3.12.2020, 11:09
Қараулар: 390
ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘНШІ /меццо-сопрано Дина Хамзина хақында/

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘНШІ /меццо-сопрано Дина Хамзина хақында/

Адам баласының сезімін тербейтін мұң, үміт, қайғы шері мен көңіл қуанышының жұбаныш сәттерін әуен арқылы жойқын дауысымен айналасына тарата алатын жанды опера өнерінде — меццо-сопрано деп атайды. Ондай дауысы бар әншілер әлемде өте сирек кездеседі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осындай сирек кездесетін ерекше үннің иесі Астана опера және балет театрының әншісі — Дина Хамзина.
Дина Хамзина 1972 жылғы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Жалпақтал өңіріндегі Жаңажол ауылында дүниеге келген меццо-сопрано дауысты опера солисі.
Ол 1994 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық факультетін бітірген. Еңбек жолын өзі білім алған оқу орнының оқытушысы болып бастаған ол 2000 жылдан бері Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының меццо-сопраносы, солисі.
Әншілік өнерімен өз елімізде де, шет мемлекеттерде де кеңінен танылып жүрген Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана — Опера» театрының әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық әншілер конкурсының  Гран-При иегері Дина Хамзинаның қазақ опера өнерінің тарихында алар орны ерекше деп санаймыз. Оның дауысы өте сирек кездесетін меццо-сопрано. Толық диапозонды, тембрлі дауыс техникасын өте жақсы игерген. Әншілігі мен актерлық таланты бір төбе Динаның күнделікті өмірдегі инабаттылығы мен адамгершілік қасиеті, қарапайымдылығы мен кісілігі де айта жүрерліктей тым ерекше.
Оқуды бітірген бетте ерекше дарынды дауысы бар жас маманды ұстаздары институтта қызметке қалдырады. Кейіннен Дина көп ұзамай театрға қабылданады. Театрға қабылдану Динадан үлкен еңбек пен талай мәрте маңдай терді төгуді талап етті. Бүгінде атағы алысқа жеткен Дина әнші туралы баспасөз беттері жарыса жазуда.
-Бірде зайыбым Альфия екеуміз Астанада өткен Күләш Байсейітова атындағы әншілердің кезекті байқауына бардық. Мен онда көп жылдардан бері төрағамын. Жолдасым Альфия жауапты хатшы. Құжаттарды реттеп, хаттайтын да сол. Бұл жолғы байқау өзгеше өтті. Көптеген дарын иелерінің көзін аштық. Жүлделі орындардың дені алматылықтарға бұйырды. Гран-При сыйлығын алған Дина Хамзина қызымыз сол жолы алысқа шабатынын анық көрсетті. Болашақта жер жүзіне Қазақ елі десе, Динаның аты-жөні қоса аталатынына қатты үміттендік. Шүкір, сол үмітіміз бүгінде ақталды, -дейді атақты Ермек Серкебаев баспасөз беттеріне берген сұхбаттарында.
Одан кейін Дина Хамзина 2006 жылы Халықаралық романс орындаушылар конкурсының лауреаты атанды. Сонымен қатар Лос-Анджлесте өткен өнер шеберлерінің әлемдік чемпионатында үш алтын, бір күміс медаль алды.
Дина Хамзина Аналық (М. Төлебаевтың «Біржан-Сара»), Қамқа (Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай»), Жанка (Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғын»), Мерседес, Кармен (Ж. Бизенің «Кармен»), Азучена (Дж.Вердидің «Трубадур»), Полина (П. Чайковскийдің «Пиковая дама»), Ольга (П.Чайковскийдің «Евгений Онегин»), Лаура (П.Чайковскийдің Иоланта), Сузуки (Дж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан»), Зибель (Ш. Гуноның «Фауст») партияларын және Дж.Вердидің «Реквиемінде» меццо-партиясын, Маддалена («Риголетто»), Флора («Травиата»)  партияларын орындаған меццо-сопрано Дина Мерекеқызының соңғы жылдары отандық және шетелдік театр сахналарындағы партиялары мен концерттік бағдарламалары оның орындаушылық өнерінің биіктігінің, өрісінің кеңдігінің дәлелі.
Әлемнің өнер сүйер қауымы арасында Динаның фанаттары өте көп.
Өмір деген қызық қой. Өнер жолында осыншама атаққа ие болған әнші Дина бала күнінде әнші болам деп армандамаған екен. Оның мұраты әділдік туын желбіреткен заң қызметкері атану болған. Ал Дина деген есімінің мағынасын білетіндер «әділдік» деп аударылатынын айтады. Шындығында Дина бала күнінен әділетті бола білді.
Ол қоғамдық өмірде мектеп жасынан бастап белсенділік танытып, оқуда да, спортта да үнемі алда болды.
-Мен негізі бала күнімнен бастап мұғалім боламын деп алдыма мақсат қойған едім. Бірақ, мектепті тәмәмдар шақта шешімімді күрт өзгерттім. Алғашында анам сияқты ұстаз болам, ауылда қалам, ол үшін тек Алматыға барып мұғалімдік оқуға түсемін деп жоспарлаушы едім. Мен үшін ұстаз атану ең жоғарғы мамандық еді. Себебі, мен ұстаздар отбасында дүниеге келіп, сол ортада тәрбие алдым. Маңдайыма жазылған бұйырмыс солай болған шығар, кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыкалық-педагогикалық факультетін бітірдім. Осыдан кейін барып менің өмірім өнер ордасымен біте қайнасып, осы салада осындай биік дәрежелерге жетуіме жол салынды. «Өнерлі жанға өріс кең» -дейді ғой дана халқымыз. Менің атақты жан атануыма аяулы ұстаздарымның үлесі зор. Олар оқу орнын аяқтағаннан кейін мені ауылға жібермей, қаладағы өнер ортасында қалып, дауысымды әрі қарай дамытуға септігін тигізді. Сөйтіп, ұстаздарымның ақылымен, дауысыммен нәтижелі жұмыс жасап, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, мықтылар арасында өз бағымды сынауға мүміндік алдым, -дейді әнші ару.
Театрдың табалдырығын алғаш аттаған әнші қыздың әлеуеті әріптестер арасында бірден байқалып, өнерлі жандар арасынан өз бағасын ала бастады. Карменді нақышына келтіріп орындады. Бірнеше операның арияларын шырқап берді. Төлеген шығармасындағы ананың жоқтауын айтып бастағанда Динаның дауысы меццо-сопрано екені анық айқындалды. Осыдан кейін ұстаздар қауымы Динаны бірауыздан театрға қабылдады.
-Динаны алғаш тыңдағанда оның даусынан мөлдірлікті, көзінен адамгершілік қасиетті көрдім. Ондай  дауыс Қазақстанда жоқтың қасы. Сондықтан да Дина қызымыз бүгінде әлем жұрты танитын әйгілі әншіге айналды, -дейді белгілі ұстаз Шахмардан Әбілов.
Опера ол жай ғана спектакль орындау емес, онда жойқын алапат орындауларға ұласқан ерекше қойылымдар жүзеге асырылады. Динаның орындауындағы жиырмадан астам туындылардың тең жартысы ұлттық тақырыпта. Дина әншінің арманы да көп. Соның ең маңыздысы қазақ деген дархан елді шынайы өнерімен дүниежүзіне паш ету.
-Өнерге келген жолымды сөз еткенде ең бірінші ауылда қамқорлық жасап, өнер жолына түсуіме ықпал еткен ағайларым мен апайларымды және туып өскен ауылымды мақтанышпен айтқанды ұнатамын. Біздер өнерге алғаш қанат қағар кезде  өңір өнерпаздарына кеңінен танымал музыкант Жанат Мұхамбетов ағамыздың ауылымызға келіп вокальды-инструменталды ансамбль құруы, музыкадан ұстаз болуға әбден лайық жан деп саналған сүйікті Венера Мергенғалиева апайымыздың өлшеусіз үлкен еңбегі менің болашағыма зор әсер етті. Осы кісілердің алдынан мен сияқты талай өнерлі шәкірттердің өткенін бүкіл ауыл-аймақ жақсы біледі. Ол кісілерге шәкірттік алғысым шексіз. Сонымен қатар менің тұлға болып қалыптасуыма ата-анамның да ықпалы өлшеусіз. Әкем өмірден ерте өтсе де, әкем туралы айтатын ауылдастарымның жақсы пікірлері мені өнер көгінде еркін самғатады. Тегіме терең бойлайтын болсам атам Хамза Абдрахманов та Социалистік Еңбек Ері атанған белгілі жан. Мақсатым жоғарыдағы аты аталған мен үшін өте қымбат осы кісілердің атына кір келтірмей, биік мақсаттарға жету. Анамыз алты құрсақ көтеріп, бесеумізді тістелеп жүріп өсірді. Бәріміздің де адал еңбекпен мақсатымызға жетуімізге жол салды. Анамыздың тәрбиесінің бастауы тек қана еңбек пен тәртіп болатын. Сөйткен сүйікті асыл анамыз 2009 жылы өмірден өтті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Мен өзімді үнемі іздеп, өнеріме алаңдап отыратын ауылдастарыма тек қана амандық тілеймін. Елімізде етек алған жаман індеттен бәріміз аман-есен өтіп, жайбарақат өмірде жүздесуге жазсын,-дейді әңгімеміздің кейіпкері Дина Хамзина.
Міне, әлемдік деңгейде сирек кездесетін ерекше дауысы бар санаулы әншілердің қатарындағы жерлесіміз Дина Хамзинаның осынау асқақ арманының орындалу жолындағы арғымақты өміріне ауылдастары атынан сәттілік тілеп, әнші қызымыздың ел алдындағы еңбегін оқырмандарымызға осылайша жеткізуді жөн санадық.

Қыдыр ХАРЕСҰЛЫ