14.08.2021, 17:54
Қараулар: 36
АДАЛДЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН АБЗАЛ ЖАН

АДАЛДЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН АБЗАЛ ЖАН

Адам жаны қысылған сәтте араша болатын – дәрігер. Бүгінгі кейіпкеріміз де талай жанның өміріне араша болып, талайдың жанын күйзелткен дертінен айықтырды. Скальпель ұстап ота жасау, басшы болып аурухана жұмысын жетілдіру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Әйтсе де кейіпкеріміз ауданымызға келгелі аудандық аурухана жұмысына жан бітті. Ол аудандық аурухана директорының м.у.а., ІІ санатты хирург-дәрігер – Зинұр Жүсіпұлы Сәткеш.

Жас маман 1990 жылдың 29 наурызында Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Жалпақтал ауылындағы К.Меңдәлиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің табалдырығын аттап, 2008 жылы он бір жылдық білім алып шықты. Дәрігер Зинұрдың ақ халатты абзал жан атануына сол бала күнгі арманы, мектеп қабырғасында жазған шығармасы түрткі болыпты. Бұл жөнінде дәрігердің өзі былай деп еске алады:

«Бала кезімде, шамамен 5-6-сыныпта оқып жүргенде мұғаліміміз «Мен кім болғым келеді?» деген тақырыпта шығарма жазуға тапсырма берді. Менің әкем саясаткер болды. Ол кісі маған Президенттен бастап, Үкіметті түгендеп, облыс, аудан басшыларының есімдерін, лауазымдарын жаттатып қоятын. Солардың қатарында хирург Мұхтар Әлиевтің де есімі аталды. Мұхтар Әлиев сол уақытта Қазақстандағы ең білікті хирург еді. Мен ол туралы ақпараттардан хабардар болып, сол секілді хирург боламын деп армандайтынмын. Шығармама арқау болған тақырып осы. Содан ақ параққа түскен арманымды орындауға шешім қабылдадым.

Мен сабақ аяқталған соң анама баратынмын. Анам ол кезде аурухананың гинекология бөлімінде кіші қызметкер болып қызмет атқаратын. Анама барғанда Асқар Карлұлы, Иван Иванович сынды дәрігерлерді көруім арманымның жүзеге асуына сеп болды. Бірақ хирург-дәрігер боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Армандап қана жүрмін ғой дейтінмін. Дегенмен мектеп бітірген соң мақсатыма қол жеткізу үшін тәуекелге бел буып, артқа шегінбедім».

Міне, арманның орындалатынына куә болып отырмыз. Бала Зинұрды арманы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне жетелеп, 2008- 2013 жылдары «бакалавр» академиялық атағы, 2013-2015 жылдары «интернатура» атағымен оқуын тәмамдаған. Ал еңбек жолын 2015-2018 жылдар аралығында №2 Казталов аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған. 2018 жылы Орал қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханада дәрігер-хирург, кәсіподақ төрағасы қызметтерін атқарды. 2021 жылдың наурыз айынан бастап Казталов аудандық ауруханасы директорының міндетін уақытша атқарып келеді.

Жас маманның келуі аудандық аурухана тіршілігін жандандырды. Хирург-дәрігердің ықпалымен мұнда 38 ота, оның ішінде 20-сы өт-тас ауруы, шап жарығы аймағы, аяқтың варикозы диагнозымен жоспарлы түрде, 18 ота жедел түрде жасалды. Жоспарлы оталар бас дәрігердің арқасында Орал қалалық көпбейінді ауруханасы мамандарымен бірлесе отырып жасалуда. Сонымен қатар ауруханаға жаңа операциялық үстел, ота жасау бөлмесіне арналған жарық шам, тыныс алу жолдарының интубациялық бейнеларингоскопы, кардиотокография сынды жаңа құрылғылар сатып алынды. Адалдық, әділеттілік, қарапайымдылық сынды ұстанымдарды ұстанатын маманның дәрігер мамандығы жайлы пікірі де ерекше.

– Дәрігер өз мамандығын жетік білуі керек. Жақсы маман иесі боламын деген адам менсінбеушілік, өркөкіректік, тәкаппарлық сынды қасиеттерді бойынан ысырып, өзге қасиеттерге орын беруге тиіс. Сонда ғана ол мақсатына жетеді. Жалпы, тек дәрігер ғана емес, барлық мамандық иесіне сондай болмақ керек, – дейді ол.

Адалдықты ту қып ұстаған дәрігердің қызметіне үзеңгілес достары да, қызметтес әріптестері де, ауылдастары да риза.

«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ:

– Зинұр Сәткештің біліктілік, белсенділік қабілеті, қоғаммен ашық диалог жасауға бейімділігі пандемия кезінде ерекше көрініс тапты. Ол елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері жауапкершілігін еселей отырып, өз еркімен жұмыста қалған қызметкер. Еске сала кетейік, өткен жылдың 24 сәуірі күні «Тенгиз Шевройл» компаниясында вахталық режимде жұмыс істейтін Батыс Қазақстан облысының 279 тұрғыны үйлеріне қайтарылып, 14 күн станционарға жатқызылуы керек болды. Сол кезде жұмысшылар тарапынан қарсылық болып, медициналық тексеруден бас тартқан еді. Аталмыш станционардағы қабылдаушы хирург-дәрігер Зинұр Сәткеш болатын. Өз ісін әркез адал, ұқыпты орындайтын жас хирург сол мезетте жұмысшыларды қабылдап, ашық диалог жасап, оларға ахуалды түсіндіріп, өзара түсінісіп, толық анализ-тексеріс жасауға мүмкіндік алды. Халық алғысын арқалап, науқастардың басы-қасында жүрген Зинұр Жүсіпұлы аз ғана уақыт ішінде өзін жан-жақты көрсетіп, қабілет-деңгейін дәлелдей алды.

Өз кезегінде ақ халатты абзал жан кәсіподаққозғалысындағы белсенді әрекетін жалғастырып келеді. Кәсіподақ тарапынан бастау алған «COVID-19. Қауіпсіз еңбек» акциясына қолдау көрсетіп, мониторингтік-ақпараттық түсіндірме жұмысына үлес қосуда. Денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбегі үшін «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдай бойынша Казталов ауданы «қызыл аймақ» тізімінен шықпай отыр. Бұл орайда Зинұр Сәткеш – жауапкершілігін алға тартып, тұрғындармен жиі диалог жасап, дәрігерлік қызметін адал атқарып жүрген жанның бірі.

Орынша ҚАБЕНОВА, Көмекші елді мекенінің тұрғыны:

– Көптен бері өтімдегі тас мазалап жүрген болатын. Кейін шешім қабылдап, аудандық ауруханада ота жасаттым. Жағдайым жақсы. Аурухана басшысы Зинұр Сәткешке және ұжымға алғыс айтамын. Зинұр балам күнде жағдайымызды біліп, жылы сөзімен жанымызға демеу болып жүреді. Бұл – нағыз басшыға тән қасиет. Оның басқарып отырған ұжымы да көңілге кірбің түсірмей, адал қызмет етуде.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ