27.10.2020, 10:42
Қараулар: 439
СЫРЛЫ ДА ӨНЕГЕЛІ ЖҮЗДЕСУ

СЫРЛЫ ДА ӨНЕГЕЛІ ЖҮЗДЕСУ

Қоғамдық өмір, саясат, әдебиет, өнер, зерттеу бұның барлығы бір адамның қолынан келе бермейтін дүние. Бұлар көптің бірінің бойынан табылуы мүмкін, бірақ желкенің қыры жібермесі бар. Десе де бүгінгі жүздесу әмбебап адамдардың арамызда бар екендігін және олардың өмірлік көзқарасы мен парасат-пайымының қоғамға қажет екендігін аңғартты. Осындай жандардың бірі де бірегейі – жерлесіміз Мәди Артығалиев халықпен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітті.

24 қазан күні ауданымызға Мәди Артығалиев жұмыс сапарымен келді. Алдымен ат басын Көктерек ауылына тіреген азамат өзінің бала күнін еске алып, замандастарымен жүздесті. Себебі бала Мәди 1957 жылы Көктерек ауылындағы жетіжылдық мектепке қадам басқан болатын. Кейінгі сапары Казталов ауылына ұласты. Аудан орталығында ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Мәди Әдиұлы өзі туған өңірдің жұртшылығымен жүздесіп, өнегелі өмірінен сыр шертті. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген ағамыз әңгіменің әлқиссасын арқалаған аманатты елге жеткізуден бастады. Жүктелген міндет – батыс өңіріне Абай мен әл-Фараби шығармаларын насихаттау. Ауылдастарының қошеметіне бөленген жан өзінің туған жеріне деген сағынышын да жеткізді.

– Мен – казталовтықпын, көктеректікпін, кіндік қаным Казталовта тамған болса, өмірге, білімге деген құштарлығым Көктеректен басталды. Осы уақытқа дейін көптеген мемлекеттік қызметті атқардым. Әйтсе де туған жер, туған ел ешуақытта назарымнан тыс қалған емес. Алабұртқан көңілім ауылды аңсап, сағынышымды жырыммен жеткіземін. Бүгін бауырынан талай саңлақты шығарған құтты өңірдің киелі топырағын басып, алдарыңызға келіп отырмын. Сіздермен жүздесу – мына ұлдарыңызға үлкен мәртебе, – деп ыстық ықыласын жеткізді.

Хош, амандықтан соң өлкетанушы, жиһанкез Абай мен әл-Фараби шығармаларының біраз бөлігін тілге тиек етіп, олардың қазіргі қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Абай бізге «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз» деп насихат қалдырды. Қазіргі қоғамның көрінісі де осы өлеңге саяды. Кей жастарымыздың бес дұшпанға еретіндігі өмірді бос өткізумен тең және қоғамның дамуын да тежейді. Абай айтқан бес асыл іске көнсек алынбайтын қамал, бағындырмайтын асу қалмасы сөзсіз. Ал әл-Фараби «Ғылым үйренем деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілекмақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек» деп бір сәтті ғана ойламай, бүкіл өмірді мәнді өткізуге насихаттап, бақытты адамға «бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде… адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағаттап отыруында» деген ақылын айтады. Бабаларымыздың қай шығармасын алып қарасақ та өмірімізге нәр беріп, дұрыстық пен бұрыстықтың аражігін ажыратуға үндейді.

Биыл елімізде орын алған ахуалға байланысты Абайдың 175 жылдық және әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларының Абай айтқандай «бекер мал шашусыз-ақ» өткендігі баршаға мәлім. Әйтсе де атаулы тұлғалардың шығармаларын насихаттау қай уақытта болсын жалғасын тауып, өз маңызын жоғалтпақ емес, – деді Мәди Артығалиев.

Аманатын жеткізген туған жердің ұлы өз өмірінен сыр шертіп, өскелең ұрпаққа ағалық ақылын да айтты. Келелі жүздесу барысында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» ансамблі әншісі, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева және ағамыздың серігі болған жерлесіміз, сазгер Әділбек Сүлейменов қалың жұртшылықты әуезді әндерімен тербетті. Кеште шырқалған Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Абай арманы» туралы әннің халыққа жаңа, таңсық екендігін аңғарып, әннің иесімен тілдестік. Сөйтсек, Абай туралы ән біздің өңірімізге тиесілі екен. Әннің авторы – Әділбек Сүлейменов

Қонағымыз, көптеген саяси тұлға мен өнер, әдебиет, мәдениет майталмандарының көзін көріп, ақылын өмірімен байланыстырған Мәди Әдиұлының кеш барысында біраз қыры ашылды. Оның Әбілхайыртанушы, жиһанкез, өлкетанушы, өнертанушы, тәлімгер, сазгер, заңгер, саясаткер ғана емес, ақын екендігін де байқадық.

Бұқарамен жүздесу барысында Мәди Әдиұлы өзінің шығармашылығын, жуырда жарық көрген кітаптарын таныстырды. Әсерлі сұқбат, сырлы кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев казталовтықтар атынан ризашылығын білдіріп, Мәди Әдиұлына аудан әкімінің алғысхатын табыс етті. Кездесу кеш авторының туған жерге арналған өлеңімен аяқталды.

Жүздесуден соң Казталов ауданының құрметті азаматы Мәди Артығалиев аудандық тарихи-өлкетану музейіне табан тіреп, көненің көзіндей сақталған жәдігерлермен, мекеменің тыныстіршілігімен танысып, мұражай қорын қолтаңбасы қойылған жеке кітаптары және құнды деректермен толтырды. Сырлы да өнегелі жүздесу көптің көңілінен шықты.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ