15.12.2020, 9:27
Қараулар: 343
«ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚ» НЕМЕСЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚИ ҰРПАҚТАРЫ»

«ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚ» НЕМЕСЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚИ ҰРПАҚТАРЫ»

Nobel Prize winner Gabriel Garcia Marquez listens to a speech during the New Journalism Prize awards ceremony at the Museum of Contemporary Art (MARCO) in Monterrey October 2, 2007. The award recognizes and encourages journalism in Latin America. REUTERS/Tomas Bravo (MEXICO)

Габриэль Гарсия Маркес! Оның есімін кез келген көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Күллі әлемге әйгілі колумбиялық жазушының Нобель сыйлығына да ие болуы тегіннен-тегін емес.

«Жүз жылдық жалғыздық» туындысын қолға алғандардың бірі тамсанған, енді бірі кіжінген, енді бірі сүйсінгендей кітаптың қандай сиқыры бар еді?! Оның себебі де күллі адамзат баласына ел болсын, жеке адам болсын, ұлтына, нәсіліне қарамастан ортақ ойды, ортақ мәселені, ортақ мақсат, мүддені білдіргендіктен болар… Сондықтан бұл пікіртанымда кітапта суреттелетін «Буэндиа ұрпақтарының жаһанданудың лебімен бастаған «Қазақи ұрпақтарының» арасында жақын бір байланыс бар ма?» деген мәселеге тоқталғымыз келеді.

Кітапқа пікір айту деп түсінуден аулақ болыңдар, оның бағасын «көз майын тауысқан» профессорлар мен сыншылар XX ғасырда-ақ беріп тастаған.

«Адамнан қорықпағанмен, Құдайдан қорық»

«…Хосе Буэндианың қолынан қаза тапқан Агиляр оның күнде келіп жазасын алады. Ол ар сотының азабын тартумен өтуде», – дейді жазушы. Ал «Қазақи Буэндиа» қандай?

«Адамды орынсыз жазалама, оған жамандық жасама», «Адамнан қорықпағанмен, Құдайдан қорық» демей ме қазақ? Бірақ осы бір ұлылық өлшемнен аттап кететініміз әншейін болып қалды. Қазіргі заманда кісі өлтіру оңай, оны жазалау қиын. Тіпті қылмыс жасағандар түзету орындарынан білім алып, «семіріп» қайтып келіп жатады.

Бірер мысал. Осыдан 3-4 жыл бұрын бір ағамыз бұзақылық жасап, «ана жаққа қонаққа» кетіп еді, сол қайтып келді. Алыс жер емес, Оралдың ішіндегі түзету орны. Сол «ана жақты» мақтағанда аузының суы құриды. Төсекорын, тамақ, тәртіп – бәрі керемет, әңгімесінің төркініне қарасаң, «рахаттың» бәрі сонда сияқты. Ал сонда бүгін бұзақылық жасаған адам «ана жақты» аңсап, кісі өлтіру қылмысына барса ше? Өйткені біздің ел – гуманизм елі. Өлім жазасына мораторий жарияланған. Сонда қазақтың «Хосесі» адам өлтіруден шімірікпейді деген сөз.

«Қара шал. Қарттар үйі»

Жазушының Хосе Буэндиа мен Игуарандарын қартайғанда, олардың ұрпақтары біреуін ағашқа байлап қойса, екіншісін қуыршақ етіп ойнайды. Ал бізде ше?

Қарттар үйі қаланы қойып, ауылға да жетті. Жылмажыл қазан айында өткізілетін «Қайырымдылық күндері» кезінде осыларға пәлендей қамқорлық жасалып жатыр деген қомақты мәліметтер айтылғанда алып-келіп қуанамыз. Ал осы қуаныш па? Түсінер адам болса, бұған жылар еді. А.Қоразбаевтың «Қара шал» әнінің мәніне терең үңілсек, жауап тапқан болар едік.

«Зарыққан сағатыңды ұмытсаң да, одан алған сабағыңды ұмытпа» (С. Геснер)

Жазушы Макондо қалашығындағы қырғынды суреттейді. Гарнизон әскерлері ереуілге шыққан 3 мың жұмысшыны қырып тастайды. Ереуіл басылып, көшеге шыққан халық әлгі қанды оқиғаны тез ұмытып та кетеді. «Кеше ғана талтүсте болған оқиға есте жоқ», – дейді. Ал біздер ше?

Ұмытылған тарихымызды, салт-сана, дәстүріміз туралы ұзын-сонар пікір жазбай-ақ қояйық. Мынаны айтсақ та жетіп жатыр. Ұмытудың санада жүруінің өзі ең қауіпті болып отыр.

Біреудің біреуге жасаған жақсылығы, адамшылығы, қамқорлығы мансаптың, болмаса құлқыны үшін ұмытылып жатады. Ал адамдардың бұндай «ұмытуын» еш уақытта дәлелдете алмайсың.

Жеті атасын білмеген…

Жазушы: «Хосе Аркадио мен онымен туыс болып келетін Аурелианоның бірбіріне үйленуі ақыры Буэндиа ұрпағының тұқымын құртты», – дейді. Ал біз ше?

«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп, туыстардың өзара үйленуіне тыйым салған бабаларымыз колумбиялық жазушыдай роман жазбай-ақ бір кескен. Бірақ кеңестік салттың, басқа факторлардың әсерінен өз туысына үйленген шаңырақтардан «Жаралы ұрпақтар» шыққанын жасыруға болмас.

Осыған мысалдар келтірейікші. Сонау Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу жолындағы жанталаста алыс-алыс фермаларға қой төлдетуге көмекке фабрика, зауыттардан (Орал қаласындағы К.Цеткин фабрикасы) көп-көп қыз келетін. Жыл-он екі ай ауылдан ұзап шықпайтын момын жігіттеріміз қыздарды алып қалуға тырысып, қой төлдету науқаны емес, «Ғашықтар науқаны» жүретін. «Көн етектіні» қалағандары қалып, «көк етіктіні» іздегендері кететін.

Әрине, бұл да отбасын құру мәселесін шешуге аздап көмек жасағанымен, түпкілікті шешіп бере алмайтын. Нәтижесінде қазіргідей урбанизация жоқ кезде ауылдағылар туысына үйленбегенде, кімге үйленеді? Осының да салқыны тиген жоқ деп айта алмаймыз.

Адамзаттың бақыты – әйелдің табанының астында

Ұлы жазушы Буэндианың немере қызының үйде анадан туғандай жалаңаш жүретінін, оған барлық отбасының да бойы үйреніп кететінін суреттейді. Бұл бізде қалай?

Қазіргі жаһандану (глобализация) дәуірі басталғаны оған ұлттардың жұтылып кетпеуі жөнінде әлем ғылымдары басын қатыруда. Ал осы жаһанданудың бір түрі – Батыс Еуропаның салты жетіп, орнығу үстінде. Соның бірі – гендерлік саясатты енгізу. Еліміздің зиялы қауым өкілдерін толғандырып отырған бұл саясат бүгінде жер-жерде комиссия болып құрылып, жұмысын бастап та кетті. Осыған орай гендерлік саясат туралы Бауыржан Момышұлының келіні, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметованың республикалық баспасөзге берген пікірін келтірейік: «…Мемлекет шынымен іргесі бекіген елу елдің қатарына қосыламыз дейтін болса, алдымен әйел-ананың жағдайын жақсартуы керек. Ол үшін болашақ ана – қыз баланың тәрбиесі жақсы болуы керек. Қызына тәрбие көрсете алмаған елдің іргесінен ырыс кетеді, тұнығы лайланады, толысы төгіледі, содан барып оның ұрпағы жидіп-жүнжиді. Баяғы заманда бір қыздың намысын қазақтың бар жігіті қорғаған екен. Амал қанша, соның бәрінен айырылып қалдық».

Міне, ел батыры Бауыржан атамызға сүйікті келін атанған Зейнеп апамның пікірі осындай. Осы пікірге сүйене отырып, мынандай ой келеді. Батыс елдерінің орға жығар азғындатқыш, арандатқыш, гендерлік жымысқы саясатын заңдастырыпғ қоғамға енгізу теңдессіз «сиқырлы жоспар» сияқты. Әрине, еркектер мен әйелдердің табиғатында ерекшелік барын ешкім жоққа шығармайды. Алла кемелдену және Құдайға жақындауда еркектерге де, әйелдерге де бірдей құқық, мүмкіндік сыйлады. Исламда, әсіресе қазақ қағидасында әйелдер ең құрметті әрі ең қасиетті орынға ие, қоғамда ол жай тастар арасындағы інжу-маржанмен бірдей, «Адамзаттың бақыты – әйеля табанының астында» деуі осыдан.

Батыс Еуропаның гендерлік саясат туралы шулауы, ондағы феминистік қоғамның әйелдерге деген шектен шыққан әділетсіздігінен туындауда. Ал бізде, қазақ елінде әйелдердің ерлермен тең құқықты екені Ата Заңымызда тайға таңба басқандай айқындалған.

Сондықтан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, «Нағыз демократияның негізгі бір элементі – гендерлік теңдік» деген әйелді бұзатын, ұлттық тамырға балта шабатын аса қауіпті сионистік идеологиядан аулақ жүру керек сияқты. Онсыз да «Колумбиялық Буэндианың» «Қазақ немерелері» жетіп жатыр…

Қаланбай қалған қандай кірпіш?

Міне, колумбиялық ұлы жазушының ешкімге белгісіз «Аракатака» қаласындағы Буэндиа әулетінің өмірін суреттеу арқылы жұмыр жердің түкпір-түкпіріндегі тілі басқа, тіршілігі басқа, түсінігі де, түйсінуі де сан алуан халықтардың көкірегіне тіке жол таба білуінің сыры осында жатса керек.

Осы мәселедегі ой түйінін Мұхтар Шаханов ағамыздың мына бір сөзімен қорытындыласақ та жетіп жатқан сияқты: «Нарық заңын жасаушылар оның іргетасын да, кірпішін де жақсы қалаған, тек үстіңгі жағына «Адам руханияты» деген кірпіш қалауды ұмытып кеткен», – деген. Ал сол қаланбай қалған кірпіштің орнын жоқтатпау кім-кімге де қатысты сияқты.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі