26.01.2021, 10:00
Қараулар: 407
САУАПТЫ ІСТІ ҚОЛҒА АЛҒАН

САУАПТЫ ІСТІ ҚОЛҒА АЛҒАН

Жуырда елге сыйлы, ауданның дамуы жолында қызмет жасаған ағамыз дүниеден озды. Ағамызбен тірі күнінде жақсы араласып, танығаннан кейін отбасына көңіл айтып, қолымыздан келгенше қолғабыс жасап, жастар қабір қазуға бардық. Ауылға кіреберіс жолдың оң жағында орналасқан «Шәку» қорымы. Алдымызда қатқан жердің тоңын ойып жатқан жігіттер. «Ойпыр-ай, қақаған аязда жер қазбақ түгілі, далаға шығуға ерінеміз. Ал бұл кісілердің ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күні-түні қабір қазатыны нағыз ерлік емес пе?» деген ой келді. Қабір басында қолына лом ұстап, жігіттерді ұйымдастырып жүрген Ержан ағамыз. Жігіттермен аман-саулық сұрасып, біз де қолымызға күрек пен лом алып, жұмысты бастап кеттік. Жер қазу оңай шаруа емес екен. Жұмыстың арасында Ержан ағамызды әңгімеге тарттық.

– Қабір қазу оңай шаруа емес. Ауа райына қарамай жұмыс істейміз. «Қыстың көзі қырауда» демекші, әсіресе қыста жер қазған қиынныңқиыны. Кей уақытта жердің тоңы 1 метрге дейін болды. Арнайы техника жоқ, барлығын қолмен қазамыз. Қара терге түсіп, қатып қалған жерді ломмен оясың. Тіпті, қыстың қақаған үскірік аязында таңертең бастаған жұмысты кешке дейін созған кездеріміз болды. Мойнымызға алған шаруаны уақтылы істеуіміз керек. Жазда үш-төрт сағатта қазып тастаймыз. Негізі, жердің тығыздығы әр қорымда әртүрлі. Мысалы, «Еділбай» қорымында жер жұмсақтау, жандатпа шығаруға ыңғайлы, ал «Шәку» қорымында қаттырақ, жарма қазамыз. Яғни, жандатпаның орнына ортасын жарамыз. Кей кезде қайтқан марқұмның мінезіне де байланысты болып жатады. Мінезі жұмсақ, момын адамдардың қабірінің топырағы жұмсақ келетін сияқты. Мен алғаш қабір қазуды марқұм Мәрлен ағамыздан үйрендім. Ол кезде мен жиырма жастамын. Нағыз тепсе темір үзетін шағым. Мәрлен ағаның ұйымдастыру қабілеті жоғары еді. Басында қабір қазуға кәдімгідей ұялатынмын. Бірақ кейін түсіндім. Бұл – сауабы мол іс екенін. Менің қасымда тұрақты жүретін жігіттер жоқ. Бәрі де өзіңіз сияқты аяқ асты жиналады. Қаладан көргенім бар, қабір қазатындардың арнайы бригадасы бар.

– Қарапайым халық кейде: – Сендер жатып алып байып жатырсыңдар, – дейді. Бұл қате пікір. Менің негізгі мамандығым – мал дәрігері. Біраз сол салада да қызмет атқардым. Бірақ жаныма жақын жұмыс осы. Оның үстіне көпшіліктің алғысы мен батасын алып өскен соң сауапты іс жасау парызымыз. Мен еңбегім үшін арнайы қойған «ставкам» жоқ. Көбіне бергенін аламын, болмаса сауап үшін жасаймын. Бізде қабір қазып, жандатпа мен жарма шығаратын маман жоқ. Сол үшін де маған қолқа салады. Сонымен қатар мен суға батқандарды да алып шығуға көмектесіп жүрмін. Әрине, көбі қорқады. Талай мәрте суға батып, екі-үш күн болған сүйектерді алып шыққан күндерім болды. Марқұм болғандардан емес, тірі адамнан қорқу керек.

Осындай оқиғаларды өзге біреудің аузынан естісек, сенбес едік. Расында да, сырт көзге бәрі оңай секілді. Қанша қиындық көрсе де, өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, сауапты іс жасап жүрген жандардың ел білмейтін беймәлім тұсы осындай. Ағамыз зират басындағы тазалықтың сын көтермейтініне қынжылды.

– Негізінен, бейіт басында тазалық күндерін жасап тұру қажет. Сол күні барша халық зират басына келіп, Құран бағыштап, тазалау жұмыстарын жүргізуі керек. Көктем мен күзде бейіт басын тазалап, реттеген жөн. Өкінішке қарай, қазір халық «Зираттан ештеңе алуға болмайды» деп қоқыстарын да тазаламайды. Былтырғы жылы «Шәку» қорымында ауыл азаматтарының бастамасымен тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге «Рамазан» қорымын да тазалап шықтық. Аллаға шүкір, қазір барлық қорымдар қоршалып жатыр. Ауыл тұрғындары арасында тазалау жұмыстары көптеп насихатталса екен деймін, – дейді кейіпкеріміз.

Расында, қабір қазу – сауапты істердің бірі. Кешегі бабалар жасаған қайырымды істер бүгінде өз жалғасын тауып келеді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 148-аятында: «Ізгі істерде жарысыңдар!» деп бұйырады. Ал «ӘлИмран» сүресінің 133-аятында: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жер мен көктердей болатын жәннатқа асығыңдар» делінген. Ізгілікке жетудің жолдары қоршаған ортаға, ата-анаға, туғантуысқа, мұқтаждарға жәрдемдесу, қолдан келгенше игі іс істеу» дейді. Қайырымды жандардың қайырымдылығын, әрине, бір мақалаға сыйғыза алмаспыз. Дегенмен Ержан Қиясов секілді азаматтардың сауапты ісі көпке үлгі. Шариғатта да қабір қазушыны риза ету керектігі жайлы жазылған. Олай болса, қиындықтарға қарамастан сауапты іс жасап жүрген жандардың еңбегін бағалай білейік! Қабірстан біз үшін үнсіз ғибрат мекені емес пе?!

Қайрат ЖАҚЫП

 

Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Өмірден озған жандардың қабірін қазып, сауапты іс жасап жүргендердің жұмысы тіптен ерек. Екі қызметкер өз ақысын сұрай алады: оның бірі – қасапшылар болса, екіншісі – қабір қазушылар. Ауылда туып-өскеннен кейін қабірді көрші-қолаңның жігіттері жиналып қазатынын көргенбіз. Бұрын ауылымызда қабір қазу жұмыстарын марқұм Шәкім, Мәрлен ағаларымыз ұйымдастыратын. Олардың сауапты ісі көпке үлгі болды. Керек десеңіз, зираттарды қоршау және тазалау мәселесіне де ауылдастарды жұмылдырып жүретін. Әттең, сол ағаларымыз келмеске кетті. «Жандары жәннатта болсын!» дейміз. Ағалар ұстаған кетпенді тастамай, сауапты істі жалғап жүрген замандасымыз туралы жазуды жөн көрдік. Ол өзіміздің жерлесіміз, қырықтың қырқасына шыққан – Ержан Қиясов.