14.08.2021, 17:51
Қараулар: 40
Жолыңнан жаңылма, жүргізуші!

Жолыңнан жаңылма, жүргізуші!


Аудандық соттың мәліметіне сүйенсек, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабымен өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 17 адам жауапқа тартылған болса, биылдың өзінде 24 азаматқа әкімшілік жаза қолданылған. Оның ішінде 16 адамға 15 тәулікке қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік айдау құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалыпты. Шынтуайтында, осындай жүргізушілердің кесірінен екі күннің бірінде орын алып жатқан жол апаты біреудің жанын жәһаннамға жөнелтсе, енді біреуді мүгедектік күйге түсіріп, өмірін өкінішке қалдырып келеді. Естір құлаққа ерсі тиетін осы бір қара жол бойындағы қасіретті жағдайлар азаймай тұр. Әлемде әр 10 секунд сайын ащы судан шамамен бір адам көз жұмады екен. Ал осы ащы суды ұрттап алған жүргізуші тізгіндеген «темір тажалдың» кесірінен қаншама жақынымызды жоғалттық десеңізші. Кейде санаға сан сауалды сыйғызып, тұман ойдың жетегіне ілесесің. Өмірде бәріміз жақсылықтың жолымен ғана жүргіміз келетіні анық. Ертеңгі таңнан күтер үмітіміз де көп-ақ. Тіпті болашақты болжап та тастаймыз. Бірақ тағдыр алдымыздан қандай «тосынсый» дайындап қойғанын біле бермейміз. Өзімізді мәңгі өмір сүретіндей көреміз. Осылайша асығып, ажалдың «құрығына» ілігеміз. Әлбетте, бәріне байыппен қарап, әр күнімізді «Бисмиллямен» бастасақ, бағытымыздан адаспас едік. Жолымыздан жаңылмас едік. Тағдырымызды талқандамас едік. Бәлки, біз бен сіз ойлағандай бәрі жақсы болар ма еді?! Асығып, аптыққан тіршілік соңы қайғымен аяқталатынын кім білген?! Өмір сапарында жадырап жүрген бес тағдырды темір тұлпар өлім сапарына аттандырды. Сол күні ашық аспан қара бұлтпен түнерді. Адамзатты қарашаның қара суығы емес, қайғысы тоңдырды. Ана баласын, бала анасын, жар азаматын, немере атасын күткен күн еді. Ешкім қара шаңырағына қайтып оралмады. Сол күлкі, сол дауыс, сол жанар, сол сәт көңіл пернесінде, жүрек түкпірінде мәңгілік қалып қойды. Дірілдеп, кібіртіктеп, үзілген соңғы үн…

– Құлыным! Атаңа хабарласып, қай жерде екенін сұрай қойшы.
-Қазір, анашым! Баласы телефон тұтқасына жүгіріп, атасына хабарласты.
Ата, аташым! Сізді сағындық! Қай жердесіз?
-Ау, ботам! Жақындадық. Кішкенеден соң жетеміз.
-Жақсы, атам менің! Мен сізді күтемін. Бірге ойын ойнаймыз.
Жақсы ма, ата? Ата, а-та, аа-та, ааа-тт-аа! Тыңк-тыңк-тыңк (байланыс үзілді).

-Алло, анашым! Қалдеріңіз қалай? Мен жолдамын.
-Қызым, жүрегім! Әкең екеуіміз күтіп отырмыз. Сенің жақсы көретін тамағыңды дайындап қойдым.
-Рақмет, анашым! Жақсы көремін сіздерді…
-Біз де жақсы көреміз сені. А, айтпақшы қай жердесің, қызым? – А-а-а-а-н-а-а-ш-ы-м!
Тыңк-тыңк-тыңк (қоңырау үзілді).

– Қызым, анау жерде тұрған телефонымды алып, әкеңе хабарласа қойшы. Сосын дауысын шығара ғой. – Міне, анашым! Қоңырау ұз-а-ақ барды. – Алло! – Алло! Қайдасыз, азаматым? – Қайдасыз, әкешім? Бізге тезірек келіңізші.
-Иә, қызым! Ертең барамын.
-Жақсы, сіздің қайда екеніңізді білейін деп хабарластым. Аман-есен жетіп алыңыз.
– Жақсы. Беттерінен сүйіп қой балаларымның.. Тыңк-тыңк-тыңк (байланыс үзілді).

– Алло, балам! Мен жақындадым. – Анашым! Жолыңыз болсын! Сізді күтіп отырмыз. – Жақсы, ба-а-а-лам! Ба-аа-лам! Тыңк-тыңк-тыңк (қоңырау үзілді).
Үзілген тағдырлар… Күн батып бара жатыр… Бес тағдырдың рухы көкке көтерілді. Сағыныш. Аңсау. Күту…
P.S. Тағдыр сені ең жақын адамыңнан айырғанда беймәлім өмір мен бүгінгі тіршіліктің арасын жалғап тұрған жалғыз жіп те үзіледі. Өкінішті… Бір-ақ сәтте сіз күткен жақыныңыз мына уы мен шуы, қуанышы мен қайғысы мидай араласқан тіршілікпен осылай қоштасады. Ызғыған темір тұлпар өлім межесіне жетуге асығып барады… Жолыңыздан жаңылмаңыз, жүргізуші!
Жұлдыз АСҚАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар