18.08.2021, 16:37
Қараулар: 33
Тазалық үшін табан тоздырғандар

Тазалық үшін табан тоздырғандар

Менің анам мектепте кіші қызметкер. Кішкене кезден анамыздың жұмысын көріп өссек те, балалықпен аса мән бермеуші едік. Қазір ойлап отырсақ, сол кездегі жұмысының қиындығын тіпті сезініп те көрмеппіз-ау! Қарбалас қара жұмыс кім-кімді болмасын қажытып жібереді. Жалпы, мектептегі кіші қызметкерлер – қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамай еңбек ететін қайратты жандар. Бейнеттің ауыртпалығына мойыған жоқ. Тіпті олардың ақпанның аязында сырттағы қарды болар-болмас ерітіп, еден жуғанын көретінбіз. Көктем мен күздің жаңбыры қиындық туғызса да, көрсетпеуші еді-ау! Қара жұмыстың ортасында қайнаған осындай аналарымызды еңбек ерте есейтті. Расында, еленбейтін жұмыс болса да еңбегі зорын, қиындықпен келетін жолын олар білген ғой. Бұл тазалықтың жолында қаншама әйел адамның ізі жатыр десеңізші?!Әлбетте, күнделікті күйбең тірлікте адам баласы қарапайым қызметкерлердің қызметі мен орнын қаншалықты маңызды екенін аңғара бермейді. Меніңше, ең адал әрі ауыр жұмыс істейтін – тазалықшылар. Олар таң атқаннан кеш батқанға дейін сіз бен біздің таза жерде жүріп-тұруымызға септігін тигізуде. Ондай адамдар қандай құрметке де лайық. Ол іс үлкен болсын, кіші болсын, қалай еткенде де жұрттың көз алдында. Осы орайда біздің қоғам ескере бермейтін қарапайым еңбек адамдары жөнінде мақалаға жазғанды жөн көрдік. К. Меңдәлиев атындағы мектептің кіші қызметкері Клара Жұмағазиева өз қызметі жөнінде былай дейді: – 1993 жылдан бастап К. Меңдәлиев мектебінде кіші қызметкер болып қызмет атқарып келемін. Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді. Жұмыстың бөліп-жаратыны жоқ. Қара жұмыс болса да маңдай терімізбен 28 жыл бойы адал атқарып келеміз. Осы уақыт аралығында алты басшымен қызметтес болдым. Барлық басшымыз талапшыл, әсіресе, тазалыққа келгенде жауапкершілік жоғары болатын. Білім орталығы болғаннан кейін оқушылардың екі аяқ киіммен келуі, әр сыныптың және бөлмелердің таза болуы бізге байланысты. Тазалық бар жерде береке бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Мейлінше өз жұмысымызды жауапты атқаруға тырысып жатамыз. Қазір кейбір мектептердің есік, терезе, едендері жаңартылған. Сол себептен де қиынға соқпайды. Бұрын балалар мектепке бір аяқ киіммен келеді. Ең алғашқы жылдары лайсаң кезде ағаш еденге түскен балшықты күрекпен тазалайтынбыз. Қазір бәрі айнадай жарқырап жатыр. Сағат 8.00-1.35 уақытында жұмыс істеп, сегіз кабинетті жуамыз. Қайырымдылық марафоны аясында мектеп оқушылары бір күн бойы бізге қолғабыс жасап, тазалық жұмысын атқарады. Еңбекке баулу мақсатында ұйымдастырылатын игі істе балаларымыз жұмысымыздың ауырлығын, қиындығын түсінді. Жаз айы – жұмыстың нағыз қызатын уақыты. Әктеп, сырлауды бір кісідей атқарып келеміз. Бұдан бөлек, әр аптаның жексенбісінде тазалық жұмысы жүреді. Марқұм жолдасым Қайрат екеуіміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Шүкір, қалтқысыз бір жерде табан тіреп атқарған жұмысымнан биыл зейнеткерлікке шығамын. Шынайылық пен адамгершіліктің, тазалық пен парасаттылықтың белгісіндей болған кейіпкеріміз әр күніне шүкіршілік қылады. Адал еңбек иесі қоғамға қызмет ету тек таза киініп, тікесінен жүруде емес, өз ісіңді адал атқаруда деп біледі. Тазалыққа жаны құмар анамыз кіші қызметкерлердің жалақысын өсірсе деген тілекте. Тазалықшылар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған мәліметтерге сенсек, шет мемлекеттерде еден жуушыларды ең адал жұмыс істегені үшін баса назарда ұстайды екен. Мәселен, АҚШ тазалықшылары ең құрметті лауазымға ие. Тіпті ай сайын алатын жалақылары да жоғары. Онымен қоса, олардың денсаулығы үшін барлық жағдай жасалған. Қарапайым адамдардың өзі американдық тазалықшыларға ерекше құрмет көрсетеді. Оны көше тазалығының өзінен-ақ аңғаруға болады. Көшеден кез келген адам көрсеңіз, тазалықшыларға әрқашан көмектесіп, аптап ыстықта оларға су әкеліп әуре болып жүргенін аңғарасыз. Ал бізде қалай?! Біздің қоғам ондай жандарға құрмет көрсетуден ада. Жасыратыны жоқ, еден жуатындармен де, қара күйе болып жүріп от жағатындармен де байланыс құруға намыстанатындар бар арада. Кейбірі қолына шүберек ұстаған адам көрсе, мұрнын шүйіріп алыстан қашады. Тіпті ата-анасы қара жұмыс істеп, еден жуып, от жаққанына балалары ұялады. Олар үшін адал еңбектен гөрі қоғамның ой-пікірі маңызды. Демек қоғамның техникалық қызметкер лерге деген көзқарасын өзгерту керек. Бейнетпен бел жазбай жүрген тазалықшыларға арнайы мереке белгілеп, құрмет көрсетуді қолға алсақ, олардың да мерейі артып, ата-анасы үшін балалары да мақтанар ма еді?! Кім білсін?! Осындай еңбек адамдарының мәртебесін неге көтермеске? Отбасын асыраймын деп күнкөріс қамы үшін жүргендерге көңіл бөлінуі керек секілді. Халықтың қамы үшін елдің кірқоңын тазалап жүрген еден жуушылар үлкен мәртебеге ие. Мұғалімдердің де, дәрігерлердің де дәрежесін көтеріп, оңтайлы жағдай жасағандай, неге еден жуушыларға назар аудармасқа? Тым құрыса әр мекеме басшылары кем дегенде жылына бір рет өз қызметкерлеріне емдік шипажайға тегін жолдама беру мәселесін көтерсе, нұр үстіне нұр.Әр басшы өзінен бастап кіші қызметкерлерге құрмет көрсетсе, олардың дәрежесі ешқашан төмен түспейді.

P.S. Тозығы жеткен мектеп ішінде ақ жаулықты ана сылағы түскен қабырғадағы картинаны сүртіп, қытырлаған еденді еңкейіп жуып келеді. Оның қасынан сықиып, сәнденіп киінген, баласымен жасты ұстаз мұрнын шүйіріп өте шықты. Көңілін мұң басқан ананың балаша жәудіреген жанарына ұзақ қарадым. Бір кем дүние…

 

Жұлдыз АСҚАР,

Казталов ауданы