8.12.2020, 15:12
Қараулар: 343
ТҮЙЕ САУЫП, ТАУЫҚ ӨСІРЕДІ

ТҮЙЕ САУЫП, ТАУЫҚ ӨСІРЕДІ

Осыдан біраз бұрынғы мақалаларда жергілікті кәсіпкер туралы жаза отырып, кәсіп меңгерудің шекарасы болмайтынын ашып көрсеткен едік. Шынында да солай ғой. Кім қандай кәсіппен айналысамын десе де өз еркі. Қазақ ықылымнан төрт түлік өсіріп, кәсібін дөңгелеткен шаруа халық. Олар бүгінде бүкіл кәсіптің тілін меңгеріп, нарықтың қатаң талабынан шығып жүр.

Әркім көрпесіне қарай көсілетінін ескерсек, ауыл тұрғындары да шаруаның небір түрін меңгере алады. Әріге бармай-ақ, Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды ауылында өз ауласында түйесін сауып, шұбатын дайындап, тауығын өсіріп, жұмыртқасын сатып, кәсібін дөңгелетіп отырған Манарбек деген жігіт туралы жағымды хабар естідік. Ол өзінің іскерлігі арқасында екі кәсіптің басын біріктіріп, шаруасын алға жылжытып отыр. Арнайы іздеп барып, кейіпкерді әңгімеге тарттық.

– Екі жыл бұрын осы жерде «Райымбек» шаруа қожалығын басқарып отырған әкемізге қолұшын беріп, көмектесу мақсамен Орал қаласынан отбасыммен көшіп келдік. Бойда қуат, білекте күшіміз тасыған жас болғасын, шаруаға бірден араласып кеттім.

Қала жастардың шоғырланған ортасы болса да, ауыл жағдайында еңбекпен есейген мені аса қызықтыра қойған жоқ. Ауылда еркіндік басым. Айналысатын кәсібің мен оны алға жылжытуға септігін тигізетін ағайының болса, ауылдан асқан жер табылмайтынын мен жақсы білемін. Сондықтан еш нәрсеге алаңдамай, келген бойда кәсіпке бел шеше кірістім. Өткен жылдан бері 200 тауық өсіріп, балапан бастыртып, шөжелері мен жұмыртқаларын қажет еткен адамға сатып, табыс тауып келемін. Оған ең алғаш ақыл-кеңесін беріп, моральдық тұрғыда жан-жақты қолдау көмек көрсеткен – әкеміз.

Қазір, шүкір, шаруамыз жаман емес. Биыл Маңғыстаудан ботасымен бір түйе сатып алып келіп, ауылды шұбатпен қамтамасыз еттім. Бұл кәсіптің де аз-кем пайдасын көріп, табыс тапқасын келер жылы тағы бір түйе сатып алуды жопарлап қойдым. Бұйыртса, кәсібімнің аясын кеңейту арқылы құс шаруашылығын дамытып, қаз өсіруді қолға аламын, – дейді Манарбек Темірбекұлы.

– Ауылдық жерде тұрақты кәсіппен айналысатын жастардың қатары көбейгені, әрине, жақсы. Манарбек – менің күйеу балам. Жас отбасы болғасын қызым екеуіне бағытбағдар беріп, қамқорлыққа алуым – әкелік парызым ғой. Шүкір, ауыл баласы болғасын Манарбек шаруаға епті. Істің тетігін тауып, кәсіптің көзін ашқасын қашан да оған қолдау-көмек көрсетіп тұрамын, – дейді «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев.

Татулығы жарасқан отбасымен дидарласа отырып «Бірлік бар жерде тірлік барын» айқын ұғындық.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ