3.12.2020, 10:50
Қараулар: 317
ҚҰДЫҚ ПЕН КӨБІКТЕР ҚАЗЫЛУДА

ҚҰДЫҚ ПЕН КӨБІКТЕР ҚАЗЫЛУДА

Су – адам өмірінің мәні. Ауданымызда бірнеше елді мекен «Ақбұлақтың» мөлдір суын пайдаланып отыр. Ал шалғай елді мекендердің су туралы «жыры» жергілікті басшылардың құлағына жетіп, қазіргі уақытта біраз жұмыс атқарылуда.

Иә, кейбір елді мекендерге суды көрші аймақтан тасымалдаған уақыт та болды. «Ақбұлақ» біраз мәселенің шешімі болғанымен, шалғай аймақтар әлі де болса қара суға зар болып отырғаны мәлім. Дегенмен зардың соңы қуаныш әуеніне ұласуда. Мәселен, күні кеше Болашақ ауылдық округіндегі Аққурай ауылында жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, ауыз су құдығы қазылып, пайдалануға берілді. Аққурай ауылының тұрғыны Амангелді Балғазиев бұл халықтың көптен күткен қуанышы екенін жеткізді.

– Аққурай елді мекенінде биыл небәрі 22 үй қалды. Ауыл адамдары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Алайда кейінгі жылдары табиғат мал-жанның тіршілігіне қатал қарауда. Жем-шөбі мен суы жетіспегеннен осы жылдың өзінде төрт отбасы қоныс аударды. Қалған ауыл адамдары мал ішетін судан да, ауыз судан да қиындық көрді. Әсіресе жаз уақытында су тапшылығы қатты қинады. Үй басына 3-4 құдықтан қазып, малына суды әрең жеткізіп отырды. Онда да судың көзін тапса ғана. Тереңдігі 7 метр құдықтан су шықпай қалған кез де болды. Көп уақыт өтпей ауылымызға жан-жақтан көмек жетіп үлгерді. Жергілікті бюджеттен азғантай уақыт ішінде ақша бөлініп, тереңдігі 7-8 метр ауыз су құдығы қазылды. Күні бүгін ауданнан су жаңа экскаватор келіп, ені – 30 метр, ұзындығы – 120 метр, тереңдігі 2 метр болатын бөгет қазыуда және бөгеттен су шығып жатқаны қуантады. Ауыл ақсақалы ретінде осы игі істі қолға алып, халықтың қамы үшін қызмет жасап жатқан аудан, ауыл басшыларына, ел азаматтарына тұрғындар атынан алғысымды білдіргім келеді. Әлі де ел үшін тындырар істері көп болғай, – деп батасын берді Амангелді аға.

Ауыз су құдығы біраз ауылдық окургте қазылған. Қазіргі таңда тұрғындар құдық суын күнделікті тұрмыста пайдаланып жүр. Бұл да көңілге медеу.

Биыл өлкеміздегі қуаңшылық салдарынан мал азығымен қатар су тапшылығы да күн тәртібінен түспеген мәселе болды. Қазіргі уақытта барлық елді мекен мал азығымен қамтылуда. Малға ішетін су мәселесі де дұрыс жолға қойылып, шешіліп келеді. Қараоба, Ордабай, Бозоба, Тереңкөл, Әжібай, Аққурай, Көпкүтір, Хайруш, Оразғали, Болашақ, Кіші Талдықұдық ауылдарында көбік қазу жоспарланып, бұл жұмыс Қараоба ауылында атқарылуда.

– Кейінгі кездері өңірімізде қуаңшылық орын алғандығы белгілі. Көптеген елді мекенде қар аз түсіп, бөгеттердегі су тартылып, мал асырап отырған аймақтар үшін өте қиын жағдай болды. Әсіресе Қараобада бұл анық байқалды. Алайда биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, Қараоба ауылы мен Жұматай қырында арнайы бөгет қазылып жатыр. Жұматай бағытындағы бөгет жақсы ашылған. Ал Қараоба ауылындағы бөгетті қазу кезінде біраз қиындық туғанымен, жұмыс оң нәтижесін беруде. Бөгет қазып жатқан мекеме өз жұмысын сапалы атқаруда, – деген Қараоба ауылдық округінің қоғамдастық мүшесі Рауан Хадешов аталған бөгеттерге тартылар су қорының біраз уақытқа жететіндігін мәлімдеді.

Көбік қазу қазан мен желтоқсан аралығын қамтиды. Мердігер – «ҚуанҚұрылыс» ЖШС. Сонымен бірге аталған жұмысқа Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорнын меншігіндегі техникалар да тартылған. Атап айтар болсақ, Аққурай елді мекеніндегі құдық қазу жұмыстарына су жаңа экскаватор жіберілген. Қазіргі уақытта бюджеттен қаржы бөлініп, Аққурай ауылындағы көбікті қазу, тазалау басталып кетті.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ