3.12.2020, 10:27
Қараулар: 439
АЛАҢДЫ ҚЫЗДЫРҒАН АУДАРЫСПАҚ

АЛАҢДЫ ҚЫЗДЫРҒАН АУДАРЫСПАҚ

Халқымыздың тарихи-мәдени мұ­ра­ла­рының түрлері сан алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, оның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлттық дамудың ұлағатты үлгісіне айналғандай. Ұмыт қалған дәстүрлерді қайта жаңғыртудағы «Айбын» спорт клубы жанынан құрылған ат спорты бабалар мұратымен үндестік таба бастады. Ұлттық ат спорт түрлері даму жолын тапты. Соның ішінде Аударыспақ – нағыз ерлердің ойыны. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген жігіттер қатысады.

Ер жігіттердің намысын қайрап, ұлттық дәстүрді ұлықтайтын аударыспақ ойыны 31 қазан күні ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылды. Аталмыш жарыстың өтуіне «Айбын» спорт клубы мұрындық болды. Сайыста білекті, тақымы мықты шабандоздар бақ сынасты. -Бұл ойын қазіргі жағдайға байланысты кең көлемде өткізілмеді. Бәйгенің көркін қыздырамын деген үміткерлер аз болмады. Бәрі де қатысуға ниетті. Бұдан да басқа ұлттық ойындарды өткізу ойымызда бар. Індет елімізден жойылса жоспарларымыз да жүзеге асар. Тек елдің тыныштығы мен халықтың амандығы бізді алаңдатады. Аталмыш доданың мақсаты – қарапайым ауыл баласын ұмыт болған ұлттық спортқа үйрету. Қазірдің өзінде қатысушылардың саны көп болмаса да, ойын қыза түсуде. Бастамамызды қолдап, белсенділік танытқан баршаңызға ризашылығымызды білдіреміз, -деді «Айбын» спорт клубының директоры Берік  Сергейұлы.

Жігіттің мықтылығын сынаған аударыспақ ойынында 70 келі салмақта I орын бостандықтық Азат Талаповқа бұйырса, Азамат  Нажимов (Жаңажол) II орынға, Бақтияр Айболатов (Қошанкөл) III орынға табан тіреді. Ал +70келі салмақта бостандықтық Жігер Маусымов жүзден жүйрік атанып,  II орынды, Нұрсұлтан Елемесов (Бостандық) пен  Есенбек Закарианов (Қошанкөл) III орынды місе тұтты. Ұлттық спорт түрлері дәріптелген жарыс жоғары деңгейде өтіп, жарыс жеңімпаздарына алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, ұлттық ойынның өтуі қай жастың да рухын көтерді. Бұл шын мәнінде рухани жаңғырудың жарқын көрінісі деуге болады.

Жұлдыз АСҚАР