18.03.2021, 18:52
Қараулар: 279
Сандық технологиядағы онлайн — татуласу

Сандық технологиядағы онлайн — татуласу

Сот саласындағы электрондық – ақпараттық технологиялар  бүгінде соттық  қорғаудың   ашықтығы мен тиімділігінің жаңа деңгейін құрып, сот өндірісінің дамуына ықпал етті

2014 жылы қосылған «Сот кабинеті» электронды сервисі сот жүйесінде сәтті іске асырылуда. «Сот кабинеті» электрондық өзара іс-қимыл, сондай-ақ сот органдарының жеделділігі, қолжетімділігі мен ашықтығы арқылы сот ісін жүргізуді жеңілдетуге арналған.

«Сот кабинеті» ақпараттық сервисімен жүйеленген «ТӨРЕЛІК» атты сот органдарының автоматты ақпараттық жүйесі ақпараттық деректерге жедел қолжетімділікті, сенімділіктің жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді. Автоматтандырылған есепке алуды және бақылауды жүргізуге, статистикалық  және  талдау есептерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін аталмыш сервис сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті.  Жүйе мемлекеттік органдардың деректер базасымен біріктірілген.

Сот кабинеті онлайн режимде талап арыз, жүгінулер, пікірлер, шағымдар, қарсы талаптар беруге мүмкіндік береді. Одан басқа,  Интернет арқылы істің өтуін қашықтан қадағалауға болады. Осының барлығы үйден немесе кеңседен шықпастан жүзеге асырылады, сондай-ақ істің бүкіл тарихын қарап, сот актісін басып шығаруға және істің процессуалдық мерзімдерін де қарауға толық мүмкіншілік бар.

«Сот кабинеті» сервисінде онлайн-татуласудың жаңа функциясы енгізілді. Аталмыш қызмет көрсету түрі сотқа талап арыз беру кезінде сервис тұтынушыларының алдына автоматты түрде шығады. Бұл жаңа функционал азаматқа сотқа жүгінудің қажеттілігі туралы тағы бір рет ойлануға мүмкіндік береді және дауды медиация арқылы шешуге, әрі сот процестеріне кететін моральдық және материалдық шығынды үнемдеуге  кеңес береді.
Сонымен қатар, бүгінде соттарда сот процестерін бейнеконференцбайланысы арқылы өткізу мүмкіндіктері пайда болды, ол істерді қарау уақыттарын қысқартуға, сот процесі қатысушыларының сотқа баруға және келуге байланысты жұмсалған уақыттары мен қаражаттарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл функционал арқылы сот орналасқан жерден алыс жерде тұрып жатқан, медициналық көрсеткішіне сәйкес дене қозғалысы шектеулі адамдардың, бас бостандықтарынан айыру орындарындағы немесе күзет қойылған адамдардың сот отырысына  қатысу проблемасы  шешілді.
Бұл бағыттағы жұмыс сотталғандарды сотқа жеткізуге және кері қайтаруға, олардың қашу, жаңа қылмыстар жасау қауіптері төмендетіп қана қоймай, сот құрамының және процесс қатысушыларының қауіпсіздіктері қамтамасыз етуге ықпал етті.

Инновациялық технологияларды қолдану соттар жұмысының тиімділігін арттырды.  Соттар ашық әрі қолжетімді бола түсті. Яғни, заманауи технологиялардың сот саласында қолданылуы сот ісін жүргізуді жеңілдетті, бюрократтық кедергілерді жойып, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей қарым-қатынастарын азайтты, ол сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын сұрақтардың туындамауына септігін тигізді.

Роман ИМАНҒАЛИЕВ

Казталов аудандық сотының

аға сот приставы