29.03.2017, 9:25
Қараулар: 434
ТЕАТР АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

ТЕАТР АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

17547129_257153318027897_6058074205172181214_o27 наурыз Халықаралық театрлар күнінің төл мерекесіне орай Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театрының ардагерлерін қабылдады.
Театрдағы әр қойылымның ғұмыры қас қағым, бір рет қойылған спектакль екінші рет дәл солай сахналанбайды. Бәлкім сахна өнері сонысымен де құнды шығар. Қоғамның іріген тұсын жер-жебіріне жеткізіп айтады. Көкейдегі көп сұраққа жауап береді немесе жол нұсқайды. Тобырды ұлтқа айналдырады. Жалпы ауыл тұрғындары театр табалдырығын аттаудан жалыққан емес. Қойылымдардағы басты тұлға ол актер. Қойылымдарды сахналауда бірнеше адамдар тер төгеді. Автор, режиссер, суретші, жарық беруші тағысын тағылар. Олар кейіпкердің лайықты өнер көрсету жолында еңбектенеді.
Халық театрының іргесін қалап, топшысының бекіткен өңірге танымал режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров болатын. 1952 жылы драма үйірмесі ретінде қаланған ұжымы 1959 жылы «Халықтық театр» атағын алды. Құрылғаннан бері театр ұжымы 100-ден астам пьесаны сахнаға шығарып, осы қойылымдарда ойнаған 300-ден астам ауыл жастарының таланты елге танылды. Репертуарын комедия, трагедия, драма және классикалық шығармалармен толықтырылып отырған М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры біренеш рет республикалық және халық шығармашылық бүкілодақтық фестивалінің лауреаты, біренеш дүркін облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. 1996 жылы Жалпақтал халық театрының негізін қалаған М.Ғұмаровтың есімі берілді. Сахнасында 1962 жылы бір ай бойы атақты актер Серке Қожамқұлов ойнаған Жалпақтал театры әлі күнге елге қызмет етіп келеді.
Төл мереке иелерін құттықтаған округ әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы М.Ғұмаровтың тәлім-тәрбиесін көрген, халық театры алғаш құрылғаннан бастап адал қызмет еткен Зәуреш Ақмурзинаға, Қайрат Туляшевке, Нұрлан Шаканаевқа, Самат Ерғалиевке алғыс хаттарды табыс етті. Сонымен қатар кездесуде аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғалия Ахметова, Жалпақтал мәдениет үйінің директоры Жанат Қалиұлы өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, театрдың режиссері болған Нұрлан Шаканаевтың ізін жалғастырушы, М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театрының бүгінгі режиссері Жанна Рамазанқызына сәттілік тіледі.
Театрдың ардагерлері кездесу барысында естеліктермен сыр бөлісіп, осындай құрмет қошеметі үшін алғыстарын жаудырды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ