8.12.2020, 11:16
Қараулар: 471
Мүлікке құқығыңызды  уақытында тіркету  – айыппұл төлеудің алдын алу

Мүлікке құқығыңызды  уақытында тіркету  – айыппұл төлеудің алдын алу

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының   9 бабы                             1 тармағына сәйкес  тұлға құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін негіз болып табылатын заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілейтін құжаттар берілген кезден бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті. Осы заң талаптарына  сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарын белгілейтін құжаттарын  жеке және заңды тұлғалар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жоғарыда аталған мерзім өтпестен бұрын ұсынулары қажет.

Жеке және заңды тұлғалардың осы белгіленген  мерзімді бұзуы 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 460 бабына сәйкес жауаптылыққа әкеліп соғады.

Аталған кодекстің 460-бабында «жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін бұзу

жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімін бұзуы – «ескерту» жасауға әкеп соғады.

Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет –

жеке тұлғаларға – он, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады-деп көрсетілген.

Казталов ауданаралық Әділет басқармасымен  2020 жылдың 9 айы бойынша   жылжымайтын мүлікке құқықтарын заңда белгіленген мерзімде тіркетпеген 29 жеке тұлғаға, 1 заңы тұлғаға қатысты әкімшілік іс қаралып, 29 жеке тұлғаға «ескерту» түріндегі шара алынса, 1 заңды тұлғадан  27 780 теңге мөлшерінде айыппұл өндірілді.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың  себептеріне нақты мысал келтіретін болсақ, заңды тұлғалардың өз теңгеріміндегі жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжаттарын, яғни тұрақты пайдалануға берілген жер телімдерінің  шешімдерін немесе тұрғын үйлердің мемлекеттік қабылдау комиссияларының қабылдау актілерін  уақытында тіркеуге ұсынбауы болып отыр.

Жеке тұлғаларға келетін болсақ, азаматтар заң бойынша мұраға құқық куәлігі негізінде алған жылжымайтын мүліктеріне, тұрғын үй салу үшін жалға алған  жер учаскелеріне, салынған тұрғын үйлеріне құқықты  уақытында тіркеуге асығыстық танытпайды. Сонымен қатар, жеке тұлғалар тарапынан шаруа қожалық өкілдері ұзақ мерзімге берілген жер телімдеріне құқықтарын яғни, аудан әкімдігінің қаулысы мен жер учаскесін жалдау шарттарын уақытында тіркеуге ұсынбайды. Жеке тұлғаларға қатысты қаралған әкімшілік істердің көпшілігі шаруа  қожалықтарының жетекшілеріне қатысты екендігін айта кеткен жөн

Жылжымайтын мүлікке құқықты уақытында тіркетпеудің басты себептері –азаматтардың немесе заңды тұлға өкілдерінің құқық туындаған сәттен бастап 6 ай мерзімде тіркеу қажеттігін білмеуі және құжаттарын тіркетуде   салғырттық танытуы болып отыр.

Сондықтанда өз уақытыңыз бен белгіленген қаржыңыңызды мақсатсыз жұмсамау мақсатында яғни,   әкімшілік құық бұзушылықтың  алдын алу үшін жылжымайтын мүлікке құқықтарыңызды   заңда көзделген мерзімге сәйкес тіркету қажет.

                                                                                       Э.Кайсагалиева

                                                                      Казталов ауданаралық

                                                                 Әділет басқармасының басшысы