10.10.2017, 16:54
Қараулар: 330
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

9 қазан күні аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасы Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысында «2017 жылдың жаз айларында орын алған төтенше жағдайлар, ескертулер және алдағы күщзі-қысқы мезгілдегі төтенше жағдайлардың алдын алу міндеттері туралы» аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Абай Нәсіпов хабарлама жасады.
-2017 жылдың 3-ші тоқсаны бойынша төтенше жағдайлар бөліміне 64 хабарлама түсті. Соның ішінде 16 – өрт оқиғасы, соның ішінде 3 – дала өрті, 27 – дала жану оқиғалары, 3 – суға бату оқиғасы, 2 – авариялық құтқару жұмыстары, 15 – қоқыс жану оқиғалары, 1 – ғимараттың төбе жабыны ұшып, қирау оқиғасы тіркелді. Орын алған оқиғалардың 3-уі төтенше жағдай ретінде тіркелді. Осы өрт оқиғалары салдарынан барлығы 11719 гектар далалық жерлер отқа оранды. Осыған орай өртті уақытында ауыздықтау үшін шалғай елді мекендерде мемлекеттік емес өрт бекеттері ашылса немесе ауылдық округтер заман талабына сай өрт сөндіруге оңтайландырылған техникалармен қамтамасыз етілсе, -деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы.
Сондай-ақ Абай Нәсіпов жылыту маусымының басталуына байланысты аудан аумағында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы жарияланғанын хабарлап өтті.
Отырыста «Күштер мен құралдардың 2017-2018 жылдардың күзгі-қысқы мезгілінде жұмыс істеуге дайындық барысы туралы» аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов хабарлама жасады.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков, -биылғы орын алған өрт оқиғаларынан сабақ алып, алдағы уақытта қайталанбауы жолында жұмыстануымыз керек. Әрбір округ әкімдері техника иелерімен, тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізулері тиіс. Сонымен қатар қыс мезгілдерінде жолдарды қардан аршу, ауыл іші жолдарын тазалау жұмыстары да уақытылы қолға алынуы керек. Осыған орай техникалары бар шаруа қожалық иелерімен келісім-шарт жасасып, төтенше жағдайлардың орын алмауы үшін қысқа барынша дайындықпен кіруіміз қажет, -деді.
Отырыста аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ