4.02.2021, 15:38
Қараулар: 440
ТАБИҒАТЫ КӨРКЕМ МЕКЕН

ТАБИҒАТЫ КӨРКЕМ МЕКЕН

Ұйғыр ауданында көз сүйсінетін, табиғаты таңғажайып керемет жерлер жетерлік. Өңірде туризм саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Аудан бюджетіне туризмнен түсетін қаражаттың басым бөлігі табиғи ескерткіштер мен ыстық су көздеріндегі нысандарға келетін ішкі саяхатшылар болып табылады. «Арасан» табиғи минералды су көздеріндегі туризм инфрақұрылымы қарқынды дамып, демалыс орындары жыл санап артуда. Мәселен, өткен жылы ауданға 62 мың 500 турист келген. Қонақтарға 310 млн 500 мың теңгеге қызмет көрсетілді.

Шипалы ыстық су көздеріндегі емдеу орындарында туристерді қабылдауға арналған 2-3-4 орынды және люкс бөлмелері, суға түсу ванналары, ашық және жабық бассейіндер, тамақтану орындары қарастырылған. Геотермал сулардың емдеу-сауықтыру қасиеттері де бар. Жер асты термальды сулары маусымдық туризмді дамытудың жаңа мүмкіндігі. Бұл жерде жер астынан шыққан минералды суда қоңыр күзден жаз шыққанша шомылуға болады. Ағзаға да, бұлшық ет пен сіңірді қыздыруға да пайдалы. Ыстық судың ырысын көріп, тыныққандардың басым бөлігі шетел асып, қаржыны сыртқа шашқанша өз елімізде демалып, мемлекетіміздің экономикасын нығайтқан әлдеқайда артық екенін айтады. Сондай-ақ мұндағы демалыс орындары жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Алдағы уақытта Ұйғыр ауданында тағы да бірнеше ірі қонақ үй мен демалыс орындары қолданысқа беріледі деп күтілуде.

2021 жылғы көрсеткіш бойынша туристік нысандар саны 53 демалыс орнына жеткен. Сонымен қатар, «Шарын шатқалы», «Ерен тоғай» туристік нысандарында туристерді қабылдау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Аудандағы туризм жөніндегі мәселелердің ұйытқысы болып отырған Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Парк құрамына Шарын шатқалы, Қамалдар мен аңғарлар, Үлкен Бұғыты тауы және Сарытоғай, Ерен тоғайы кіреді. Мекеменің негізгі міндеттері табиғи кешендерді қорғау, сақтау, зерттеу және қалпына келтіру, ғылыми жұмыстарды жүргізу, экологиялық ағартуды ұйымдастыру, экологиялық туризмді, шектелген шаруашылық қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылады. Парк аумағында жалпы қашықтығы 49 шақырымды 4 туристік маршрут жасалынған. Олар 1.Шарын шатқалы, Бейіттер мен қорғандар. 2. Ерен тоғай.; 3. «ЭКО Парк Тур» — Шарын шатқалы,«Подгорный» балалар лагері және арасан. Бұл маршруттарда 2-көру алаңы, 1-түсу орны, 1- автотұрақ жасалынып, 52 орындық киіз үй, 3 қоңақ үй жұмыс істеуде. Туристерді — жасы 5 млн. жылдан асқан, палеоген дәуірінен сақталып қалған, соғды ерені табиғи ескерткішімен таныстырады. Туристер Шарын ерен тоғайы- арасында 7 адамның құшағы әрең жететін алып, ақсақал ағаштары бар, әлемде екі-ақ жерде кездесетін ереннің табиғи өскен ортасын көре алады.

Аудандағы көрікті жерлер бүгінде ірі туристік мекендерге айналып, туризм саласындағы бәсекелестік пен сапалық көрсеткіштер едәуір артуда.