3.12.2020, 11:07
Қараулар: 456
«ITEACHME»-ДІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

«ITEACHME»-ДІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Кәсіби мотивациялық оратор, сирек кездесетін синдром – тетра-амелия деп аталатын аурумен туылған Ник Вуйчичтің «Менің мақсатым – адамдарға өз жолын табуға көмектесу» деген ұстанымы өзге азаматтардың жүрегіне үміт отын сыйлады. Тіпті елімізде Ник секілді өмірге құштар жандарға арналған бірқатар жоба қолға алынып, орталықтар құрылды. Солардың бірі – «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асқан жоба негізінде құрылған «ITeachme» компетенциялар дамыту орталығы» қоғамдық қоры.

Ұлы ақын Абай жетінші қара сөзінде жас баланың анадан туғандағы екі түрлі мінезін сипаттай келіп, екінші мінез «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген тұжырым жасайды. Ақын айтқан «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дейтін азаматтар қатары қоғамда артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға әр тараптан қолдау көрсету мақсатында түрлі жоба қолға алынды. Олардың қатарында «Шеврон» компаниясының бастамасымен жүзеге асқан «ITeachme» компетенциялар дамыту орталығы да бар.

Қазіргі таңда бірегей орталыққа айналған «ITeachme» 2018 жылы «Теңдей ІТ мүмкіншіліктер әлемі» атты жобаны жүзеге асырды. Ана мен баланың ұйғарымы үлкен жобаны өмірге әкеліп, алғашқы екі кезеңінен соң әлеуметтік идеяларды жалғастыра отырып, кезекті маусымына орталық ретінде қадам басты. Орталық директоры Захира Бегалиеваның бастамасымен құрылған бұл жобаның өмірге құштар азаматтарға берері мол. Басты мақсаты өзін-өзі таныту және қаржылық тұрақтылықты дамыту мақсатында мүгедектігі бар адамдарды оқыту және оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу болып табылатын орталықтың бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмысы ерен. «Iteachme»- дің құрылуы және алғашқы жобалары жөнінде орталық директоры Захира Бегалиевадан сұраған болатынбыз.

– Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау бар болса да, ол аздық етеді. Көбісі қолынан не келетінін дәлелдегісі келеді. Біз бұл орталықты ашудан бұрын мынадай мәселеге назар аудардық. Біріншіден, «Мүгедектік» статусы бар адамдар көбіне «Мүгедек адам не істей алады?», «Менен басқаның бәрі кінәлі», «Үкімет бізге көмектесуге тиіс» деген позицияны ұстанады. Екіншіден, мемлекет мүгедектігі бар адамға қамқор бола алады. Үшіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың және үкіметтік емес ұйымдар бастамаларының тиімділігі төмен екені байқалады. Төртіншіден, мүгедектігі бар адамдарда «қарауында болу» позициясы бар. Осы аталған төрт мәселені негізге алып, «ITeachme» компетенциялар дамыту орталығы» қоғамдық қорын құрдық. Орталық оқыту, жұмысқа орналастыру, сүйемелдеу бағытында жұмыс атқарады, – деп жобаны қолға алуға қандай жағдай түрткі болғанын жеткізді.

Мақсаты айқын, бағыты нақты игі жобаға негізделіп құрылған орталықтың жұмысы тек Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде де ерекшеленген. Директордың сөзіне сенсек, көптеген мемлекет осы орталықтың тәжірибесімен бөліскісі келетінін жасырмаған. Бұл – орталық мүшелері мен түлектері үшін үлкен жетістік.

Өміршеңдігін айқындаған жобаның маусымдық үш лагері артта қалды. Нәтижесінде 362 қатысушы онлайн өтініш берген. 72 адам лагерь қатысушысы болып табылса, 43 онлайн оқыту шарасы қолға алынған. 18 адам жұмысқа орналасса, төрт қатысушы жоба арқылы кәсіпкер атанған. Бұл – орталық үшін үлкен жетістік, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мол мүмкіндік.

ІТ саласына бағытталған орталықтың басты мақсаты – қолжетімді интернет арқылы мүгедек жандарды жұмыспен қамту. Қазіргі уақытта жобаның төртінші кезеңі басталды. «Орталықтың негізгі жобасынан қандай нәтиже күтеміз?» және «Жобаға қатысу үшін өтінішті қалай беруге болады?» деген сауалдарға жоба менеджері Малика Сарина жауап берді.

– Біз бұл жоба арқылы азаматтардың сандық сауатының артуына, жұмыспен қамту, кәсіби бағдар беру және өсу, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік, 10 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың 90%-ын бағдарламамен қамту, өзін-өзі тану және әлеуметтену, әлеуметтік шиеленісті төмендету, даму үшін инновациялық жағдай жасау сынды нәтижелерге қол жеткіземіз деген ойдамыз. Орталық жобаларына қатысуға өңіріміздің кез келген мүмкіндігі шектеулі жаны өтініш бере алады. Жас айырмашылығы 17 жастан басталады. Елді мекеннің шалғайлығы жобаға қатысуға кедергі емес. Себебі барлығы онлайн өткізіледі. Әртүрлі қалада өткізілетін семинартренингтерге қатысушының жол және т.б. шығындары орталық тарапынан өтеледі. Біз оқытамыз, жұмысқа орналастырамыз, сүйемелдейміз, – деді ол.

Көріп отырғанымыздай, мүмкіндігі шетеулі жандарға орталықтың берер мүмкіндігі мол. Бастысы цифрлық техниканың тілін меңгерсеңіз болғаны. «ITeachme»-ге жоба қатысушылары да оң баға береді. Мәселен, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің III курс студенті Олжас Маханов жоба қатысушысы ретінде ойымен бөліскен екен:

– Мен бұл жобадан үлкен әсер алдым. Бұған дейін өмірге басқаша қарайтынмын. Жаңа таныстар тауып, өзім секілді жандармен араласып, сырласқан соң көзқарасым өзгерді. ІТ мүмкіншілігін меңгеріп, қазіргі таңда жоба жетекшілерінің сүйемелдеуімен «ВI Group» холдингінде тәжірибеден өтіп жатырмын. Мен – жобаның үшінші кезеңінің қатысушысымын. Бұл – ең ірі әлеуметтік жоба.

Жобаның ауқымын ескеріп, ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмасын деген ниетпен негізгі басымдықтар мен мақсатын тізбектеп, насихаттауды жөн көрдік. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігіне ұнады. Арман Салауатов (есімі өтініші бойынша өзгертілді) төмендегідей пікір білдірді: «Бұл – біз секілді жастар үшін үлкен мүмкіндік. Алдымен ұнағаны – бұл жоба арқылы жұмыс көзін тауып, еңбек етуге бейімдейтіні. Қоғаммен байланыс орнатып, өзін жайлы сезіну – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен мәртебе. Мүгедектердің өмірге бейімделуі қоғам дамуының бір сатысы деп білемін».

Оливье Накаш, Эрик Толеданоның «1+1» атты трагокомедиясын көрген бе едіңіз? Өмірде болған оқиға желісімен түсірілген фильмнің басты кейіпкерлері Дрисс мен Филиптің арасындағы байланыс көрген жанның жүрегін тебірентпей қоймас, сірә! Бүгінгі тілге тиек етіп отырған орталықтың директоры Захира Оңғарбайқызы да Филипп секілді бір емес, бірнеше жанға үміт отын сыйлап, аяғынан тік тұруға өз септігін тигізді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «ІТeachme» – мүмкіндігі мол, өміршең жоба.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ