26.04.2017, 11:40
Қараулар: 16
МАЛШЫ АУЫЛДАҒЫ БІР КҮН

МАЛШЫ АУЫЛДАҒЫ БІР КҮН

18010837_266426883767207_4597656266927528151_n 18056288_266426143767281_108284444497260661_o 18057181_266424777100751_7294987859611655202_nҚысы-жазы күйбең тірлікпен қолдағы малының басын көбейтсем, өнімін халыққа сапалы жеткізсем деп маңдай терін сыпыра еңбек етіп жүрген шаруалардың тұрмыс-тіршілігін біліп, мал төлдету науқанында бір күнімізді малшы ауылына арнап, Қараөзен ауылдық округіне қарасты Қараоба қыстағына ат басын тіредік.
Қазақтың байтақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болғандықтан, ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, «Жесең – ас, кисең – киім» деп төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келді. Барлық ғұмырын төрт түлік малмен байланыстырған жанның бірі – Тұрарбек Татпанов. Қазақтың ата жолымен, малдың бабына қарай қоныс тепкен ағамыздың қыстауы округ орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан екен.
Тұрарбек ағамыз 2004 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрып, сол жылы 20 шақты ірі қара, 30-дың үстінде болған екен. Бүгінде шаруасы жайланып, Шопан ата түлегін 500-ге жеткізіп, Зеңгі баба түлегін 150-ге, ал жылқы малы екі үйірге жетіп, төскейді малға толтыруда.
Бұл шаруаны өз күшімен дөңгелетіп отырған Тұрарбек Татпанов: — «Өзім Кеңес заманынан малшы боп қызмет атқардым. Кеңес Үкіметі құлағаннан кейін колхоз, совхоздар тарап, малшылар жұмыссыз қалды. Жиырмашақты қойдың басын құрап, саны көбейген соң, 2004 жылы «Дастан» шаруа қожалығын құрдым. Бүгінде, Аллаға тәуба, молшылық заманда күй кешудеміз. Қазір екі 500-ге тарта қойым, жүзден асатын ірі қара малым бар. Бұл қыруар еңбектің, төзімділіктің, сабырлықтың арқасында келген нәрсе. Қыстан шығынсыз шықтық. Қой-ешкілер наурыздың аяғынан бастап төлдей бастады, бүгінде аяқталуға жақын» деп ағамыз ағынан жарылды. Ия, расында төрт түлік малдың бабын таба білген жанға бітеді. Бізді таң қалдырған бір жағдай, ағамыз мемлекет көрсететін көмектің ешқайсысын алмағандығы болды. Шаруа қожалығын өз күшімен құрып, шығындарын өз қаражатымен өтеуге дағдыланыпты.

Әр кәсіптің өз науқанды шағы бар. Ол жыл мезгілі сайын өз кезегінде өтіп жатады. Онда еңбектің нәтижесі шығарылып, міндет белгіленеді. Ал, малшының науқансыз бір күні жоқ. Қой қоздату, қырқым, жайлауға шығу, қозы айыру, қыстауға көшу сынды бірінен соң бірі келеді де тұрады. Ал, қой төлдету-малшы үшін ең қиын да жауапты кезең. Сондықтан, олар бұл науқанға күні-бұрын әзірленеді.
Ата-бабаларынан мал бағуды кәсіп еткен қожалық иесінің ұлдары өмір тәжірибесін молынан жинаған, бір қарағаннан-ақ, малдың жайын білетін майталмандар. Биылғы қыс шаруаға жайлы болғандықтан, малдары шығынсыз шығыпты. Не дегенмен, қыстың аты қыс емес пе? Саулықтардың қоңы жұқарып шығады. Міне, төрт түлік те төлдетіп жатыр. Бабын тапса, барын беретін қойдың өнімділігі мен өсімталдығы жөнінде халқымыз «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп бекер айтпаған ғой. Күйлі, дені сау саулықтан ғана өсімтал қозы өрбиді. Қозысы егіз, еті семіз келеді. Мұндайда іштегі төлдің өлі тууы сирек болады. «Қойың қоздап егізден, ешкің тусын сегізден» демекші біз барған уақытта 80 саулық қойы егіздеп, бөлек бағылуда екен.
-«Қоралы мал елдікі, қорасыз мал желдікі» дегендей, мал өсірген екенбіз, оны желге жем етпеуіміз керек. Біз малшылар қауымы жас төлдің сызда қалмауына, қора ішінің құрғақтығына ерекше назар аударамыз. «Түлік төлден өседі» демекші, жас қозыны талапқа сай күтіп-бағып аман өсіру мал өнімдерінің саны мен сапасын арттыруға да игі ықпал етеді. Қой төлдейтін қора кең болса, қозы жылдам жетіледі, ірі болады, түрлі ауруларға төзімді болады,-дейді қожалық жетекшісінің ұлы Мырзахан.

Науқан қашанда жұмысымен сәнді. Малшылар ауа райының аумалы-төкпелі қалпын елең қылар емес. Түнгі ұйқылары да сергек. Қоздайтын саулықтардың жайын бақылап, қора мен үйдің ортасын жол қылуда. Біз барған уақытта 80 қой егіз туып, олардың орындары бөлек болса жалық туғандарын бөлек ұстап отыр. Мал төлдету науқанының бір күнінде 41 саулық қойдан 41 қозы алынды.
Мал басын көбейтудегі «Дастан» шаруа қожалығының еңбегі орасан. Бүгінде олар төскейді төлге толтыруда. Шаруашылық игілігінде 500 бас қой болса, соның 450 басы аналық. Олар биыл төлдетілу үстінде.
– Бұл іс наурыз айының аяғында сәуір айының басында басталды. Бүгінгі күнге дейін малдың жартысынан астамы төлдеді. Осынау жауапты науқанға үлкен әзірлікпен келудің арқасында туар мал да, төл де дін-аман. Жемшөп қоры жеткілікті. Төлдету науқанында сақпаншыларымыз бар. Бәрі де малсақ, – деді Тұрарбек Татпанов. Шаруашылық жетекшісі әр бас саулықтың соңынан биыл бір-бір қошақан еретініне сенімді екенін де жеткізді. Ал Қараөзен ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Артур Батыргерейұлының айтуынша округте 52 шаруа қожалығы нәтижелі жұмыс атқаруда екен. Бүгінде сол қожалықтардың мал төлдету науқаны кезінде 70 пайызға орындалыпты. Ал 22 шаруа қожалықтар үкімет тарапынан беріліп отырған субсидияға қол жеткізіпті.

Қожалық жетекшісі 60 бас аналық малға асыл тұқымды бұқалар сатып алса, әрбір саулық қойға үкімет тарапынан субсидия беріліп отыр. Осыншама малдың бағымын техниканың көмегінсіз елестету қиын. Қожалықта 1 «МТЗ-82», оған қосымша «МТЗ-80» тракторы қысы-жазы жұмыс үстінде. Сондай-ақ орақ «КДП-6» шалғысы, 1 «КУН», 1 шөптайлағыш та мезгілінде үлкен көмек болып тұр.
Сөзіміз жалаң болмас үшін өз қаражатынан былтырғы жұмысшыларға жаңа бір тұрғын үй салып, бүгінде малшылар игілігін көруде. Сонымен қатар жаңа қора салып алыпты. Іскер азаматтың малдың игілігін көру, малға берілетін мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалану арқылы жайлы тұрмыс пен еңбеккерлердің жұмысын жеңілдетуді ойластырғандығы көрініп тұр.
-Осы Қараоба қыстақта электр жарығы тартылған. Электр жарығы болмаса осыншама шаруашылықты жүргізу қиынға соғаныны белгілі. Сонымен қатар жаңа үйімізде интернет желісіне қосылған. Округ орталығынан ондай қашықта емес. Биыл жайылымдарға су шығып, жақсы болды. Бірақ «Балауса» деп аталатын жазғы орнымыз бар. Ол канал бойында малдарымыз төлдеп болғанан кейін сол жазғы орынға көшеміз,-дейді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі. Үйінің айналасына тал-теректер отырғызып, болашақта бау-бақша салуды да ойластырыпты.

Тұрарбек АҚМУРЗИН