АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІНДЕ

31 қазан күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен аудан әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Кезекті мәжілісте, — Ауданда шағын кәсіпкерлікті дамыту туралы, -аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айбек Әкімалиев және аудан кәсіпкерлік палатасының басшысы Аманжол Нығметов, -Ауданда 10 ай ішінде ветеринарлық шаралардың жүргізілуі туралы,-Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық аумақтық инспекция бөлімінің басшысы Арген Малахов хабарламалар жасады.
Хабарламаларда айтылғандай шағын кәсіпті дамытуға бөлінген қаржы көлемі өскен. Тек өткен жылы 320 млн. несие қаражат алыныпты. Бұл алған несие қаражаттардың көпшілігін «Игілік», «Береке», «Іскер» шаруа қожалықтары және «Қазталов несие серіктестігі» өз жұмыстарын жүргізу үшін алуға қол жеткізген. Алайда аудан әкімі атап көрсеткендей ауылдық округтерде шағын кәсіпкерліктерді дамыту жұмыстары төмен дәрежеде. Ауыл тұрғындарының көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларға қатыспай отыр. Әсіресе, шағын кәсіпкерліктің сервистік түрін дамыту баяу жүруде.
Сонымен қатар ауданымызда ветеринарлық шаралар жоспарлы жүргізіле тұрса да мал сою алаңдары тиісті талаптарға сай жасалынбай келеді. Округтердегі мал дәрігерлерінің белсенділіктері әлі төмен деңгейде. Аудан әкімі осындай және басқа да жіберіліп отырған кемшіліктерді атап көрсете келіп, тиісті салалық басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Әсем БОЛАТ