26.04.2017, 12:06
Қараулар: 15
БАТЫР АҒАНЫҢ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА

БАТЫР АҒАНЫҢ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА

18056765_267661050310457_6592232617259250663_n 18121662_267661023643793_8676662864295938800_oАудан орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан оңтүстік бағыттағы Жұлдыз ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайынов атындағы орта мектептегі балалар апатты жағдайдағы білім ордасында оқып жатыр. Оқу ордасының қабырғалары сөгіліп, ірге тасы әбден отырып, жаңбырлы күні шатырынан су кетеді.
Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылы жыл санап көркейіп, халық саны артып келе жатқан үлкен елді мекеннің бірі. Сонау Кеңес дәуірінде мұнда училище, мектеп жанындағы интернат, Төртпішен фермасының орталығы болыпты. 1967 жылға дейін орта мектепте орыс-қазақ сыныптары болып, кейін орыс сыныптары жабылған. 1986 жылы бұл мектепке Кеңес Одағының Батыры Ахмедияр Хұсайыновтың есімі берілген.
Қазір мұнда 608 тұрғын, 108 отбасы тұрып келеді. Алайда Сарыөзеннің жағасындағы табиғаты таңғажайып жердің басты проблемасы — мектеп. Батыр ағаның атындағы орта мектеп 1991 жылы салынған. Екі пәтерлі төрт үйдің есебінде саман таспен, сырты ақ таспен қаланыпты. Бір қабатты бұл білім ордасында оқушылар екі аусыммен білім алуда. Қазір білім ордасының қабырғалары жарылып, ірге тасы сөгілген. Тозығы жеткен шатыр да жауынды күндерден құтқарып қала алмайды.
Ширек ғасыр болған мектепте 113 оқушы білім алуда. Бүгінде бір сынып бөлмесі асхана есебінен пайдаланып келсе, спорт залы мектепке сай келмейді. Кейбір сынып бөлмелері жетіспейді. Ал акт залы, алғашқы әскери дайындық бөлмесі, музыка, технология, медбике кабинеттері, биология, химия, физика кабинеттерінің зертханалық бөлмелері атымен жоқ.
-1994-1995 жылдары жылыту жүйесі жарылып, екі пеш салып алған болатынбыз. Содан 2009 жылы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. 2006 жылдан бері облыс, аудан басшыларына мектебімізді күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңа мектеп салу жөнінде ұсынысымызды айтып келеміз. Мектебімізді сараптамадан өткізген уақытта күрделі жөндеуге жатпайды деген шешім шығарып, апатты деп танылды,-дейді мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Өтеп Төлеуов.
Оқу жылы басталған уақытта балалар мектеп құлап қалмаса деген үреймен келеді. Апатты деп танылған мектепте қазіргі күні оқушылар әлі де болса тәлім алып жүр. Бірақта мектеп әкімшілігі қол қусырып қарап отырмай, мектеп үшін жай жөндеу жұмыстарын жасапты.
-Қазіргі күні мектебімізде 113 оқушы білім алса, аудан бойынша білім сапасы 65 пайыз құрап отыр. Жыл сайын бала саны өсіп келеді. Ауылда көшу, қоныс аудару жоқ десекте болады. Келер 2017-2018 оқу жылына 11 сыныпқа 18 оқушы келмек, ал 1 сыныпқа 12 оқушы, даярлыққа 10 бала келеді деп күтілуде. Мектебімізді апатты деп танылып отыр. Бала саны көп, 30 бала шағын орталықта болса, 30 бала үйде тәрбиеленуде,-дейді бізбен әңгімесінде мектеп директоры Асхат Нұржанов.
Ал аудандық құрылыс бөліміне хабарласқанымызда:
-108 орындық мектептің құрылысына жобалық сметалық құжаттары жасақталып, қараша айында тендер ойнатылды. «Эркер» ЖШС-гі ұтып алып, жобалық сметалық құжатына 5 млн 595 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Жобалық сметалық құжаттары мамыр айында аяқталмақ. Мектептің құрылысына қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталмақшы,-дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Айбек Керешев
-Жаңа мектеп салынса деген тілегіміз бар. Жаңбырлы күні төбеден су кетеді. Кейбір пән кабинеттері жетіспей жатады. Мектебіміз күрделі жөндеуге келмейді деп жатыр,-деген 7 сынып оқушысы Айляззат Қадерова жаңа мектепте оқығысы келетінін жасырмады.
-Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы орта мектептің жобалық сметалық құжаты аяқталғаннан кейін құрылысына қаражат бөлініп, жұмыстар атқарылмақшы. Батыр атындағы орта мектепте бала саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде ауданымыз бойынша кейбір пәндер бойынша мамандар жетіспей жатыр. Бірақта күні кеше Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы университеттің, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің болашақ мамандарымен кездесіп, ауыл тарту мақсатында жұмыстанып келеміз,-деді аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин.
Біз барған уақытта ауылдың жағдайы тұрақты екеніне көзіміз жетті. Қысқа балақ, ұзын сақал, қыл арқанған асыққа жастар, ауылда ұрлық атымен жоқ. Демографиялық жағдай тұрақты. Кейбір округ орталығымен тең келетін Жұлдыз ауылы жыл санап өсіп келеді. Ауданымыздағы жалғыз ғана Кеңес Одағының Батыр атындағы орта мектептің құрылысы аяқсыз қалмай, шенеуніктер уәдесінде тұрса, оқушылар жаңа оқу ордасында білім алмақшы.

Тұрарбек АҚМУРЗИН