7.09.2021, 8:57
Қараулар: 21
СӨМКЕНІҢ СЫРЫН ҰҚҚАН ІСКЕР БАСШЫ

СӨМКЕНІҢ СЫРЫН ҰҚҚАН ІСКЕР БАСШЫ

Бірнеше күн  бұрын әлеуметтік желіге сөмкенің суретін жүктеп, қай шебердің қолынан шыққаны туралы қалың оқырманға сауал тастаған болатынбыз. Не болса да көздің жауын алатын бұл сөмкелер білдей мекеме басшысының қолынан шықты дегенге көбіміздің сене қоймасымыз анық. Әлбетте, оқырман пікірі тараптарға бөлініп, нақты кім екенін біраз адам біле алмады Алғашында біз де таңырқай қарап, сенбестік танытқан едік. Алайда қандай лауазымдағы басшы болса да, таңдай қақтырған дүниесін көзбен көрудің өзі бөлек екен. Иә, Қосөзен елі он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Мәселен, қыз жасауы, білезіктер тоқу, тағысын тағы. Бірақ сөмке тігетін жан туралы алғаш естуіміз. Бір қызығы, біздің кейіпкеріміз жаһанға жар салмай, өз ісін үнсіз және мінсіз атқара беретін жан.

 

Біз жасырып жүрген емес, жалпы бәрімізге жасырын болған әдемі сөмкелердің авторы – Казталов аудандық орталық кітапхана директоры Гүлдана Дәулетова. Шын мәнісінде, Гүлдана Хамитқызын көпшілігіміз тек басшы және халық қалаулысы ретінде білеміз. Ол бұдан бөлек тігін машинасының тілін бес саусақтай меңгерген шебер. Халқымыздың «Шебердің қолы ортақ» деген мәтелі осы кісіге арнап айтылғандай. Біздің кейіпкеріміз жұмыстан тыс кезде белгілі бір іспен айналасуға болатынын көрсетсе керек-ті. Гүлдана апаның шаңырағы құдды бір шеберліктің мектебі іспеттес. Үстел үстінде қаз-қатар тізілген сөмкелер, көрпешелер, тағы да басқа бұйымдар. Руханият саласында қызмет ете жүріп, қолөнерге бар болмысымен төселгені байқалып-ақ тұр. Он саусағы майысқан шебердің келістіріп тіккен сөмкелері мен жасаған бұйымдары көздің жауын алып, еріксіз таңдай қақтырады. Қиялға ерік берген ісмердің дәл осы өнермен айналысқанына 14 жылдай уақыт болған. Алайда кейіпкеріміз ине мен жіпті жанына бала кезінен серік еткен. -2007 жылы тігін машинасын алдым. Содан жайлап киімдерді қысқартып, кішкентай заттарды тіге бастадым. Былтырдан бастап осы сөмке тігуге шабытым ашылды. «Неге сөмке тігіп көрмеске?» деген сұрақ туындады. Сөйтіп, сөмке тігуді үйрететін шеберлік сабақтарын іздестіріп, қатыстым. Кейбір заттарды алып, тәуекел деп істі бастап кеттім. Алғашқы тұтынушым – жолдасым. Ақшасына екі сөмке сатып алды. Күні бүгінге шамамен 12 сөмкені тапсырысқа тіккен екенмін. Бұл іс жаныма жайлылық, көңіліме қуаныш сыйлайды. Сондықтан да хоббиім ретінде қарастырдым. Әлі күнге дейін алып келетін табысты емес, өзіме, біреуге сыйлайтын қуаныш сезімін бірінші орынға қоямын. Нәзік жандының келбеті мен киім киісіне, жүріс-тұрысына ерекше әдемілік әкелетін сөмкелерге «GH» деген атау беруді жөн санадым. Әр сөмкені тігіп шығуға уақыт кетеді. Оның стилі, дизайнының күрделілігі маңызды. Жалпы, бір сөмкені 1-2 күнде тігіп шығуға болады. Шығынға келер болсақ, ол да сөмке дизайнының күрделілігіне тікелей байланысты. Әр бұйымға әртүрлі материал қолданылады. Тапсырыс бойынша түрлі сөмке тігеміз. Бағасы 8000 мың теңгеден басталады. Ерінбей еңбек еткеннің ғана бағы жанады, -дейді өз сөзінде ісмер.

Гүлдана Хамитқызының қолынан шыққан дүниелер – мақтауға тұрарлық өнер туындысы.Кәсіби шеберлерден асып түспесе, кем емес. Өз қолөнерімізді ұлттық деңгейде брендке айналдырып, дамытсақ, шетелдіктерден де кем түспейтініміз анық. Бойында кісілік пен кішілігі, шеберлігі қатар үндесіп, он саусағынан өнер тамған басшының туындыларына тәнті болдық.

 

Жұлдыз АСҚАР

Казталов ауданы