15.12.2020, 9:34
Қараулар: 307
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖАРШЫСЫ

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖАРШЫСЫ

Тәуелсіздік дегенде есімізге алдымен оралатыны «Желтоқсан» оқиғасы. Қанды қырғынның бейнесі халыққа белгілі «Аллажар» фильмінде анық әрі нақты баяндалған. Көзден жас емес, қан аққан сол сәттегі қазақ жастарының ерлігі тек Кеңес үкіметін ғана емес, күллі әлемді аяғынан тік тұрғызды. Ал ол оқиғаның әлемге танылуына бірден-бір себеп болған туынды – «Желтоқсан желі» әні.

Қазақ жастарының алаңға шығуына себеп болған Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары болып сайлануы еді. Г.В.Колбиннің тағайындалуы жөнінде 1986 жылғы 17 желтоқсанда «Қазахстанская правда» (№289 (19415) санында), «Коммунистік еңбек» (№241 (15455) санында), «Жетісу» (№242 (10295) санында), «Ленин жолы» (№241 (13682) санында) газеттерінде шағын ақпараттық хабарламалар жарық көрді. Бұл хабарды естіген бір топ жас алаңға бет алып, бейбіт түрде шеру өткізуге бел байлады. Дегенмен бейбіт шеруде жастардың үніне құлақ аспаған билік олардың әрекетін көтеріліс деп танып, қарулы күштердің көмегімен шеруді басып-жаншуды көздеді. Әр тараптан әскер алдырып, жастарды алаңнан қуа бастады. Жай ғана қумады. Қыздардың шашынан сүйреп, ұлдарымызды тепкі мен сапер күректерінің астына алып, итше тепкілеп, ұра бастады. Ол аз болғандай қыстың көзі қырауда суық су шашқан болатын. Тіпті жастарды жүк және әскери көліктерге «тиеп», Алматы маңындағы «Свалка» деген орынға апарып, жан дауысы шығып жатқанына қарамастан сайға лақтырып, қыздарды зорлап, білгенін қылып азаптап жатты. Бұдан бөлек қала ішінде де жастарға тыныштық бермей, бірінен соң біріне іздеу салып, ұсталғанын жындыханаға жатқызып, кейбірін тергеу изоляторында азаптаған екен. Бұның барлығы – Тәңірберген Хажиевтің «Аллажар» фильміндегі боямасыз көріністер. Көзімізбен көрмесек те, естігеніміз бен деректі фильмдер арқылы сол бір қанды оқиғаның көріністерін көріп, еріксіз жылап алатынбыз.

Сол бір кездің бейнесін көз алдымызға әкелер тағы бір туынды – «Желтоқсан желі». Бұл ән желтоқсаншылардың ұранына айналған. Ән алғаш Американың «Азаттық радиосында» шырқалғанын білесіз бе?! Бұл жөнінде әннің авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, сазгер Әбиірбек Тінәлі былай деп еске алды.

«Алматыдағы хабарды естігеннен кейін жұдырығымыз түйіліп, тісіміз қайралып, не істерімізді білмедік. Себебі 16 және 20 желтоқсан аралығында Алматы қаласына бармақ түгілі әр облыс, қала аумағынан шығуға тыйым салынған болатын. Әйтсе де намысымыз өзегімізді өртеп, Алладан келген бұйырық болса керек, сол бір ашу-ызадан соң еріксіз ыңылдай беретін болдым. Алматыдағы жастардың жай-күйін ойыма алып, тебіреністе жүрдім. Кейін Асылбек Әбдірахман деген ағамыз Таразға жаңа қызметке келіпті дегенді естіп, іздеп барып, ақыр соңы ағамызбен жолығудың сәті түсті. Ол кісіге әлгі біраз уақыт ыңылдап жүргенімді жеткіздім. Ағамыз байыппен тыңдап болғаннан соң, «Не болып еді?» деп сұрады. Алаңға барғым келгенін, дегенмен қол байлаулы, аяқ тұсаулы болғанын жеткізгенімде, ол кісі: «Ә-ә-ә, желтоқсан екен ғой. Бұған сөз жазу керек», – деді. Сөз жазғанда екі қырынан келдік. Біріншісі, алаңдағы қыз бен бала, ауылдағы ата-ананың жай-күйін жеткізу болса, екіншісі сонау 69 жылдың желтоқсанындағы жұттың ащы шындығын тілге тиек ету. Содан не керек:

Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ,

Көрінді шын-ақ айбарлы.

Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені,

Желтоқсан желі ызғарлы, – деп алғашқы шумақтарын жаздық. Кейін әннің сөзі дайын болған соң Жамбыл облыстық драма театрының актеры Жүніс Әлімбеков деген азаматпен бірге сөзін мың қайтара жаттап, домбырада шырқадық. Әбден бойымызға сіңірген соң желтоқсанның 20-сы жол ашылып, Жүніс екеуіміз жалғыз домбырамен Алматыға жол тарттық. Ондағы мақсатымыз әнді радиодан таратса, жастарға рух берсе деген ой болатын. Сөйтіп, Алматыға жеткен соң «Қазақ радиосына» бет алдық. Радиода Степа деген бір мықты кісі бар еді. Сонымен жолығып, әнімізді шырқап бердік. Ол қуанақуана келісіп, таспаға жазып берді. Содан таспаны алып екінші қабаттағы бір бөлмеге бардық. Ондағы бір апайымыз әннің екі шумағынан соң оның жарияланбайтынын жеткізді. Үмітіміз үзіліп, Жүніс екеуіміз шығып бара жатқанымызда радиоға бет алған ұзындау бойлы азамат «Ассалаумағалейкум» деп үн қатты. Жөнімізді, Алматыға келуіміздің себебін сұрады. Танысып-біліскен соң әлгі әнімізді бір тыңдап көрелік деп өзімен бірге ертіп, бағанағы екінші қабаттағы тағы бір бөлмеге бардық. Жайланған соң әлгі азамат өзін таныстырды. Қиял Сабдалин деген Америкадағы «Азаттың радиосының», Мюнхендегі Қазақ бөлімшесінің Алматыдағы меншікті тілшісі екен. Содан бір сағатқа жуық үшеуміз біраз әңгімелестік. Әлгі әнімізді естіп, көзіне жас алды. Әңгіме соңында кешкі сағат 19.15-те арнайы хабар болатынын айтып, шығарып салды. Жүніс екеуіміз аң-таң болып бір дүкеннен радио сатып алып, «Қазақстан» қонақ үйіндегі бөлмемізге бет алдық. Сабдалин айтқан уақытты асыға күтудеміз. Содан бір уақытта диктордың «Мюнхендегі Қазақ бөлімшесінен» сөйлеп тұрмыз деген жуан дауысы естілді. Сөйтсек, Сабдалин бағанағы бір сағаттық әңгімені түгелімен таспаға жазып алып, соны радиодан жариялапты. Сөйтіп, ән алғаш рет Американың «Азаттық радиосында» шырқалды», – деп тебіренді ағамыз.

Алматыдағы оқиғаны естіп, еліміздің әр өңірінде студенттер жатақханаларға қамалып, көшеге тірі жанның шығуына тыйым салынды. Бұл жөнінде Әбиірбек Тінәлі мынадай көріністі баяндап берген болатын.

«Менің үйім жақта жатақхана бар еді. Сол жатақхананың маңымен жұмысқа баратынмын. Бір күні жұмысқа бара жатқанымда әлгі жатақханадағы жастардың төсеніш тыстарын бір-біріне байлап, терезе арқылы қашып шығып жатқанын көргенмін. Сондағы мақсаты Алматыға бару, ел үшін, жер үшін алаңға шығу еді», – деді.

Міне, осындай естеліктер мен әңгімелер арқылы біз сол оқиғаның қалай өрбігенін естіп, біліп жүрміз. Бұл – тарих. Тарихымыз да, аға-әпкелеріміздің ерлігі де ешқашан ұмытылмақ емес. Бұл мақала арқылы белгілі әнді тыңдап, атаулы фильмді көріп, кейбір жастар үлгі алса демекпіз. Еліміз тыныш, болашағымыз жарқын болғай!

Асылбек НӘСІПҚАЛИ

(Суреттер ғаламтордан алынды)