БҰЛ КӨШЕ МЕРЕКЕСІ БАСҚАЛАРДАН ӨЗГЕШЕ

Елбасымыздың «Руxани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы адамдарға жаңа серпін беруде. Күні кеше ауданымызда өткен Жерлестер форумы алдағы биік мұраттарды іске асырудың тың жобаларын өмірге әкелді. Бүгінгі күнде қай округте болмасын көше мерекесі тойлануда. Әрине, бұл мереке концерттік шара, сол көше тұрғындарына алғыс xат немесе естелік сыйлықтар табыс етумен шектеліп жатыр десек қателескен болар едік. Бұл мереке жаңаша сипат алуда. Біз соның куәсі болдық. Ол — Ақпәтерде өткен көше мерекесі. Бұл ауылда біршама іргелі істердің басы қайтарылып жатыр. Енді соның жалғасындай ауылда өзгеше түрде өткен көше мерекесі руxани жаңғырудың айшықтысы деуге болады. Бейбітшілік, Ж.Жабаев, Д.Нұрпейісова көшелері жасанған, жасарған… Сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері Наурыз Байсовтың есімімен аталатын көшеге осы азаматтың банері орнатылған. Көше атаулары да (табличка) жаңартылған. Сонымен қатар қала көшелерінен көріп жүргеніміздей есімдері елге белгілі адамдардың суреттері салынған билбордтар да орнатылған.
Ал осы ауылда кіндік қаны тамған, болашақ үлкен өнерге қанат қағуына Ақпәтердің ақ қойларын бағып жүріп, сар даланың самал желіне қосылып ән салып үйренген (өзі ылғи да мысал келтіретін) Тұрсынбек Қабатов ағамыз қомақты қаржыға «МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ АҚПӘТЕР» композициялық белгісін өзі тұрған Бейбітшілік көшесіне орнатыпты. Сондай-ақ көшеге жарық шамдары да орнатылған. Ақпәтерліктер: -Түнде жүргенде жерге түсіп қалған тиын табылады,-дейді. Міне, ғажап! Ақпәтерліктер «Туған жер» бағдарламасын заманауи түрде жаңғыртуды бастап кеткен…
Бұл күні (28 қазан) ақпәтерліктер мерекелік бағдарламасын тұрғындарға және келген қонақтарға ұсынды. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов және Бейбітшілік көшесінің үлкен тұрғыны Жұмабай Тоқпаев,- Туған жердің келбетін өзгерту — өзіміздің қолымызда. Ал осындай ұлағатты бастамаларды көріп, біліп өскен бүгінгі жас ұрпақ бұл игі істі әрі қарай жалғастырары анық, -деді.
Шарада әсем ән шырқалып, флешмоб биленіп, көрініс те көрсетілді. Сондай-ақ киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленіп, ұлттық ойындарға да кезек берілді. Бұнымен ақпәтерліктердің «Туған жер» бағдарламасына орай мерекелік шаралары біткен жоқ, алдағы күндері басқа көшелердің де мерекесі жалғасын табатын болады.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, мереке өткен көшелер айнадай тап-таза! Керемет!!!

Әсем БОЛАТ