22.12.2020, 9:38
Қараулар: 71
ТОРҚАЛЫ ОЙЫҢМЕН, ТӨЛ ГАЗЕТ!

ТОРҚАЛЫ ОЙЫҢМЕН, ТӨЛ ГАЗЕТ!

Газет – қоғам жаршысы. Қай уақытта болмасын, газет өз маңызын жойған емес. Себебі ықылым заманнан бері газет арқылы халықтың сауаты артып, елімізде болып жатқан ақпараттардан құлағдар болып, газет атаулының таралымы артқан сайын хат танығандары жұрттың мұң-мұқтажын, әңгімелерін редакцияға жолдап отырды. Бұл – тарих бетінде қалған шындықтың бір беті.

Тарихтың иісі аңқып тұратұғын, сол бір кездердегі парақтары сарғайса да, халық жүрегінде мәңгі сақталған төл басылымымыз – «Ауыл айнасы» газетіне биыл 90 жыл. Торқалы мерейтойды еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кең көлемде атап өту мүмкін болмады. Дегенмен 14 желтоқсан күні аудан әкімі Альберт Есалиев газет ұжымы мен ардагерлерін арнайы қабылдады.

Мерейтойға орай ұйымдастырылған жиынға «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Ғайсағали Сейтақ, газет ардагерлері, ойлы оқырмандары мен жанашырлары қатысты. Жиынның шымылдығы газеттің тарихы баяндалған бейнежазбамен басталды. Бейнежазбаның жансыз суреттері газет ардагерлерінің жүрегін қозғап, өздерінің қызмет еткен уақытындағы газеттің қалай шығып, таралғаны туралы және қызмет жолындағы есте қалған оқиғаларымен бөлісті.

Қабылдауда аудан әкімі Альберт Есалиев жиналғандарды газет мерейтойымен құттықтап, редакцияның шығармашылық ұжымына алғысхат пен сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар мерейтойға арнайы келген Ғайсағали Сейтақ газет ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының құттықтау хаты мен қаржылай сыйақының сертификатын табыс етті. Марапаттаудан соң газет ардагерлерімен емен-жарқын әңгіме өрбіп, қиын жылдарда жұмыс істеген жандардың еңбегімен таныс болдық. Қабылдау барысында газет жанашырлары мен оқырмандарына алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, жас тілші, тұрақты оқырман Аяжан Ғаппар өзінің жүрекжарды туындысын тарту етті.

Бүгінде баспасөз – жарнаманың да, жылнаманың да, уақыттың да, жақсылықтың да жаршысы. Билік пен халық арасын жалғап тұрған алтын көпір. Елдің өсіп-өркендеу шежіресін жазып, ауданмен бірге еңсе көтеріп, тұрғындардың төл басылымына айналған аудандық газеттің тарихы тереңде. 1930 жылы Казталов ауданында алғаш рет «Төңкеріс жолы» деген атаумен, 1935 жылдан «Колхоз жолы», 1960 жылдан «Коммунизм жолы», 1991 жылдан «Сарыөзен тынысы», 2004 жылдың басынан «Ауыл айнасы» деген атаумен шығып келе жатқан аудандық төл газет – «Ауыл айнасы». Әр жылдарда талай мықты еңбек еткен газетіміздің оқырманы да еселеп артып келеді.

Қанаты қатайып, буыны бекіген төл газеттің тойы құтты болсын! Үнқағазымыз ізгілікке, іскерлікке үндейтін, мейірімділік, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді мұрат тұтатын, қоғамның жаңаруы мен жасаруын жарқыратып көрсететін, ақиқаттан аттамайтын, әділдікті, адалдықты ашып жазатын деңгейде биіктен көрінсін.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ