3.12.2020, 10:48
Қараулар: 325
КӘСІПКЕ КРЕАТИВ, ТҰТЫНУШЫҒА МОТИВАЦИЯ

КӘСІПКЕ КРЕАТИВ, ТҰТЫНУШЫҒА МОТИВАЦИЯ

Бүгінде көзбен көріп, көңіл таразысына салсаңыз, тәуекелге бел буып, өз кәсібін дөңгелеткен жандардың қатары көбеюде. Ойға алған мақсаттың баянды болуына «Еңбек» бағдарламасының шарапаты тиіп тұрғандай. Қай істің тиегін ұстасаң да, алдымен қаржы қажет екенін кәсіппен айналыспағандардың өзі де жақсы біледі. Осы ретте нәтижелі жұмыспен қамтуды жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған грантқа республикалық бюджеттен 67 млн. 172 мың теңге, облыстық бюджеттен 10 млн. 604 мың теңге, барлығы 77 млн. 776 мың теңге бөлінді. Күні бүгінге дейін 139 адамға 69 млн. 814 мың теңге қайтарымсыз грант қарастырылды. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастарға 35 грант, 2-3 топ мүгедектерге 4 грант, жұмыссыз азаматтарға 66 грант, көпбалалы отбасыларға 34 грант бөлінген.

Қошанкөлдік Рафхат жоғарыда аталған жоба бойынша қыр-сыры мол кәсіпкерлік негіздерін тәп-тәуір меңгеріп, шағын наубайхана ашқан. Ер азамат болса да қолға алған ісіне дендеп кірісіп, бұл күндері шаруасын үйлестіріп те үлгерген. Бүгінде ол ашқан наубайхана тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетуде. Жастайынан кәсіп ашуды армандаған жастың ісі берекелі. Талапты жас ештеңеге қарамастан еңбек етіп, нәпақа табуға бел буады. Діттеген мақсатының бір бөлігі орындалған жас кәсіпкер бизнесін одан әрі дөңгелетуге білек-сыбана кіріскен. Наубайханада бөлке нан, тәтті тоқаш, торт пен нан өнімдерінің түр-түрі пісіріледі. Мұндағы тұрғындар дән риза.

-Еңбектенгеннің есебі түгел болатынын ата-анамыз құлаққа құйып өсірді. Әкемнің ұсынысы бойынша кәсіпті бастадым. Қазіргі күнде ұнның қымбаттауына байланысты халыққа тиімді бағада өз өнімімізді ұсынайық деп шештік. Әрине, бұл ісімді табыс көзіне айналдыру оңай болған жоқ. Алматы қаласынан арнайы құрал алдыртып, қазан айында ісімді бастадым. Аллаға шүкір, күніне 40 бөлкеден астам нан өтіп тұрады, -деді жас кәсіпкеріміз.

Рафхаттың мамандығы – өрт инспекторы. Алайда, ол соған қарамастан өз бизнесін ашарда білімі мен білігіне сүйенген. Жасаған бизнес жоспары да құрғақ қиялдан құрылмаған. Табыс тетігінің құлағы қылтиып тұрған соң грант иегері де атанған.

Ал жалпақталдық Айнұр ұлттық қолөнерді  дамыту үшін грантқа түседі. Құптарлық-ақ қадам. Кейіпкердің айтуынша, ұлттық брендті жалғастырып,  дамыту басты мақсаты екен. Әуелі жоспар құрып, көп ізденді. Бәсекеге толы нарық заманында көптің талғамын дөп басып, көңілін таба қою да оңай іс емес. Үйдегі 5 баласын тәрбиелеп, 82 жастағы анасына қарайлап, жолдасының бабын тапқан Айнұрдың әрекеті баршаға үлгі. Қолы қалт еткенде сүйікті ісімен айналысып, нәпақасын табады. Арнайы білімі жоқ болса да, анасынан үйренген өнерін ұмытпай, бүгінгі ұрпаққа жалғастырып келеді. Үй жағдайына қажетті дүниелерді өзі дайындап, сатылымға шығарады. Көз майын тауысып дайындалатын дүниенің құнын сұрағанымызда, ол қалтаға қонымдылығын айтты. Тұрғындар арасында Айнұр тіккен бұйымдарға сұраныс көп. Кейіпкеріміздің аталған кәсіп түрін дамытсам деген жоспарлары да жоқ емес. Есіктен енгеннен жылы қабақ танытып, аңқылдап сөйлей жөнелетін Айнұрдың жұмысына тұтынушылар да дән риза.

-Негізгі мамандығым – есепші. Дегенмен, тігіншілікке қызығушылығым кәсіп бастауға себеп болды.

«Еңбекпен» берілген қаражатқа тігін машинасын сатып алып, үйде перде тігіп, тұмар жасап сатуға бекіндім. Үйімнің шағын бір бөлмесінде іске кірісіп, кәсібімді шыңдауға барымды салып, әрекет еттім. Бастамам жаман болмады. Қалай болғанда да еңбектің наны тәтті. Бүгінгі жетістігім еңбегімнің арқасы, балаларымның несібесі шығар, -деді көпбалалы ана. Айнұр мемлекеттен кәсіп бастауға берілген қаржыны ұтымды пайдаланып, кәсібін өркендетуге жұмсаған. Биыл өз бизнесімді бастаймын деп өтініш бергендердің қарасы көп. Індетке байланысты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту тоқтатылды. Қандай кәсіп бастасаң да бастысы жаны қалаған істің маманы атану. Кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Сапалы қызметтеріне қарай нәпақаларын тапқан біздің кейіпкерлердің тындырымды тірліктеріне сүйсінбеске болмады. Ерінгеннен істің ебін таппай, еріккеннен балағына сүрініп жүргендер үшін осындай еңбекқор жандардың бары мотивация болары мәлім.

Жұлдыз АСҚАР