1.12.2020, 18:05
Қараулар: 287
АҢШЫЛЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЫРҒЫ КӘСІБІ

АҢШЫЛЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЫРҒЫ КӘСІБІ

Аңшылық-саятшылық – қазақтың байырғы да қосалқы кəсібінің, сондай-ақ көшпелілер үшін күнкөрістің əрі көңіл көтерудің бір саласы. Бұл кəсіптің маманын аңшы жəне саятшы деп атаған. Аңшылықтың бейнеті, еңбек шығыны аз, бірақ табысы құнды – бағалы аң терісі, еті, қауырсыны, мамығы – қайқайсысы да адамдардың қажетіне жараған. Иә, мұның бәрі ата-бабамыздың көшпелі өмірінде орын алды. Кейінгі уақытта аңшылықты кәсіп қылғандардың қарасы азайып барады. Бұл да заманның озығы не тозығы шығар?

Бүгінде қолына мылтық алып, ит баулып, құс ұшырған аңшылық пен саятшылық кәсіптен гөрі спорттық мағынаға ауысқандай. Әлеуметтік желіден ит жарыстырып, төбелестіріп немесе қыран құсты аңға салудан жарысқан жаңалықтар біренсаран болса да ұшырасып жатады. Енді бірі дала аңын баудай қырып, онымен бірге суретке түсіп жатады. Табыс үшін ақбөкендерді де аяусыз атып жатқандар қаншама? Иә, бұл бөлек әңгіме. Біздің жазарымыз аңшылықпен айналысқан азаматтар туралы болмақ.

Казталов өңірінде аңшылық туралы сөз қозғасақ, тіліміздің ұшына Шамғон, Сексенбай ағаларымыздың аты еріксіз оралады. Олардың аңға шыққан кездегі мергендігі мен із кесу қасиеті туралы ел аузында біраз аңыз-әңгімелер бар. Бүгінде Шамғон ағамыз зейнетке шығып, Орал қаласында тұрып жатса, Сексенбай ағамыз Бірік ауылдық округінің орталығы Әжібай ауылында тұрады. Қазіргі күнде 60-ты алқымдаған Сексенбай Дүйсенғалиев былтырғы жылдан бастап «Сұлтан» шаруа қожалығын құрып, атакәсіп мал өсірумен айналысуда. Сексенбай ағаның әкесі мен анасы Қалабай көлі маңында 1971 жылдан бастап жылқы баққан. Қалабай қыстағы атақоныс есебінде. Сол атақоныс Қалабайдан жер алып, үй салған. Шаруашылықта 50-ге тарта ірі қара 15 шақты жылқы бар. Алла сәтін салып, Сексенбай ағамызбен кездесіп, әңгімедүкен құрдық. Әңгімеміздің төркіні – аңшылық туралы болды.

– Менің әкем де, нағашыларым да аңшы болған адамдар. Қастарына 3-сынып оқып жүргенімде аң аулауға алып шығатын. Мылтықты сол кезде атып үйрендім. Содан кейін аңшылыққа құмарттым. Мектеп бітіргенде аңшылық куәлігін алдым. Көбінесе түз тағысын атуға машықтандым. Осы күнге дейін санайтын босам, 219 қасқыр атыппын. Алғашқы қасқырды да бала күнімде атып алдым. Менің балалық шағым Кеңес заманында өткендіктен, түз тағылары ауылшаруашылық саласына көп зиянын тигізетін. Ол кезде мал да, қасқыр да көп еді. Ілкіде әкеміз бен анамыз 1969-1970 жылдары Бершімбай соры маңындағы Түйеқұдық қыстағында қой бақты. Әке-шешеміз әртүрлі шаруалармен қойды бізге тастап кете беретін. Бір күні ата-анамыз бір шаруларымен ауданға кетті. Өзімнен кейінгі Жұмақ есімді ініміз екеуміз қой бағып жүрміз. Бір кезде қырдың қабағынан бес ит түсіп келе жатыр. Түсі көк, немістің овчаркасы секілді, бірінен-бірі аумайды. Інім ит деп ойлап: – Кә, кә, – деп айқайлап шақыра, алдарынан жүгіре жөнелді. Ал мен ол иттерге ішім жылымай, қарап отырмын. Бір уақытта қойдың шеті дүрліге түсіп, жиналып қалды. Әлгі иттер қойды қоршай әр жерге отырып алды. Шауып барған інім де қаша жөнелді. Иттің біреуі қойға қарай тіке шауып келеді. Менің қолымда әкемнің мылтығы бар болатын. Ол кезде шабандарға 16 калибрлі дара ауыз мылтығы беріледі. Ит қойға жақындай берген кезде мылтықпен көздеп тұрып, шүріппені басып кеп қалдым. Мылтық гүрс етті. Оқ тиген ит қыңсылап, тоңқаласа құлады. Әкем келгесін: – Әке, қойға ит шауып, мен атып алдым, – деп айттым. Атқан итімді барып көргесін әкем: – Бершімбай сорындағы Тоқал аралы – қасқырлардың мекені. Бұл ит емес, қасқыр. Қасқырдың қаншығы екен, – демесі бар ма. Бұл 1970 жыл еді. Ең алғашқы атып алған қасқырым болатын.

Ағамыздың үйінде арнайы қатырылған түз тағысының мүсіні бар. Бұл қасқыр туралы сұрағанымызда ол: – 2008 жылы «Қалабай» қыстағының малшыларына қасқырлар маза бермеді. Сол қасқырды ауыздықтау үшін бір күн жүрдім. Ақыры тұзаққа түсірдім. Аңшылықтан бір ескерткіш болып қалсын деп терісін еш жерге тапсырмай, төрге қойғаным ғой, – деді ағамыз.

Сонымен қатар 2012 жылдың қыс айында қар көп түскен кезде өзім пайдаланатын моторлы шанаммен (снегоход) шалғайда тұратын біраз адамдарға да көмек қолын создым. Облыстан арнайы келген аңшылар да мені жер жағдайын білесің, – деп бірге алып шығып жатады. Бірақ мен даламның жазықсыз аң-құстарын ретсіз атуларына жол бермеймін, – дейді. Ағамыздың тағы бір қасиеті – мергендігі. Мерген болғанда көздеп емес, қолмен ататын мерген. Бұл да аңшылықта керек бір ерекшелік. Із кесуде де Сексенбай ағадан асқан шебер жоқ. Ағаның аңшылық туралы әңгімесін сағаттап, жалықпай тыңдай беруге болады. Сондай қызықты бір әңгімесіне тоқталуды жөн көрдік.

– Бірде ауданға қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров аңшылыққа келеді деген хабар жетті. Сол кездегі аудан басшысы Табылғали Сапаров ағамыз мені шақырып алып: – Інім, тікұшақпен ұшып көрдің бе? Ертең келетін қонақтарды сен алып жүрсең жақсы болар еді, – деп қолқа салды. Бұрын әкеммен бір рет қана ұшқан едім. Бірақ жолдан шатысқан емеспін. Табылғали Сатқалиұлы: – Тікұшақтың ұшу уақыты 5 сағат қана. Аудан аумағындағы қасқыр ататын жерлдерді аралап, Жаңақалаға ұшып барасың, – деп тапсырды. Сонымен қонақтарды қарсылауға аудан орталығына Ресейден кіретін жолдағы кеден бекетіне бардым. Қыс айы болатын. Таң ата күн райы бұзылып, ұйытқып боран соғып тұр. Айнала дым көрінбейді. Бекетке тікұшақ келіп қонды. Тоқтар ағамыз бір себептермен келмей қалған. Бірақ облыстан біраз сыйлы азаматтар арнайы келген. Соларға ақтүтек боранда жолбастаушы болып сапарға шықтым. Қасымдағы пилот: – Қай жаққа барамыз? – деп сұрады. Мен тіке бастап, Тереңкөлдің шамасына түсірдім. Төмендегі қыстақтардың атын атап келе жатырмын. Талдыпан мен Қызылқұрт қыстақтарының ортасында бір арлан қасқыр бір үйір жылқыны қоршай шауып жүр екен. Соның үстіне түсірдім. Қасымдағы қонақтар атып алды. Содан кейін Ащыөзекке қарай бағыттап ұштық. Ащыөзекте қабан толып жүр. Ішінде 4-5 жылдық өгіз секілділері бар. Сол сапарымызда 5 қасқыр атып алдық. Сондай да қызықтар болған, – деп әңгімелеген еді Сексенбай ағамыз. «Текті тегіне тартып туады» демекші, ағамен әңгіме соғып отырғанымызда қасымызға немересі жүгіріп келіп: – Ата, аспанда құстар ұшып барады. Қаз ба, үйрек пе? Атып алайық, – деп сұрағанда, қыран-топан күлкіге баттық. Расымен, үйден шығып қарасақ, ұшып бара жатқан қаздар екен.

Әңгіме соңында ағамызға, «аңшы тек аң атушы ғана емес, ол жан-жануарды суық қолдардан қорғаушы. Сондықтан даланың сұлу және өр жануарларын әркез қорғап жүріңіз!» – деген тілегімізді айтып, қоштастық.

Қайрат ЖАҚЫП

БҚО, Казталов ауданы