2.03.2021, 10:01
Қараулар: 347
ЖРВИ, ТҰМАУ және пневмококк инфекциясы

ЖРВИ, ТҰМАУ және пневмококк инфекциясы

Тұмау дегеніміз не?

Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекцияның бір түрі, тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Аурудың қоздырғышы – ортомиксовирустар, олардың үш типі : А,В,С бар. Өте жұқпалы ауру. Тұмау вирусы өте тез тарайды. Инфекцияны қоздырушы – тұмаумен ауырған адам.

Тұмауды қоздыратын вирустар (микробтар) тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ тұмау вирусы науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және т.б. арқылы жұғады. Ауалы – тамшылы жолмен түскен вирус жоғарғы тыныс жолдарыының беткей жасушаларына еніп, өсіп –өнеді де мұрынның шырышты қабаттарын зақымдайды, қанға сіңіп, жалпы организмді уландыра бастайды. Аурудың жасырын кезені 1 – 4 күнге созылады. Тұмау кезінде науқастың денесі дел – сал болып, тамағы мен тыныс жолдары ашиды, дене қызуы көтеріліп 38 С-қа дейін, асқа тәбеті болмайды.

Тұмау өзінің асқынуымен-ақ өте қауіпті. Сондықтан тұмаумен ауырған кезде кішкентай балалар, қарт адамдар, сонымен қатар созылмалы ауыр, жүрек және өкпе ауруларымен сырқаттанатын науқастар үлкен қатерде болады. Осындай науқастарда созылмалы ауруларының қабынуы байқалады: бронх демікпесі және созылмалы бронхит, жүрек — қан тамыр аурулары, бүйрек аурулары, зат алмасудың бұзылуы және т.б.

Профилактикасы. ЖРВИ профилактикасы таза ауада шынығу, дене шынықтыру жаттығуларымен айналысу, шаңғы, коньки тебу, жүзу, толыққанды, дәрумендерге бай тағамдарды қолдану арқылы ағзаны нығайту және иммунитетті көтеруден тұрады, ал қыстың соңы мен көктемнің басында — табиғи текті дәруменді препараттарды орынды қолданған абзал. Инфекция ушығып тұрған кезде көпшілік қатысатын шараларға баруға шектеу қою керек, әсіресе жабық бөлмелерде, науқаспен тығыз қарым-қатынас жасамау және қолды жиі жуу керек. Дәл осы ережені науқастар да сақтауы тиіс: уақытша еңбекке жарамсыыздық қағазын алып, көпшілік орындарға бармай, дені сау адамдармен байланысқа түсуден аулақ болуы керек, бет перде тағып, қоғамдық көлікті аз пайдалануға тырысуы қажет.

Вакцинация. Тұмаудың алдын алудың жалғыз ғана арнайы әдісі – екпе (вакцинация). Ағзаға екпені егу ауру шақырмайды, алайда қорғаныс антиденелердің пайда болуы инфекциямен күресу үшін иммундық жүйені күшейтеді. Қазіргі заманғы екпе құрамы айналыстағы штаммалармен толық үйлесуі үшін вирус мутациясына сәйкес жыл сайын өзгеріп отырады және 90% оқиғаларда вирустың үш типінен бір уақытта қорғайды.

Тұмау үш жасқа дейінгі балаларға, 60 жастан жоғары жастағы қарт адамдарға және созылмалы ауруы бар науқастарға айтарлықтай қатерлі. Дәл осы топтың арасында тұмаудан болатын асқынулар жиі кездеседі — пневмония, бет нервтерінің невриті, менингит.

Тұмаудын алдын –алудың ен қарапайым жолы – ол вакцинацилау!!!

 Жұмагүл Ұзақбайқызы

Казталов аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы