9.03.2021, 9:12
Қараулар: 388
Құтырудың алдын алу

Құтырудың алдын алу

Құтыру-бұл ауру жануардың тістеуінен адамға берілетін және орталық жүйке жүйесінің зақымдалып,ақыры өліммен аяқталатын табиғи ошақты ауру. Құтыру сирек кездесетін ауру болғанымен адам үшін абсолютті летальды инфекция. Статистика бойынша дүние жүзінде құтурудан жыл сайын 50 000 адам өлімге ұшырайды. Құтырған жануар өледі. Құтыру ауруының емі жоқ, алайда алдын алуға болады.

Құтырудың алдын алу мақсатында жануар тістегеннен, тырнағанынан және сілекейінен зардап тартқан адамдардың барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық көмекке қаралуы керек. Тістеген жарақатты таза сумен және сабынмен жуу керек, жарақат маңын йод тұндырмасымен залалсыздандырып, антирабикалық егу алу тиіс.

Егерде иттен немесе мысықтан жарақаталсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз, мал дәрігері 10 күн бақылауда ұстайды, жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады (0,3,7 күндері). Егер жануардың дені сау болса, анықтама беріліп, егу тоқтатылады. Ал, егерде жарақаттанған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда 5 рет егу тағайындалады (0,3,7,14,28 күндері). Егілген адамға 6 ай ішінде ішімдік ішуге болмайды, сондай-ақ  қатты суық және тым ыстықтан сақталған жөн. Құтыруға қарсы екпе тегін егіледі! Өз денсаулықтарыңыз өздеріңіздің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!

Құтырма ауруын болдырмау үшін мынадай сақтық шараларын сақтаған жөн:

— Ит пен мысықты ұстау ережесін сақтау және итті аулада байлаулы күйде ұстау;

— балаларды бөтен ит, мысықтарға жақындап ойнамауды түсіндіру керек;

— үйдегі ит, мысық және ауылшаруашылық малдарын құтыруға қарсы екпеден өткізу;

— егерде сіздің итіңізді бөтен жануарлар тістеп алған болса, оған жақындамауға және жануарларыңыздың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарлық дәрігерді шақыртуға қажет.

 

Марина Мұхамбетқалиева

Казталов аудандық санитариялық — эпидемиологиялық

бақылау басқармасының жетекші маманы