27.04.2016, 18:17
Қараулар: 14
ӘНМЕН СУСЫНДАТҚАН МЕЙРАМГҮЛ ОРАШЕВА. ЗАЛДА 30 ШАҚТЫ КӨРЕРМЕН. ТЫҢДАРМАНЫ ЖОҚ ӘН – ЖЕТІМ

ӘНМЕН СУСЫНДАТҚАН МЕЙРАМГҮЛ ОРАШЕВА. ЗАЛДА 30 ШАҚТЫ КӨРЕРМЕН. ТЫҢДАРМАНЫ ЖОҚ ӘН – ЖЕТІМ

13055278_1587961618182082_4921593332799062319_o 13071723_1587961641515413_986942719010517789_o 13116414_1587961714848739_7812362905019274498_oӨнерден өзіндік орнын ойып алатын Қаламқас Орашева өмірден ерте кетті. Халқың сусындата алмай кетті… Бірақ Қаламқас апамыздың өнерін әрі қарай жалғастырып келе жатырған сіңілісі Мейрамгүл Орашева бұл күнде еліміздің өнерлі қыздарының бірі. Ал, оның жұбайы Мақсат Тілепберген де өнер жолындағы азамат.
26 сәуір күні аудандық мәдениет үйінде Мейрамгүл Орашева жұбайы Мақсатпен және Қаламқас апамыздың жан құрбысы Набат Ойнарова әннен шашу шашты. Олардың орындауындағы Нұртуған, Майлықожа, Базар жыраудың термелері мәдениет үйінің ішіне сыймай, көгілдір көктемнің ен даласына самғап бара жатты… Сондай-ақ Ғарифолла Құрманғалиевтің асқақ әндері шырқалып, Ғарекең бір ортамызда ән салып тұрғандай әсер болды. Ал, Мақсат ағамыз күмбірлеген күй тартып, поэзиядан да сусындатты.
Мейрамгүл апамыз көрермендерін де сыйлай біледі екен. Оның айғағы – көрермен болып отырған жастарға арнап, бүгінгі күннің әндерін де орындап, бір серпілтіп тастады.
Осындай әсерлі ән кешіне келген 30 шақты көрермен (мәдениет үйі 300 орындық) орындарынан тұрып, қол соқты. Бұл шын таланттарға деген құрмет деп түсінеміз.
Енді жоғарыда айтқандай Мейрамгүл апамыз, — көрермендерін сыйлай біледі, — дедік. Ал, біз со-о-о-нау алыстан келген халқымыздың талантты ұл-қыздарын сыйлап жүрміз бе? Концерттің ортасында Набат апамыз қазақтың қасиетті қара домбырасымен күй орындап жатқанда бір жас әйел адам екі баласын жетектеп шығып бара жатты. Шаруасы болған болар, бірақ екі баласының өмірдегі жолы үшін күй аяқталғасын да кетуге болатын еді. Набат апамыз орындап жатқан күйін тоқтатып, ренішін білдірді. Сондай-ақ 30 шақты көрерменнің болуы да қынжыларлық жағдай. Мекемелердегі компьютерге үнілген шенеуіктер мен қызметкерлер өнерді сыйлап, сағат жарым уақыттарын бөлгенде ештеңе қирап қалмас еді. Мына қызықты қараңыз, мекеме қызметкерлері концертке сатылған билетті сатып алған да, өздері қатыспаған. Сонда олар өнерді азын-шоғын тиын-тебеннің құны арқылы бағалап тұрған сияқты көрінеді. Жасанды дауыспен ән айтқан «Сайлаубектерді» тыңдауға уақыт табамыз.
Әннің тыңдарманы болмаса, ол –жетім. Ал, біз өнерді жетімсіретпейік, ағайын!
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова өнер адамдарына алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.

Жұлдыз АСҚАР