5.08.2021, 19:54
Қараулар: 76
Айналамыз Авгейдің «атқорасына» айналмасын десеңіз…

Айналамыз Авгейдің «атқорасына» айналмасын десеңіз…

Бүгінде әлемді алаңдатып отырған мәселе – қоршаған ортаны және экологияны сақтау. Адамзат қолымен Жер-Ана қоқыс алаңына айналып қана қоймай, теңіз, мұхиттар да қоқыс қалдығына толуда. Ал бұның зардабы өте қатерлі болатынын ғалымдар қазірдің өзінде айтып жатыр. Иә, адамдар айналасын бүлдіруден қалысар емес. Қай жер болмасын көретініміз – қоқыс, тұрмыс қалдықтары. Осы мәселені қозғағанда өткен уақытта республикалық газетте жарияланған мына бір жағдайды еске салғым келеді. Сонау 90-жылдардың аяғында Еуропадан келген екі турист Шығыс Қазақстан жағын аралапты. Содан далада мал бағып отырған бір малшының үйіне келіп қонып, аттанарда екі қапшықты малшыға тапсырып «қайтар жолда алып кетеміз» депті. Бір ай өтеді, екі ай өтеді, келмеген соң әлгі малшы қапшықты ашып қараса, тұрмыс қалдықтары екен. Міне, мәдениеттілік! Олар жол сапарында өздері пайдаланған тұрмыс қалдықтарын далаға тастамай, жинап жүруінің өзі Еуропаның қоршаған ортаға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын байқатады. Бірақ мойындайық, мойындамайық, халқымызда бұндай жауапкершілік әлі жоқ. Жыл сайын көктем шыға сенбіліктер ұйымдастырылып, бір тазарғандай боламыз. Содан кейін жаз бойы қоқыс-соқысымызды шашамыз-шашамыз да, күзде тағы бір жинауға шығамыз. Сонымен, тазалық жұмыстары бітеді, жайбарақат айналаны шашуға, бүлдіруге көшеміз. Күн сайын айналаны тазалап отыру біздің санамызға тіпті сіңбей қойды. Атқарушы органдардың жаз, күз айларында бас қатыратын жұмыстарының бірі – осы тазалық мәселесі. Тұрғындар ауыл тазалығын атқару органдарының міндеті деп санап, бұны солардың мойнына апарыпіліп қояды. Көзіміз көріп жүргендей еңбек биржасы арқылы жұмыс жасап жүргендер таңның атысы, күннің батысында қол аяғы балғадай тұрғындардың үйінің алдын тазалап жүреді. Негізінен олардың жұмысы қоғамдық орындардың айналасын ғана жинау болып табылады. Соңғы жылдары аудан орталығында тазалық сақтау үшін тұрмыс қалдықтарын салатын контейнерлер орнатылды. Бірақ сол контейнерлердің айналасына ұшқан түрлі қалдықтар ауылды одан әрмен бүлдіре түсуде. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды контейнерге салмай, жанына лақтырып, шашады. Дегенмен ауыл тазалығын сақтауда бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтуға тиіспіз. Соның айғағындай 2020 жылдың қаңтар айынан бастап тұрмыс қалдықтарын жинап, ауыл тазалығын сақтау мақсатында Мержан Шамғоновтың жетекшілігімен «Айқын» жеке кәсіпкерлігі құрылды. Бүгінде жұмыстарын бірқалыпты жүргізуде. Мержанды әңгімеге тартып, тілдестік.

-Өткен жылдың қаңтар айынан бастап осы жұмысты қолға алдым. Қазіргі таңда 34 көшеге контейнер қойылса, енді 6 көшеге орнату жоспарда тұр. 2013 жылы техникалық станция салып, жеке кәсіп-керлік аштым. Ауыл тазалығын мойынға алғасын жауапкершілік маған жүктеледі. Бес адамды жұмыспен қамтып, олар да өзіммен бірге атқарып жатыр. Шілденің аптап ыстығында контейнердегі қоқыстарды күнара шығарудамыз. Алдымен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаймыз, тағам қалдығын барынша малға беруге қалдырамыз. Тұрғындардан сұрайтынымыз, қалдықтарды контейнерге әкелерде қапшықтардың аузын буып-түйсе, шашылмас еді. Мәдениеттілік өзімізге байланысты. Кешегі айт мерекесінде контейнерлерде садақадан шыққан малдың бас сирақтары, бөлке нандар. «Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің» демекші, тоқшылық замандағы ысырапшылдық қой. Көріністі көре тұра «Обал-ай, астың қадірін түсінуден қалғанбыз» дегеннен басқа сөз таба алмайсың… Тіпті айтуға ұят. Бозоба ауылында да дәл осындай жағдай. Ауыл ішіндегі қоқыс Қараөзенге жетуге қалды десек, артық айтқандық болмас. Қызмет болған соң қиындықтар болады. Халықтан түскен қаржы қызметкерлердің жалақысына, техникаға кететін жанар-жағармайға жұмсалады. Шүкір, шаруамыз алға басып келеді. Тек ауданымыздың жаны жомарт, мәрт атқамінерлері барынша қолдап жіберсе нұр үстіне нұр, -деді жеке кәсіпкер.

Түйгеніміз, қарапайым контейнерге тұрмыстық қалдықтарды салудың өзінде мәдениеттіліктің жетпей жатқанын байқадық. Көгілдір экраннан көріп жүргендеріңіздей, Еуропа елдерінде тұрмыстық қалдықтарды сортқа бөліп, оларды арнайы контейнерлерге салып, пайдаға асырып жатады. Сондай мәдениеттілікті үйренсек, ауылымыз да, ауамыз да, қоршаған орта да таза болар еді. Гомердің «Одиссея» поэмасында айтылған Авгейдің «атқорасына» айналмау өз қолымызда екенін әлі түсінбей жүрміз. Бұған қандай ой қосар едіңіз, ағайын?!

 

Әсем БОЛАТ

Казталов ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар