17.04.2021, 10:49
Қараулар: 238
СОТ ПРОЦЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

СОТ ПРОЦЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

Қазақстан Республикасы — зайырлы мемлекет. Сонымен қатар көп ұлттылығымен де белгілі. Статистикалық деректерге назар аударар болсақ, елімізде 130-ға жуық этнос өкілдері тұрады. Бейбітшілік пен тұрақтылық орнаған заманда бір шаңырақтың астында тоғысқан тағдырлар ел заңына да бағынғанды. Соның бірі – тіл мәселесі.

Еліміз көп ұлтты болғанымен, заңға сәйкес әр ұлттың өз тілінде емін-еркін сөйлеуіне рұқсат етілген. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады» деп тайға таңба басқандай жазылған.  Бұны өзге этностықтар да қабылдап, қазақ тілін үйреніп те, үйренуге ниеттеніп те жүр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да атап өткен болатын: « — Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», — деді.

Мемлекетіміздегі сот отырыстарының көпшілігі қазақ тілінде жүргізіледі. «Көпшілігі» деуіміздің себебі кейбір сот отырыстары арызданушының арызына сай жүргізіледі. Бұған «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы №13-ші Нормативтік қаулысы негіз бола алады. Қаулының 3 бөлімінде «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.  Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті» делінген. Осы тұста сот процесі мемлекетіміздің әрбір азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып жүргізілетіндігін атап өту әбестік болмас.

Соңғы уақытта халық арасында тіл мәселесіне қатысты сан түрлі қауесеттер тарап, қоғамның назарын аудартты. Оған негіз болған көптілділік саясаты. Көптілділіктің мемлекетімізге кері әсерінен, пайдасының мол болатындығын заманымыздың өзі аңғартып тұр. Себебі күллі әлем жұртшылығы халықаралық тілдерді меңгеру арқылы белгілі бір мәртебеге ие болуда. Осыған зер сала отырып, Елбасының көрегендігінің арқасында көп тілді меңгеру саясаты жүзеге асты. Осы негізде еліміздің жастары өзге тілдерді меңгеру арқылы шет меңмлекеттерде білім алып, еліміздің дамуына үлесін қосуда. Әрине өзге тілде сөйлеймін деп, ана тілін ұмыту санасыздың ісі болары анық. Бұл ащы шындығымызға Қадыр Мырза Әлінің мына бір сөзі дәнекер болары хақ:

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте», — дейді ақын. Тілді құрметтеуге арналған ұранды жырдың мәнін әрбір азамат терең ұғына білсе нұр үстіне нұр болар еді.              Жоғарыда атап өткеніміздей сот отырыстары арыз берушінің арыз тіліне байланысты жүргізілетіндігін ескере отырып, азаматтарымызды мемлекеттік тілде арыз беруге үндегіміз келеді. Өйткені мемлекеттік тіл саясатын жүргізу мен қолдау әрқайсысымыздың міндетіміз, ана тілі алдындағы борышымыз.«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтар болсақ, өзге тілді меңгеру азаматтың өз еркінде. Дегенмен қоғам назарын аударып жүрген тіл мәселесіне қатысты жаңсақ пікірлердің дұрыс, бұрыстығына көз жеткізу мақсатында қолға қалам алып отырмыз. Ана тіліміздің мәртебесі биік тұрған кезде өзге тілдің мемлекеттік тіл бола алмасы сөзсіз, ал тіліміздің мәртебесін асқақтату сіз бен біздің қолымызда екендігін әсте естен шығармауымыз керек.

Дәмелі Ажғалиева

Казталов аудандық сотының бас маманы – сот мәжілісінің хатшысы