19.03.2021, 20:17
Қараулар: 371
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде ». Себебі, «бірінші байлық – денсаулық».  1948 жылы 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні болып жарғы қабылданған күн. Денсаулық сақтау күнін 1950 жылдан бастап жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Қазіргі уақытта ДДСҰ – на 194 мемлекет мүше болып табылады. Қазақстан Республикасы 1992 жылы 19 тамызда ДДСҰ – на 180 – ші мүше болып қосылды. Әр жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық күніне орай жыл сайынғы тақырып және оның ұраны таңдалады. Тақырып әр елдегі маңызды проблеманы айқындайтын болады.

Денсаулық адамның негізгі құндылықтарының бірі және ең қымбат байлығы болып табылады.  Денсаулық сақтау ұйымының негізгі мақсаты – жер бетіндегі барлық халықтың денсаулығын жақсартуға қол жеткізу, сонымен қатар адам өміріне денсаулықтың маңызды екенін ұғындыру, жас ұрпақтың салауатты өмір сүруге көзқарасын қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұмысының негізгі бағыттары: жұқпалы және жұқпалы емес аурулармен күрес жүргізу, оған мүше елдердің денсаулық сақтау жүйесі мен қызметін дамыту, статистикалық есеп жүргізу, дәрілік препараттардың дайындалуын жіті қадағалау, медицинаның маңызды мәселелерін шешуде ғылыми зерттеулер жүргізуді қолдану.

Дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі, темекі шегу, ішімдікке салыну, есірткіні қолдану, еңбек және демалу тәртібін дұрыс сақтамау, стрестік жағдайда өзін дұрыс басқара алмау адамның өз денсаулығына немқұрайлылық салдарының ең маңыздылырының бірі болып табылады. Сол себепті жеке бас гигиенасын, салауатты өмір салтын дұрыс ұстанып, спортпен шұғылданып өз денсаулығымызды жақсартайық!

 

Шынар Махсотова

Казталов аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылыу басқармасының жетекші маманы