8.12.2020, 14:02
Қараулар: 319
«ТЕМІР АЖАЛДАН» САҚ БОЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

«ТЕМІР АЖАЛДАН» САҚ БОЛАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Осы бір халықты толғандырып отырған мәселені жазар алдында сәл-пәл шегініс жасағанды жөн санадым. Ертеректе «Таңғажайып оқиғалар циклі» еңбегінен «Верный (Алматы) қаласында ең алғаш екі автомобиль қолданысқа енген. Сол екі көлік бір-біріне соғылып, апатқа ұшырапты» дегенді оқығанмын. Былай қарасаңыз, күлкілі жағдай. Бар-жоғы екі көліктің ескі қалада жолға сыя алмағаны тосындау. Осыны еске түсірсек, бүгінгі техникалық революцияның шырқау шегіне жеткен кезеңде әлемде жыл сайын сан мыңдаған адамдардың жолкөлік апатынан қаза табатыны жан түршіктіреді.

Иә, қазіргі күнде күнделікті хабардан естіп, біліп отырғанымыздай, көлік апатынан мыңдаған адам қаза тауып жатыр. Жол-көлік апатынан құрбан болғандардың саны жылдан-жылға өсе түсуде. Өткен жылды айтпай-ақ, күні кеше ғана Орал қаласындағы мектеп оқушысы жолкөлік апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Бейкүнә бүлдіршін қыршын кетті. Ал кешегі ауданымызда болған жол-көлік апаты бес адамның өмірін ерте қиды. Такси қызметін пайдаланған жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмай, ерте үзілді. Осыны ескере келгенде, «жол апатынан адамдар қашып құтыла ала ма?» деген сұрақ туындайды. Адамдардың мезгілсіз бақытсыздыққа ұшырауының бір себебі, көлік жүргізушілерінің жауапкершілігінің жоқтығынан болып отыр деп ашық айтуға тура келеді. Жеңіл көлікті жүргізушілер сағыммен жарысқандай жылдамдыққа барып, өзін де, қасындағы жолаушысын да мерт қылып жатыр. Оның үстіне кейбіреулері көлік рөлін ішімдік ішіп айдап, түрлі оқыс оқиғаларға душар болуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің мемлекеттік автоинспекторынан алған деректерді келтірейік. Жыл басынан бері он жол-көлік апаты оқиғасы тіркелсе, отыз адам мас күйінде көлік жүргізу құқығынан айырылған. Казталов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 3823 жеке көлік құралы тіркелген.

Бұл тек қана бір жылдың көрсеткіші. Ауданымыздың күре жолы асфальтталып, халық жылдар бойы күткен армандарына қол жеткізді. Жоғарыда атап өткендей, тақтайдай тегіс жолда көлік жүргізушілері аса жоғары жылдамдықпен жүріп, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзып жатқан фактілер көбейе түсуде. Тағы да бір шегініс. Сонау 2013 жылы Чапаеводан тартылған асфальт жолда бір үйдің жасөспірім қыздары апатқа ұшырап, қаза болды. Сол жағдай халық арасында қоғамдық қозғалыс туғызып, жұртшылық тарапынан «Неге жол бойын мемлекеттік автоинспекторлар жиі бақыламайды?» деген сындар да айтылған болатын. Осыған байланысты сол кездегі облыс әкімі Н.Ноғаев «Әрбір он шақырым сайын жол қауіпсіздігін тексеретін полицейлерді қою мүмкін емес. Бұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін әрбір адам өз жауапкершілігін білуі тиіс» деп айтқан еді. Расында да бұндай әдіспен түрлі апаттардың алдын аламыз деп айту бекершілік екені қалың оқырманға түсінікті. Ауданымызға жеткен күре жолдың асфальтталуы біраз жылдан кейін Жәнібекке және Орда аудандарына жетеді. Алла қаласа, стратегиялық жоспар бойынша Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолының да бір тармағы болайын деп тұр. Бұл дегеніміз біздің ауданымыз үлкен жолдың бойында тұрған аудан болып шығады. Сол уақытта күре жолдың бойымен әрі-бері жүретін көліктер бірнеше есеге өседі деген сөз. Яғни, ағылып жатқан көлік тасқынында адамдардың қауіпсіздігі бірінші орынға шығары сөзсіз. Міне, бұл бізге қазірден бастап өзіміздің жол қауіпсіздігін сақтау жөніндегі менталитетімізге басқаша қарау керектігін байқатып отыр. Дегенмен көзіміз көріп жүргендей, бүгінгі жеңіл көлікті жүргізушілер өздерінің мәдениеттілігін сақтап отыр деп айтуға келмес. Жүргізуші куәлігін ала салып (қалай алатыны тағы белгісіз) қала мен екі ортаға жолаушы тасуға шығады. Салық комитетіне тіркелмегені өз алдына жол жүру ережесінің қарапайым қағидаттарын да бойларына сіңірмегендер қаншама?! Жолаушы тасымалдағандықтан, Орал қаласына бір күнде екі рет қатынас жасауды дағдыға айналдыруда. Ал он сағат бойына көлік рөлінде отырған адам моральдық әрі физикалық тұрғыдан шаршайтынын ұғынғысы келмейді. Қателеспесем, жолаушы таситын көлік жүргізушілері 200 шақырымнан кейін ауысып, қызмет жасауы керек. Бұны көрші Ресейден білеміз. Ал біздерде бұндай ереже бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Сонымен қатар құзырлы органдар тарапынан көлік жүргізушілер, соның ішінде жолаушы тасымалымен айналысатын көліктердің есебін, олардың қалай жұмыс жасап жатқанына мониторинг жүргізу төмен дәрежеде болып отырғанын байқаймыз. Міне, осындай жағдайлардан кейін жолкөлік апатынан болатын түрлі бақытсыздықтарға душар болып, арты орны толмас қайғы-қасіретке ұшыраудамыз.

Қорыта келгенде, тұрмыстық жағдайымыз жақсарыған сайын әрбір үйдің ауласында екі-үш көліктен тұратын дәрежеге жеттік. Бірақ сол көліктер адамдарды бақытсыздыққа ұшыратпайтын көліктер болса екен. Адамдар, сақ болайық! «Темір ажал» алыста емес, іргемізде тұр.

Әсем БОЛАТ