8.12.2020, 15:04
Қараулар: 297
КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТІ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТІ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Жалпақтал мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынның атқарған жұмысы жергілікті тұрғындардың үнемі сын көзінде жүретін еді. Ауылаймақты ауыз сумен қамтамасыз етуге тиіс бұл мекемеге, біріншіден, білімді маман, екіншіден, ұжымды ұтымды ұйымдастыратын білікті басшы тұрақтамай, жұмысы мүлдем мардымаған болатын.

Географиялық әрі табиғишаруашылық ерекшелігіне орай біздің ауданда су мәселесі әрдайым қадағалауда ұстауды қажет етеді. Оның үстіне Жалпақтал ауылында ауыз су мәселесі өткір күйде тұр. Оған аудан әкімі мен осы салаға жауапты жергілікті басшылар әбден қанық. Ауыз сумен қамту мәселесі жер үсті суына (өзенге) тікелей тәуелді. Өзен суы бірнеше жыл бойы жиналатын қор емес. Сондықтан осы факторды ескере отырып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етудің тиімді жолын іске асыру үшін мамандар ауыз суды тұтынуды шектеуге мәжбүр болады. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз етудің түрлі болжамын жасасақ, бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар. Ол үшін суды үнемдеу технологиясын енгізу қажет. Айталық, табиғат заңдылығында жауын-шашынды немесе құрғақшылық кезеңдері жиі кездеседі. Ондай кезең бір-екі жыл емес, кейде ұзақ мерзімге созылуы әбден мүмкін.

Жалпақтал ауылының үстімен Қараөзен өзені ағып жатыр. Ол қайнар көзін Ресейден алады. Ол біз үшін тікелей тіршілік көзіне айналуда. Осыны ескерген аудан әкімі Альберт Есалиев өз кезегінде сала мамандарының басын қосып, Жалпақтал ауылындағы ауыз су мәселесіне орай қордаланған түйткілдің жан-жақты шешімін табу мақсатымен кеңейтілген жиын өткізіп, тиісті сала басшыларына шұғыл тапсырмалар берді.

– Жалпақтал халқын ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі жайында аудан әкімі нақты тапсырмалар берді. Бұл бағытта атқаратын шаралар өте көп. Сондықтан сөз бен істің арасын біріктіріп, уақыт өткізбей іске кіріскен абзал, – деген еді сол кезде ауыл тұрғындары.

Енді, міне, Жалпақталда коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорны директорының міндетін уақытша атқарып жүрген Амангелді Дүйсенбаев келгелі бұл саладағы жұмыс кәдімгідей алға жылжи бастады.

– Ауылдастары үшін аянбай еңбек етіп, уақытпен санаспай жүрген Амангелді бауырымызға алғысымыз мол. Ол келгелі уақытпен берілетін ауыз судан тарығып көрген жоқпыз, – дейді Жалпақтал ауылының тұрғыны Манар Масалиева.

Қазір қиюы кеткен жұмысты реттей келген кәсіпорын қызметкерлері Қараөзеннің астымен жүргізілген құбыр ақауларын жөндеп, ауыл шетіндегі тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде. Бұл жолда мекеме қызметкерлері Елжас Хабибуллин, Алпамыс Құспанов, Сәулет Ғайнуллин, Дамир Садықов екпінді еңбек етіп, белсенділік танытып жүр.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ