26.01.2021, 9:55
Қараулар: 317
КАССАЛЫҚ АППАРАТ ҚАЖЕТ ПЕ?!

КАССАЛЫҚ АППАРАТ ҚАЖЕТ ПЕ?!

Экономикада қарқынды серпін бар. Бүкіл дүние жүзі төртінші жаһандану дәуіріне қадам басты. Еліміз де алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, барлық саладағы қиындықтарды еңсеруде. Жаһандану дәуірінің өзіне де алдын ала бағдарламалар жасақталған болатын. Солардың бірі де бірегейі ҚР Үкіметінің 2017 жылы 12 желтоқсанда бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.

Бағдарлама бес бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Асқар Жұмағалиев 2020 жылғы 4 ақпандағы Үкімет отырысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндама жасады. Министрдің сөзіне сенсек, 2025 жылдан бастап ЖІӨ 30 пайызға дейін өсім береді екен. Үкімет отырысында Асқар Жұмағалиев қаржы саласының цифрландырылуы жөнінде мынадай мәлімдемені баяндады.

– Банктік жүйелерді eGov порталымен интеграциялау есебінен салықтық төлемдер 1,8 есеге артты. Бизнестің 73%-ы онлайн кассалық машиналармен қамтылған. Ал барлық кедендік декларациялардың 81%-ы 1 минутта беріледі. Қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,3 есе өсіп, 14,5 трлн. теңгеге жетті. Соның нәтижесінде 2019 жылы бюджетке қосымша түсімдер 448 млрд. теңгеден асты. 2020 жылдан бастап бюджеттік жоспарлау қағазсыз және ашық түрге көшіріледі. Барлық кедендік құжаттар «бір терезеден» берілетін болады. Одан басқа, қосылған құн салығын блокчейн технологиясы бойынша төлеуді қамтамасыз ету жұмыстары басталады. Бұл бизнестің жұмысын жеңілдетеді.

Министрдің сөзіне сенсек, бұл бағдарламаның бизнес өкілдері мен халқымыз үшін де берері мол және 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап кассалық-бақылау машиналары арқылы төлемдер жасалды. Ал бағдарламада сөз болған қолма-қол ақшасыз операциялардың аудан көлемінде ұйымдастырылуына тоқталсақ

Өткен жылдың 24 желтоқсанында Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Қаралған мәселелердің қатарында кассалық-бақылау машиналарының қолданылуы және түбіртек талап ету мәселесі де сөз болды. Комиссия мүшелерінің мақұлдауымен, төрағаның шешімімен тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктелді. Мәселенің төркінін барлап, экономика мен саясат ауылына тағы да аяқ бастық.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы саясаттың жүзеге асырылуы десек, оның ішіндегі қос бағыттың бизнес өкілдеріне қатысы бары экономика саласының ілгерілеуіне септігін тигізетініне көз жеткіземіз. Әріден барлап, мәселені ашып түсіндіруге тырыстық. Туындайтын сауал мынадай. Неліктен бизнес өкілдерінің көпшілігі кассалық-бақылау машиналарын немесе онлайн кассалықбақылау машиналарын қолданбай жүр? Бұл сұраққа аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Аслан Жұмағалиевтің берген жауабы мынадай:

– Казталов ауданы бойынша күні бүгінге 1658 жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар тіркеуде тұр. Оның ішінде фискалды жады бар бақылау-кассалық машиналарын қолдануға міндетті 718 салық төлеуші тіркелген. 51 салық төлеуші офлайн режимде жұмыс атқарады. Себебі олардың қызмет ететін аумағында интернет байланысы жоқ. 769 жеке кәсіпкер және заңды тұлғалар қолма-қол есеп айырысу форматын қолданбайды. «Бизнес өкілдерінің көпшілігі неліктен кассалық-бақылау машиналарын қолданбайды?» деген сауалға жауап берер болсақ, оған екі түрлі себеп бар. Біріншісі, жоғарыда атап көрсеткендей интернет нашар аймақтардың болуы, екіншісі 769 салық төлеушінің мемлекеттік тапсырыстар арқылы жұмыс істеуі.

Түсіндік, көңілге түйдік. Интернет болған күннің өзінде фискальды түбіртекті беруден жалтаратын кәсіпкерлердің бар екендігін жасырмағанымыз жөн. «Қазанның бетінен қақпақ кетсе, иттен ұят кетедіге» салар болсақ, кейбір кәсіпкерлік субьект өкілдерінің бұл әрекеттері табысын жасырып, көлеңкелі экономикаға үлес қосу болып табылады. Бұл тұрғыда GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, белгілі экономист Мақсат Халықпен де сұхбаттасқан болатынбыз.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлер, шағын бизнес субьектілері, шаруа қожалықтарының бәрі төлемдерді онлайн кассалық аппараттар арқылы қабылдау керек деген қаулы бар. Бұл талапты қолдаймын. Кәсіпкерлер үшін қиындық туғызуы мүмкін. Оған екі себеп бар. Бірінші себеп, шынымен әлдебір қиындықтар туып отырған болса, екінші жағынан кәсіпкерлердің өзі де салықтан жалтарып отырған болуы әбден мүмкін. Жалпы, кассалық-бақылау машиналарын орнатудың және онлайн кассалық аппараттарға көшудің қажеттілігі өте маңызды. Себебі көлеңкелі экономиканың жолын кесуге септігі тиеді. Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, көлеңкелі экономиканың жалпы экономикадағы үлесі 30 пайызға жеткен. Ол жердегі ақша көлемі көлеңкедегі айналымда жүр. Сол көлеңкедегі ақша бюджетке түсер болса, еліміздегі бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді. Осы мәселеде тұтынушы да өзінің азаматтық позициясын, құқығын алға тартып, чек талап еткені абзал. Қытайдың тәжірбиесін алар болсақ, ол мемлекетте тұтынушы төлем жасаған уақытта оған 2 пайыз құн салығы қосылып отырады. Бұл тұтынушының пайдасына шешілетін дүние. Егер біздің мемлекетте де сауда жасаған уақытта чекпен бірге 2 пайыз кэшбек төленіп отырса, сол арқылы жиналған қаржы тұтынушының басқа да шығындарын өтеуіне ықпалын тигізер еді. Сәйкесінше чек талап ету күшейіп, кәсіпкерлер амалдың жоқтығынан кассалық-бақылау аппараттарын қолданатын болады, – деп жауап берді қаржыгер.

Маманның пікірімен толықтай келісе отырып, сөз болған Қытай тәжірибесінің бір үлгісі елімізде де жүзеге асып жатырау деген байламға келдік. Сөзімізге тұтынушы чек талап ету және чек бермеген жағдайда «Wipon» қосымшасы арқылы құқық бұзушылықтарды тиісті органдарға жолдап отырар болса, онда бірлік ретінде сыйақы мөлшері де бекітілген деген аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Аслан Жұмағалиевтің пікірі дәлел.

– Казталов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 2020 жылдың 12 мамырынан бастап кәсіпкерлердің бақылау-кассалық машиналар арқылы фискалдық түбіртекті бермеу фактілерін анықтау бойынша «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» науқанының басталғандығы туралы хабарлады. «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» науқанына кез келген адам қатыса алады. Барлық жіберілген өтініштерді Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын болады. Фискалдық чек берілмегендігі туралы фактілерді App Store және Play market-тен мобильді «Wipon» тегін қосымшасын жүктеу арқылы хабарлауға болады және фискалдық чек бермеу фактісі расталған жағдайда сыйақы ретінде 1000 теңге көлемінде бірлік алуға болады. 2020 жылы «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» науқаны нәтежесінде 22 салық төлеушіге онлайн түрінде шағым түсіп, әкімшілік жаза қолданылды, – дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда шағын орта бизнес өкілдеріне 2023-ші жылға дейін мараторий жарияланғаны белгілі. Осының салдарынан, тексерудің жоқтығынан кәсіпкерлердің табысы көлеңкелі экономиканың үлесін арттыруда. Шығар жол біреу. Ол сіз бен біз болып тиісті орындарға шағымдану немесе қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін заң бұзушылық фактілерінен хабардар ету. Егер кәсіпкер чек бермеген жағдайда «Wipon» қосымшасы арқылы заң бұзушылықты тіркесеңіз болады. «Wipon» қосымшасы Android және іOS платформаларына жүктеледі. Қолданылу тәсілі де оңай әрі тиімді. Ал берешегі бар тұрғындардың әрекеті қандай болмақ деген мәселеге мамандар: егер білгілі бір кәсіпкерлік субьектіге берешегі бар адам болса, қарыз көлемін толық өтейтін уақытында сатушыдан фискалды түбіртек талап етуге құқы бар екендігін ескертті. Демек, көлеңкелі экономиканы жою мен салық төлеушілердің құқық бұзушылығының алдын алу сіз бен біздің заң жүзіндегі әрекеттерімізге байланысты.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ