31.10.2016, 9:57
Қараулар: 23
НЕСИЕГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

НЕСИЕГЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

14876691_202625373480692_4740618712031350399_o26 қазан күні аудан әкімі Нұрлан Бекқайырдың төрағалық етуімен аудан әкімінің отырысы өтті. Отырысқа ауылдық округтер әкімдері, мекеме, ұйым басшылары қатысты.
Отырыста ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде 9 ай ішінде атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жүсіп Шакуов хабарлама жасады.
Елімізде халықты жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Солардың ішінде «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жастар практикасы» сынды бағдарламалар бар. Сонымен қатар шағын кәсіп ашып, табыс табамын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер де берілуге. Бірақ осы несиені алып, кәсібін кеңейтіп, ал алған қарызын қайтармай жүргендер қатары көбейіп отыр. Ауданымыз бойынша шағын кәсіп ашу үшін қарыз алғандар мемлекетке 6 миллион теңге көлемінде берешек.
Осы мәселелер бойынша Талдықұдық, Болашақ ауылдық округтерінің әкімдері Ақмарал Қуанышқалиева, Қоблан Дүйсеков жарыссөзге қатысып, несиені кері қайтаруда кездесіп отырған кедергілер жөнінде айтып өтті.
Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің несие бөлімі жетекшісі Талап Бисембаев қайтарылмай жатырған несиелер бойынша алынып жатырған шараларға тоқталды.
-Қарызы қордаланып отырғандардың бірі де – Қазталов ауданы. Аудан несиені қайтармау жағынан облыс бойынша алғашқы орындарда тұр. Егер қарызды алушылар ерікті қайтарудан бас тартса, сот арқылы мәжбүрлеп өндіруді қолға аламыз. Кепілге қойған мүлкін тәркілеп, сатуға қоямыз. Әрине кепілдегі мүлік арзанға бағаланады, -деді ол.
Отырыста сондай-ақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов елімізде мал шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынған «Береке» бағдарламасы жөнінде хабарлап өтті.
Жиналыс соңында қаралған мәселелер бойынша шешім қабылданып, аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне несие алушылар арасында түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Мөлдір ӘНУАРБЕК