым қалың жұртшылықтың арасында арман-мұңын ішіне түйіп, мына өмірден елеусіз қалпында өтіп жатқаны қаншама. Денеге сіңген дертті азын-аулақ бір жолғы өтемақы төлеумен емдеп жазуға бола ма, ойлап көрсең біртүрлі күлкілі. Оның өзі де алқалы жиындарда оқта-текте айтылып қалғанымен, соңы сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген судай болып кетеді. Бәрінен ғажабы, кезінде сол полигонда әскери міндетін өтеп, тілсіз тажалмен арпалысқан жауынгерлер туралы тіпті көп айтыла бермейді. Оның өзі де анда-санда еске алынғанымен, ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатына қатысқандардың тасасында қалып қояды. Егер рас болса, кезінде қазақ даласына ат басын әдейілеп бұрып келген жапон ғалымдары Семей полигонында жасалған ядролық сынақ апаттарының халыққа тигізген залал-зардабын өздеріндегі Нагасаки мен Хиросима қалаларының басындағы қасіреттен асыра бағалапты деген әңгіме бар. Бұл – сырт көздің көңілге түйген сыры, жаттың көзқарасы.

Ел-жұрттың есін шығарған Семей полигонына Приозерск мен Байқоңырды, Атырау мен Батыс Қазақстан облысының аймағындағы Капустин Яр, Азғыр сынақ алаңдарындағы жантүршігерлік жарылыстарды қоссаңыз, қазақ халқын қаумалаған касіреттің нақты сұлбасы алдыңыздан кесе-көлденеңдеп шыға келері сөзсіз.

Қайрат ЖАҚЫП