3.12.2020, 11:22
Қараулар: 395
ӨН БОЙЫНДА ӨНЕРІ…

ӨН БОЙЫНДА ӨНЕРІ…

Киелі Қамыс-самар елімен шекаралас жатқан Қарасу ауылында дүниеге келген Әсет бала күнінен үлкен сахналарда өнер көрсетуді қиялдайтын. Өмір мың соқпақ болып келеді. Кейде сол арманға жеткізіп, кейде басқа арнаға бұрады.

Мектеп бітіргеннен кейін Әсет Отан алдындағы борышын өтеп, туған ауылына сағынышпен оралды. Балалық шақтағы арманына қол жеткізу үшін қалаға барып білім алуды да ойлаған болатын. Бірақ ата-анасына көмектесуге ұйғарым жасап, ауылда қалды. Осы кезде көрші ауылдың кішкентай аппақ қызына жүрексезімін бұрды. Жұлдыз есімді ару Оралдан білім алып келіп, аудандық редакцияда машықтан өтіп жатқан уақыты еді. Екі жасты тек жүрек қана емес, өнер де тоғыстырғаны анық. Жұлдыз да ауыл сахнасында өнерімен көзге түсіп әрі қаламымен әр тақырыпқа, соның ішінде замандастар бейнесінің қыр-сырын ашуда көрініп келе жатқан жас толқындар қатарында болатын. Сөйтіп, екі жас атаананың рұқсатымен отау құрды. Аудан орталығына қоныс аударып, қызметке кірісті. Әрине, жас шаңыраққа үй болудың қызығы бірден келе қойған жоқ. Пәтерден пәтерге көшу, басқа да қиындықтар бұлардан айналып өтпеді.

Әсет өзінің сүйікті ісін қайтадан бастауды жөн көрді. Ол темірден түйін түйетін шебер еді. Жұмыстан қолы бос уақытта темірден түрлі бұйым жасайды. Қазіргі кезде барлық жердегідей ауылда да заманауи үйлер салу, оның ішін еуропалық стандартпен әрлеу, аулаларын қоршау сынды үрдістер өріс алғаны белгілі. Ал осындайда қаладан шебер шақыртпай-ақ, ауылдан Әсет сынды нағыз шеберлерге сұраныс күшейе түсті. Қай істі алсаң да, оны асқан шеберлікпен жасау үшін ұшқыр қиял, ой, фантазия керек. Поэзияға жақын Әсет осыны өзінің қол шеберлігімен үндестіре білді. Былайша айтқанда, суретші қылқаламмен салған суретіне жан бітіретін болса, Әсет те темірден жасаған бұйымдарына жан бітіретіндей шеберге айналды. Соның нәтижесінде бүгінде ауданда Әсеттің қызметіне сұраныс өте жоғары. Кейіпкеріміз кәсібі жөнінде былай деп әңгімілеп берді.

– Ата-бабамыз темір түюді бізге өнеге, мұра қылып қалдырған. Осы кәсіпке келмес бұрын 4-5 жылдай алдымен құралсаймандарын жинап, өзімнен жасы үлкен, қолы шебер ағаларымнан кеңес алдым. Болашақта кәсіп аясын кеңейтіп, ғимарат салуды жоспарлап отырмын. Шүкір, қазір тапсырыстар саны күннен-күнге артып келеді. Адам баласы белгілі бір істі сүйіп, шынайы істесе, сол бастаған істің берекелі боларына нық сенемін. Бүгінде кенже қалған кәсіпті жаңғыртып, одан әрі дамыту – басты мақсатым, – дейді замандасымыз.

Иә, Әсет осы кәсіпті қолға алған уақытында бала кездегі армандаған өнерден де ажырап кеткен жоқ. Қайта жұбайы Жұлдыз екеуі одан әрі дамыта түсті. Тіпті түрлі байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Бір қызығы, Әсетті «ауданың Мұқағалиы» деп те атайды. Себебі сахна төрінде ақынның өлеңін образға еніп оқығаннан әрі келбеті ақиық ақынға ұқсас болғандықтан да болар деп ойлаймыз. Жарасымды отбасында өсіп келе жатқан қос қызғалдағы, әсіресе тұңғышы Інжу де ата-анасының бойындағы өнерді қабылдап, соларға ұқсап сахнада жиі көрініп жүр.

Осы бір мақалада өнерді де, кәсіпті де тең ұстаған замандасымыздың кейбір қырын аштық. Ал алдағы уақытта Әсеттің жаңа қырлары ашыла түсетініне бек сенеміз. Өйткені Әсет замандасымыздың бейнесінен алға мақсат қойған бүгінгі өскелең ұрпақтың келбетін көреміз.

Өнер мен шеберлікті қатар ұстаған елдің мақтанышы Әсеттей азаматтар көп болсын!

Әсем БОЛАТ