3.12.2020, 10:39
Қараулар: 367
НЕСИЕ КҮЛІП КІРЕДІ…

НЕСИЕ КҮЛІП КІРЕДІ…

Көріп жүргеніміздей қай адам болмасын айлығын немесе зейнетақысын банкоматтан алғаннан соң қайтадан кассаға кезекке тұрып жатады. Оның себебі, бәрімізге белгілі несиесін төлеу. Бүгінде мойнында несиесі жоқ адамды табу қиын. Екі жастың үйлену тойын өткізу – несие алу, мерейтой өткізу – несие алу, шілдехана – несие алу, көлік сатып алу – несие алу. Қала берді қайтыс болған тума-туыстың түрлі жоралғыларын өткізуге де несие алып жатады. Біреуден қалмаймын деп қымбат тон алсаң да несие алу керек.

Міне, бүгінде тұрмысымызға несие ендеп кіргені соншалық несиесіз жүріп-тұра алмайтын дәрежеге жеттік. Шындығы керек, дамыған мемлекеттерде де қысқа және ұзақ мерзімге несие алып, түрлі кәсіптерін бастаса, енді біреулері тұрмыстарын түзеп жатады. Біз бұл мақалада үкіметтен адамдардың өз кәсібін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларға байланысты берілетін несиеқаржыны айтып отырғанымыз жоқ, адамдардың екінші деңгейдегі банктерден алатын несиеқаржы туралы әңгіме қозғамақпыз. Қазіргі күнде көшеде не болмаса ақпарат құралдарында түрлі банктерден мынандай мөлшердегі пайызбен несиеқаржы ала аласыз деген жарнамалардан көз сүрінеді. Атап айтсақ, «Forte bank», «kaspi bank», «Евразийский банк», «Альфа-банк» тағы да басқа банктер жетерлік. Бірақ, бұл банктердің үстеме пайызы өте көп екенін байқамай қаламыз. Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтқандай, 1 млн теңге алсаң 35 пайыз үстемемен қайтарасын дегенді қазақы сенгіштік көңілімізбен пайыздың қанша құрайтынын түсінбей, пәлен миллиондаған ақшаны алып жатамыз. Ал төлеуге келгенде сол пайыздың мөлшері алған миллиондардың жартысынан көбін құрайтынын білгенде санды бір-ақ соғатынымыз шындық.  Бұл қай адамның басында да болып жатқан жағдай. Қазір қоғамымызда екінші деңгейдегі банктердің халыққа беретін несиесін үстеме пайызын азайту жөнінде мәжіліс депутаттары мен саясаткерлер мәселе көтеруде. Дейтұрғанмен, бұның әлі де болса тетігі шешіле қойған жоқ. Осы орайда қоғамдық пікірге байланысты ұлттық банктің мынандай мәлімдемесін келтірейік. «Басқа елдермен салыстырғанда елімізде берілген несиелерді қайтармау қаупі әлдеқайда жоғары. Оның бірнеше себебі бар. Несие тәртібі төмен, меншікті капиталы жеткіліксіз, кәсіпорындар арасындағы инвестициялардың өтімділігі мен кірістілігі сынды факторлар бар. Сондықтан отандық қарызданушылардың несиелік тәуекелі банк бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелерде көрініс табуда. Пайыздың жоғары болуына тағы бір себеп бар. Депозиттерге кері әсер етеді. Базалық мөлшерлеме төмендемесе, депозиттерге түсім азаяды. Демек, ешкім теңгемен ақша сақтағысы келмейді деген сөз. Соның нәтижесінде пайыздық мөлшерлемені 7-8 пайызға төмендетсе банктердің тәуекелі ақтамайды екен. Қарапайым тілмен айтқанда қаржылық ұйымдар нар тәуекелге барғысы келмейді. Сол себепті қарызын жылдам өндіріп алу үшін банк пайызды мейлінше жоғары қояды» делінген.

Міне, осыдан несие алушылардың банк алдындағы берешекті қайтару ықпалы төмен болады. Сонымен қатар несиелерді қайтаруда елімізде жұмыс жасайтын коллекторлардың да зияны тиіп жатқанын айтқан жөн. Өзімізге белгілі несие алған адам уақтылы несиесін төлей алмаған кезде коллекторлар іске кіріседі. «Егер белгілі бір уақытқа дейін төлемесеңіз, барлық есепшоттарыңызды бұғаттаймыз» деп қоқаң-лоққы көрсеткенде несие алған адам қарызын төлеу өз алдына қаралай жүйке ауруына шалдығатыны да түсінікті. Ол кім-кімнің де басынан өткен жағдай. Осының барлығы тұрмысымызды ауырлата түсері сөзсіз. Әлемдік пандемия кезінде халықтың көбінде «Несиемізді қалай төлейміз, оның пайызы өспей ме?» деген сұрақтар туындады. Дегенмен, үкімет жұмыссыз қалғандардың несиесін пайызсыз 3-4 айға кейінге шегерді. Бірақ, несиесі бар адам берешегінен ұтылдым деген ұғым болмауы қажет. Бәрібір банк берген несиеқаржыны қайтарып алады. Осыны ескерсек, несиеден қашықтау жүрген дұрыс дейміз. Бірақ, күнделікті тұрмыстағы жағдайлар қалтасы жұқа халықтың несие алуына итермелейді. Бұдан қалай шығуға болады? Бір ғана жолы – қалтаңдағы қаржыны мүмкіндігіне қарай жұмсау болып табылады. Дарақылықты, астамшылықты ту қылмай, қарапайымдылыққа қарай бұрылсақ, қаржы да үнемделіп, қарызға батушылар да азаяр еді деген ой келеді. Дегенмен халқымыздың санасында анау дүркіретіп той жасап жатыр, мынау су жаңа көлік мінді, жаңа пәтер сатып алып жатыр деген желеумен, жалған намыспен бәсекелестікке барады. Нәтижесінде несие алып, қарызға батып, оның қиындығын жылдар бойы мойнымен көтеруге тура келеді. Оған мысалдар да жетерлік. Осы мәселеге байланысты өзіміз танитын тұрғынға жолықтық.

Гүлбағида ҚОЖАХМЕТОВА, ауыл тұрғыны:

(есімі өзгертілді)

-Өткен жылы балам отау құрды. Қыз берген жақ «қызымызды бағып-қағып өсірдік, жұрт секілді дұрыс тойын жасаңдар, біздің жақтың ағайын-тумасына сыйлығын әзірлендер» дегесін қолымызда мал болмаған соң, амалсыз миллиондған несие алуға тура келді. Бір күндік той өтті де кетті. Енді қазір сол қарызды үстеме пайызбен банкке кері төлеудеміз. Қарыздан құтылуға әлі екі жылдай уақыт бар. Қиындық келтіріп тұрғанын күнделікті тұрмысымыздан байқап жүрміз, -деп жан сырын ақтарды.

Тағы бір мысал, бірде Орал қаласында тұратын құрбымның үйіне бардым. Бұрындары қолы мен құлағынан сақина, сырғаларды үнемі көретін едім. Енді сол құрбымның сақина, сырғаларынан басқа неке жүзігі де көрінбеді. Әзілдеп «Алтыннан тойындың ба?»  -деп сұрағанда: -Қой құрысын, тапқан табысымыз банктен алған несиеге төленуде. Амалсыз сырға, сақиналарымды ломбардқа тапсырдым, -деп жауап берді.

Иә, «несие күліп кіреді, жылап шығады». Банктен алған несиеқаржы қолымызға тигенде қуанышымызда шек болмайтыны рас. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай оның қайтарымы адамдарды жүйке сырқатына ұшырататынын да ойлаған жөн. Сондықтан ағайын, банктен несие алғанда артыңды да, алдыңды да бір бағамдап алған абзал.

Әсем БОЛАТ