27.10.2020, 10:49
Қараулар: 448
АЛИМЕНТ ӘКЕ БОЛМАС

АЛИМЕНТ ӘКЕ БОЛМАС

Халқымыз ата-ана мен баласының қарым-қатынасын «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп табиғаттың тамаша көрінісіне теңеген. Баланың ата-анасына, атаананың балаға деген мейірім, махаббаты шексіз бір әлем іспеттес.

Дегенмен кейінгі жылдары қоғамда «көкек әкелердің» көбейіп кеткені ешкімге жасырын емес. Мұндай жауапсыз әкелер туған бала-шағасын тағдыр тәлкегіне тастап кетіп, сот шешімін орындаудан бас тартып, алиментті де төлемейді. Әрине, алименттің балаға әке болмасы анық, дегенмен жас өскін сәбидің өсіп-өнуі үшін материалдық көмек аса қажет.

Бұл бағытта аудан прокуратурасы алимент өндіру бойынша арнайы жұмыс тобын құрды. Топты құрудағы мақсат – борышкерлерді жұмыссыздар ретінде есепке қою және оларды жұмысқа орналастыру, жасырын кірістерін, мүлкін анықтау. Бүгінде бірлескен жұмыс нәтижесінде 13 тұлға есепке алынды. Үйлестіру шаралары негізінде борышкерлер санын 26 пайызға, яғни 153 алимент өндірушіден 121-ге, соның ішінде қаскөй борышкерлерді 15 пайызға, яғни 32-ден 25-ке төмендетуге мүмкіндік туса, әкімшілік жауапкершілікке екі адам тартылды.

Аудан прокуратурасы ӘҚБтКтің 669-бабы бойынша хаттама толтырып, бір іс сотқа жолданса, бір борышкер бір тәулікке қамауға алынды. Алдағы уақытта сот орындаушылары мен уәкілетті органдардың орындау мәселелерін шешуге бағытталған іс-шаралар өткізу жоспарларында бар. Сот бұл жағдайда алимент сомасының мөлшерін баланы неғұрлым толық материалдық қамтамасыз ету мақсатында айлық есептік көрсеткіш негізінде айқындайды. Статистикаға сүйенсек, әрбір үшінші «көкек әке» алимент төлеуден жалтарады екен. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес 2020 жылы алимент төлемейтіндерге қатысты санкция күшейтілді. Алайда әйелдің (немесе бұрынғы әйелінің) балаларын қолдау үшін мемлекеттен қосымша ақша алуға мүмкіндігі бар – ол әр балаға берілетін жәрдемақы. Балаға арналған жәрдемақыны алу үшін анасына тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік қорғау органдарына жүгінуіне болады.

Міне, бұл бір ғана аудандағы жағдай. Әрине, біз бұл жерде алимент төлеушілердің мәселесін бірден шешіп тастауды айтып отырған жоқпыз. Сол алимент төлеушілер кей жағдайда жолдаған жұмысқа, әсіресе мал шаруашылығына баруға ұсыныс білдірілсе, бас тартады. Бұл мәселе де ойландыратын жайт. Осындай деректерді келтіргенде ата-бабаларымыздың салтұстанымы көз алдымызға елестейді. Басқасын білмеймін, өзім оқыған тарихи немесе көркем әдебиеттерден тастанды сәби не болмаса бағусыз қалған қарт пен кемпірді кездестірген жоқпын. Міне, тәрбие қайда жатыр?..

Иә, алимент әке болмас. Алайда «әкем бар» деген жұбаныш орнын баса ма дейсiң? Сайыпкелгенде, ел қорғар апталдай азамат «көкек әке» атанбай, ұрпағының болашағына алаңдаса ғана шаңырақ шаттыққа кенелер еді. Қоғамда сай сүйегіңді сырқырататын алимент дауынан арылар күн қашан тумақ? Өз қанынан жаралған перзентті керек қылмай, тасбауырлық таныту – қай азаматқа болсын жараспайтын қылық.

Қорыта келе, әрбір отбасының қорғаны ата-ана екені белгілі. Дүниеге келген перзентін тәрбиелі, саналы азамат қатарына қосу – ана мен әкенің бұлжымас парызы. Дейтұрғанмен бұл міндеттің салмақты тұсы, әрине, алдымен әкеге артылады. Ана тәрбиесін кем санамасақ та, әкенің орны бір бөлек. Ең дұрысы, шаңырағымыз шайқалмасын.

Әсем БОЛАТ