31.07.2021, 15:27
Қараулар: 83
ТАҢ ҚАЛДЫРУДАН ЖАЛЫҚПАҒАН ТҮРКИЯ

ТАҢ ҚАЛДЫРУДАН ЖАЛЫҚПАҒАН ТҮРКИЯ

Түркияның теңізде демалғысы келетін туристерге жасалатын жағдайынан бөлек, туристерге танымдық мақсатта көрсетері де көп. Мәселен, елдің бай тарихы мен өткеніне саяхат жасауға да мүмкіндік мол. Осы орайда Анталья қаласының айналасындағы Сиде, Перге секілді ескі қалаларына саяхат ерекше ұнады.

Саяхаттың алғашқы күнін Антальяның қақ ортасына орын тепкен ескі қала Каличи ауданынан бастадық. Ескі қала Каличидегі рим императоры Адриананың құрметіне аталған Адриана қақпасы қала тұрғындарының екі мың жыл бұрынғы тарихынан сыр шертіп қана қоймай, ежелгі қаланың көркем сәулетін де аңғартады. Адриана қақпасына жалғасып жатқан ескі қаланың тар көшелерін бойлай жүріп, ескі қала ғимараттарының әлі күнге халыққа қызмет етіп жатқанын көріп таң қалдық. Тіпті сол ескі ғимараттар әлі күнге мемлекеттің мүддесіне әкімдік, Туризм орталықтары ретінде пайдаланылады екен.
Осы тар көшелерді жағалай орналасқан дүкендердегі сан алуан ұлттық бұйымдар, кәдесыйлардың көңілге керемет күй сыйлағаны соншалық қайтатын күні іздеп жүріп, осы аудандағы дүкендерді тауып алуымыз көп нәрсені аңғартатындай. Қала тұрғындарының өзі туристерге бейімделген. Әлгі дүкендердің қайсысына кірсек те шайы мен тәттісін ұсынып, жік жаппар болып, кәдесыйларын бірін сатып алсаң келесісін сыйға беріп, іші бауырыңа кіріп кете жаздайды. Туристерге бейімделген қала тұрғындарының, дүкен иелерінің сырттан келген қонақтарға жақсы әсер қалдыруға барынша тырысатындары байқалады. Сауда да жасап, ескі қаламен танысып, түрік асханасынан дәм татуға да қолайлы жағдай жасалған Калечи ауданы туристерге өте қолайлы мекен.
Анталья қаласынан шықпай-ақ ежелгі түрік тарихымен, мәдениетімен, сәулетімен танысқыңыз келсе Каличи ауданын бетке алсаңыз болғаны…