16.03.2021, 8:46
Қараулар: 321
Туберкулез емделеді және оның алдын алуға болады

Туберкулез емделеді және оның алдын алуға болады

Туберкулез – бұл туберкулез микобактериясы туғызатын және науқас адамнан сөйлеген, жөтелген, түшкірген кезде өкпе тінін басымдықпен оқшаулай отырып, ауа жолдары арқылы берілетін инфекциялық ауру. Туберкулез таяқшасы әр түрлі органдарды, көбінесе өкпені зақымдайды. Олар ауруға шалдыққан науқастардың өкпесінде өсіп таралады. Осыдан клеткалар тобының қабынуы, одан кейін бұзылуы басталады, өкпенің ыдырауы, атап айтсақ миллион бактерия орналасатын тесік пайда болады. Солардың ішінен туберкулез бактериялары жөтелу, түшкіру, әңгімелесу кезінде қоршаған ортаға бөлінеді. Ал егер туберкулез ауруының бациллалық (жұқпалы)  түрімен ауыратын науқас ұзақ уақыт бойы дұрыс желдетілмейтін ғимаратта болса, ауаға таралған бактерияларды сол жерде жүрген басқа адамдар жұтып, ауру жұқтырады.

Қазіргі күні аудан бойынша туберкулездің эпидемиологиялық көрсеткіштері бірқалыпты. Балаларда аурудың алдын алу негіздері БЦЖ вакцинасын вакцинациялау және ревакцинациялау болып табылады. Нәресте туғаннан кейін 1-4 күн ішінде БЦЖ вакцинасы жасалады, қайта егілу (ревакцинация) жоспарлы түрде 6 жаста (1-сынып) өткізіледі. Манту сынамасы теріс туберкулез микобактериясы жұқпаған дені сау балаларға республика бойынша бір уақытта оқу жылының бірінші айында (қыркүйек) ұйымдастырылады. Бұл айда мектепте басқа екпелер жасалмайды. Манту сынамасының нәтижесі 72 сағаттан соң инфильтрат (папула) көлемінің қанша миллиметр екендігін миллиметрлік бөліктері бар мөлдір сызғышпен өлшеніп, білек осіне көлденең жатқан көлемін тіркеу арқылы бағаланады.

Ересектер үшін туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында жыл сайынғы профилактикалық тексеру, яғни туберкулиндік диагностика, флюорографиялық тексеру, бактериоскопиялық диагностика жүргізіледі.

Аурудың негізгі белгілері: 2 аптадан аса жөтелу,тәбеттің жоғалуы,арықтау,түнгі тершеңдік,дене қызуының көтерілуі,жалпы әлсіздік, шаршау,қан аралас қақырық тастау. Осы белгілердің бірі білінген кезде, дереу дәрігерге барып тексерілген жөн.

Ауырмау үшін аса  қажетті ұсыныстар:

  • Салауатты өмір салтын ұстану бұл – денені шынықтырып, спортпен айналысу, жақсы демалу, темекі, алкоголь тұтынбау, ет пен сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді жеткілікті мөлшерде пайдалану.
  • Жыл сайын өкпені флюорографиялық тексеруден өткізу қажет.
  • Жеке тазалық тәртібін сақтау: таза суды пайдаланып қолды, ыдыстарды жуу, жеке ыдыс қолданып, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды жабу.
  • Таза ауада жиі болып, табиғат аясына барып демалыс жасау.
  • Үй-жайды мезгіл-мезгіл желдетіп , ылғалдап сүртіп, тазалап отыру. Туберкулез емделеді, себебі туберкулез микробактериясына қарсы әсер ететін дәрі бар. Туберкулез неғұрлым ерте анықталса – емдеу нәтижесі де соғұрлым сәтті болады.

Шынар Махсотова

Казталов аудандық санитариялық – эпидемиологиялық

бақылау басқармасының жетекші маманы