26.01.2021, 9:42
Қараулар: 370
ЖАН АРПАЛЫСЫ (Қарт ананың әңгімесі)

ЖАН АРПАЛЫСЫ (Қарт ананың әңгімесі)

Қараөзек шақ. Жүйткіген пойыздың ішіндегі ананы мазалаған сан ой терезенің арғы жағынан көрінген тау бөктерін де көлеңкелеп тұр. Ішкі түйсігі сабырға шақырғанымен, жан-жаққа елеңдеп келеді. Жүрекке салмақ түсіргісі келмесе де, көз жасы әлсін-әлсін тамшылайды. Бір ой жанын жегідей жеп барады. Ерсілі-қарсылы жүрген адам, желмен дамылсыз қозғалған теректер әйтеуір тіршіліктің барын аңғартады. Терезеден кешқұрым соққан самалды да сезбеді. Тек жүректі суық ызғар қарып барады. Сырттан соққан самал жел самайындағы селдір ақ шашын ғана тербетіп тұр. Бетін бейнеттің табы басқан. Самай шашы ағарып, жүзін әжім әрлеген ақ шашты ана.

Бір стакан суымды ұстап, әжейдің жанына жақындадым. Жан дүниесінің ауыр дертінен айыға алмай отырғаны соншалық, менің қасына жайғасқанымды да байқамады. Қасында тұрған күртешесін алып, үстіне жаба бергенім сол еді, әжей айналасына әжім басқан жанарымен қарады да, «Жүрегім суып кетті» деп көз жасына ерік берді. Тағдыр тәлкекке салайын десе жас-кәрі деп бөлмейтін секілді. Бақыты еселене түсер уақытта әженің бұл күйі қынжылтты.

Асылында Сәуле әже жар атанып, бауырын жылытып, сәби құшқан. Бірақ пешенеге жазыл¬ған тағдыр ма, кім білсін, бүгінде ешкімге керек емес ол осындай халге түскен. Көзі жасаурап, әңгімесін бастады.

– Е-е-е, қарағым-ау, қартайған шағымда осылай болады деп ойладым ба? Жаным бір жылымады. Жылай-жылай көз жасым да таусылды. Барар жерім, басар тауым болмаған соң бейбақтың күнін кешіп жүрмін. Менің тағдырым – балаларым деуші едім. Соларды өсіремін деп бел жазбастан еңбек еттім. Әкелерінен ерте айырылғанда да қатарынан қалдырмай, үй, көлік – бәрін алып бердім. Бірақ әбден қартайған шағымда енді ешкімге қажетім болмай қалды, – деп жасын сығып жіберді.

– Ау, әже! Жыламаңыз енді! Қазір балаларыңыз қайда? Сіз қайда бара жатсыз?

– Мен жай өмір пойызымен жүріп барамын. Қай стансада тоқтайды, өмірім де сол жерден аяқталады. Ешкімім жоқ. Азаматым да, Азатым да, Айдыным да шаңырақ құрып, өз отауын тікті. Кенжем Арманым темір тордың аржағында. Кішкентайларында сіріңкенің қорабынан үй салып, бұл бәріміздің ортақ шаңырағымыз деп армандайтын. Бәрі бала арманмен бірге кетті. Төрт тағдырым төрт жерде, – деп ауыр күрсінді.

Төрт түрлі тағдыр тізбектеліп көз алдымнан өтіп жатты. Зәуде бір ана жүрегі сол баяғы күйге күрсініп ғана оралды.

– Азаматымды жетілдіру үшін жастығымды жоғалтып, көшеде шағу саттым. Азатымның арманын алысқа апарайын деп, байсымақтардың үйін тазаладым. Ал Айдыным мен Арманым үшін қыстың аязында, жаздың аптап ыстығында шұлық тоқып сатып, солай өсірдім. Айтқанымдай, үшеуі шаңырақ көтерді. Тек кенжем қитұрқы ісінің кесірінен өз тағдырын темірторға байлап тастады. Тетелес өскесін бәрі бала кезінде «Анам менікі» деп маған таласатын. Ал қазір мен ешкімдікі емеспін. Зәулім үй бар, әйел бар, жұмыс бар. Енді ешкімге керек емеспін. Мен олардың үйінде артық адамға айналдым. Арым іштей жанымды жейді, – деді ауырсына.

Бір сәтте төс қалтасынан өте бір қымбат затты ұстағандай төрт тағдырының суреті бар кәртішкілерді шығарып ұсынды. Әп-әсем киінген. Ауқатты адамдар тәрізді. Бірі қымбат көлікте, бірі кеңседе, бірі қымбат тастармен көмкерілген үйінің алдында түскен. Әйелдерін әспеттеп, балаларын алаңсыз құшағына сыйдырған үш тағдыр…

Сәуле әженің мұңды жанарын көргенде, мендегі анаға деген сағыныш, аңсау алқымыма тығылып, тастүйін болып тұрып қалды. Жүрегім шымырлап кетті. Қолдан келер қайран жоқ, іш қазандай қайнайды. Қартайғанда көрген зейнеті осы ма еді?! Әттең, баланың қызығына оны жарық дүниеге әкелген ананың ортақ болмайтыны жүрегімді ауыртты. Алланың анаға берген бақытын, біз – адамдар тартып алдық. Абыр-сабыр арпалысқан тағдырлар толқынымен пойыз да тоқтады. Сәуле әжейдің бағыты жоқ тағдырының аялдамасы да осы жерде. «Қызым, мен – тірілей өлген анамын», – деді де, орнынан асықпай тұрып, менімен қоштасып, пойыздан түсіп кетті. Көк аспаннан мұң құлап, ана байғұсты тыныштыққа әкетіп бара жатқандай.

Пойыз ішінде тыныштық орнады. Тек байғұс ана отырған орындықта ең қымбат, қайтып оралмайтын төрт тағдырының суреттері ғана «сөйлеп» тұр…

Аңдамай кейде басамыз-дағы кердеңдеп,

Құлап жатамыз,

Аяқ-қолымыз ербеңдеп.

Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде,

Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.

 

Таппайсың оны, тартасың азап сан жылдар.

Аттай алмайсың, құлауың мүмкін, алдың – жар.

He істесем екен, нe істесем екен сендерге?

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар!

 

Олай демеске амалымыз жоқ. Өз тағдырының жібін шимайлап, әке мен ананы жылатып жүрген қаншама тағдыр бар десеңізші?! Біздің қоғамның жарасы да сол. Дүние, ақша, мансап қуған перзенттің пайдасы да көк тиын. Бір ана төрт бірдей баланы құшағына сыйдырды, ал төрт бала жалғыз анасын тірідей көмді. Барар жері, басар тауы қалмаған ана жылтыраған дүниені емес, жылы өмірді іздейді. «Жұмақ ананың табанының астында» деген түсінік бар исламда. Алайда қарттық жетіп, қауқарсыз қалған ата-анасына дауыс көтеру былай тұрмақ, қараусыз тастап кететіндердің қатары көбейді. Ананың балаға жарық дүние сыйлағаны өз алдына, оны көзінен таса қылмай өсірген ақ сүті мен ақ адал еңбегі осылайша өтелмей жатады. Бәлкім, анаға осы бір қасіреттен артық сынақ жоқ шығар. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» деп тегін айтпаған.

Пойыз күншығысты бетке алып зулап келеді…

Жұлдыз АСҚАР