3.02.2017, 11:36
Қараулар: 17
ЕЛУ БЕС ЖЫЛ БОЙЫ ЖҰПТАРЫ ЖАЗЫЛМАҒАН

ЕЛУ БЕС ЖЫЛ БОЙЫ ЖҰПТАРЫ ЖАЗЫЛМАҒАН

16422884_238994619843767_1266567318807440819_oҚоғамның ұйытқысы да, алтын арқауы да – отбасы. Отбасы мықты болса, мемлекеттің де еңсесі биік болмақ. Қай елде болсын берік те берекелі отбасылар баршылық. Олар өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп, талай қиындықты бастан өткерген, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға саналы тәрбие беріп, өмір бойы адал еңбек еткен жандар. Әңгімелегелі отырған бүгінгі кейіпкерлеріміз Қазталов ауылының тұрғындары — Нәбиолла Ғаббасов пен Сәбира Хамзина осындай жандардың қатарына жатады.
55 жылдан бері жұптары жазылмай, үлгілі отбасы бола білген Нәбиолла ата мен Сәбира әже 3 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 16 немере-жиен, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.
Отағасы Нәбиолла Ғаббасұлы 1937 жылы дүниеге келген. Қызметінде абыройлы, жанұяда сыйлы бола білген отағасы өзінің іскерлігі, біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында елге сыйлы бола білді. Нәбиолла ата М.Калинин атындағы Саратов ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, көп жылдар ауданның экономикалық-әлеуметтік даму жолында аянбай қызмет етті. Тракторист-токарь болып еңбек жолын бастаған Нәбиолла ата Қараоба ұжымшарының бас инженері, Қазталов аудандық мемлекеттік техникалық бақылау бастығы қызметтерін атқарды. 1997 жылы құрметті зейнетке шықты.
Елу бес жыл бір адамның тағдыры екенін ескерсек, еліне қызмет етіп қана қоймай, шаңырағын шаттыққа толтырып, шайқатпай ұстау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бар өмірін қызметімен қатар бала тәрбиесі мен жанұясына арнаған Нәбиолла ата мен Сәбира әже бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қазір зейнеткерлер немерелері мен шөберелерінің балдай тәтті қылығына тоймай, өмірден көргені мен түйгендерін айтып отырудан жалыққан емес. 55 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптының жастарға да айтары көп.
– «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл сөз бар. Бір шаңырақ астында өмір сүріп, ошақтың түтінін түзу түтету, ұл-қызыңды тәрбиелеу үшін ең алдымен шыдамдылық пен сабыр керек. Отбасы құндылығын қадір тұтып, бірінші орынға қою керек. Сонда ғана шаңырағы шайқалмай, босағасы берік болады,- дейді ақсақал.
Әулет ақсақалы Нәбиолла ата 1 ақпан күні сексеннің сеңгіріне шықты. Шаңырақтың шаттығын сақтап, ұл-қыздарын тәрбиелеп, бүгінде үлкен әулеттің ақылшысы болып, 55 жыл бойы жұптары жазылмай келе жатқан Нәбиолла ата мен Сәбира әженің отбасы қуанышқа тола берсін. Алла оларға ғасыр бойы жұп жазбауға нәсіп етсін.
Осындай жастарға үлгі болар отбасы көп болғай.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ