Атқарылған жұмыстарға оң баға берілді

IMG_10253 ақпан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қазталов ауданына іссапармен келді. Бұл күні аудандық мәдениет үйінде халық жиыны өтіп, онда аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр жыл ішінде атқарылған жұмыстардан есеп берді. Халық жиынына қатысқан өңір басшысы ауданда атқарылып жатқан істерге оң баға бере келіп, алда тұрған міндеттерге тоқталып, сөз сөйледі. Облыс әкімінің келген іссапарында облыстың бірқатар департамент және басқарма басшылары бірге болды.
-Өткен 2015 жыл еліміз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің кезеңі болды деп айтуға болады.
Өткен жылда еліміз экономикада еңселі биіктерді еңсеріп, әлемнің бәсекеге қабілетті ең серпінді дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолында маңызды қадамдар жасады.
Еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктері осы залда отырған Сіздердің еселі еңбектеріңізсіз елестету мүмкін болмас еді. Өтіп бара жатқан жыл ішінде жасампаз еңбек, ынтымақ, өзімізге және келешекке деген сенім жас әрі жасампаз мемлекетіміздің дамуы мен табысының негізгі жолы екендігіне көз жеткіздік, -деп бастады аудан әкімі өзінің баяндамасын.
Аудан әкімінің баяндамасына құлақ түріп, цифрларға үңілсек, біршама атқарылған жұмыстарды байқауға болады. Өткен мерзім ішінде өнеркәсіп өнімінің нақты көлемі 359,6 млн. теңге, негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 2 млрд. 967 млн. теңгені құрады. Өткен жылы аудан бюджетінің кіріс бөлігі 4 млрд. 355 млн. 273 мың теңгені құрап, жоспар 104 пайызға игерілді. Ағымдағы жылдың бюджеті 4 млрд. 651 млн. теңге көлемінде бекітіліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға өсіп отыр. Бұның өзі қазіргі әлемдегі қаржылық дағдарыстың болып жатқанын оны біздің еліміздің де айналып өтпегенін ескерсек, соған қарамастан аудан бюджетінің қоржынының ортаймағанын байқауға болады.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша өткен жылы ауданға бөлінген 34 млн. 282 мың теңге қаражатқа елді-мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылдың бюджетінде осы бағдарлама бойынша 28 млн. 446 мың теңге қаражат қаралыпты.
Ауылдық жерде жұмыс жасап, тұрақтануға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, дене шынықтыру, спорт және ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Бұл бағдарлама бойынша 2015 жылы мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін 89 млн. 190 мың тенге несие бөлініп, 38 маман жеңілдетілген несиемен тұрғын үйге қол жеткізген. Есепті мерзім ішінде 8 млн. 463 мың тенге қаражат бөлініп, 61 маман көтерме жәрдемақы алған.
Биылғы жылы мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға берілетін тұрғын үй сатып алу үшін 32 маманға 101 млн. 808 мың тенге бюджеттік кредит бөлінсе, 60 маманға көтерме жәрдемақы алуға 8 млн 908 мың теңге қаражат бөлінген екен.
Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығына қатысты екені белгілі. Сондықтан барлық атқарар ісіміз осы ауыл шаруашылығымен байланыстырыла жүргізіліп келеді.
Осы орайда ауылшаруашылық тауарын өндірушілер «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Өткен жылы республикалық салалық бағдарламасының 6 шебер-жоспары бойынша 34 жобаға 26 агроқұрылымдар қатысып, 403 млн 720 мың теңгеге жұмыстар атқарылған.
Ауыл тұрғындары табысының негізін құрайтын мал басы (құстан басқа-84 %) тұрақты түрде өсіп, ірі қара 62 518 бас, қой мен ешкі 211295 бас, жылқы 17 296 бас, түйе 196 бас, құс 13 385 басқа жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда тиісінше мал басы ірі қара-108,3, қой-ешкі-109,9, жылқы 111,9, түйе-108,3 пайызға көбейген екен.
Малды асылдандыру бағытында 226 шаруашылық тауарлы аналық малдарға асыл тұқымды бұқаларын сатып алып, түрлендіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекет тарапынан бөлінген 281 млн 826 мың теңге субсидияға қол жеткізген. Ал, 4 шаруашылық 258 бас асыл тұқымды аналық малдарға тұқымын түрлендіру жұмыстарын жүргізіп отырғаны үшін 5 млн 160 мың теңге субсидия алған.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғырту мақсатында 2015 жылы 83 млн. 7 мың теңгеге 21 шаруа қожалығы лизинг арқылы 20 трактор, 15 түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын, сонымен қатар өз қаражаттары есебінен 29 трактор сатып алып, өз жұмыстарын жандандырып жатыр.
Қазіргі күнде мал қыстату науқанының екі ай жарымын артқа тастадық. Қыстату науқаны ауданымызда ойдағыдай өтіп жатыр. Биылғы жылы ылғал және қардың да көп түсіп тұрғаны бәрімізге белгілі. Бұл алдағы көктемгі және жазғы жұмыстарымыздың нәтижелі болуына өз әсерін тигізері анық. Мал қыстағына қажетті мал азығын дайындау жоспары биыл 100 пайызға орындалған.
Өткен жылы ауданда тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері саны 1222-ге жетіп, 2470 адамды жұмыспен қамтыды. Өткен кезеңмен салыстырғанда өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 10,0 пайызға өсіп, бюджетке түскен салық түсімі 64 млн. 7 мың теңгені құраған.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының бірінші бағыты бойынша ауданымызда 2 жоба іске асып, барлығы 16 млн. 950 мың теңгеге қаржыландырылған. Атап айтсақ, Ақпәтер ауылдық округіндегі «Перизат» шаруа қожалығы 9 млн. 350 мың теңгеге МАЗ автокөлігін сатып алса, Қазталов ауылдық округіндегі «Сабира» жеке кәсіпкерлігі «Көбікті бетон өндірісін» ашуға 7 млн. 6 мың теңге несие қаражатына қол жеткізген.
Жұмыссыздықты азайту мақсатында қабылданған мемлекеттік «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша Республикалық бюджеттен 35 млн. теңге бөлініп, 24 жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер несиелендірілген екен. Сонымен қатар республикалық бюджетке қайтарылған қаражат есебінен 27 млн. 900 мың теңге қосымша бөлініп, 13 адам шағын несие алған. Барлығы 62 млн. 900 мың теңгеге 37 азамат шағын несие алып отыр. Соның ішінде1 жүн түтетін цехы, 1 сұлулық салоны, 2 қоғамдық монша, 1 мал сою алаңы, 1 техникалық қызмет көрсету станциясы, 1 дәнекерлеу цехы, 3 наубайхана, 21 малдану бағытында өз істерін жүзеге асырып отыр.
«Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 9 кәсіпкер 38 млн. 9 мың теңгеге 2 дүкен құрал-жабдықтарын, 2 камаз, 1 газель, 1 автобус автокөліктері, 62 бас ірі қара малы, 120 бас қой малдарын несиеге алып, өз кәсіптерін жалғастыруда.
Алдағы уақытта да мемлекетіміздің кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы бекіткен барлық бағдарламаларын орындау мақсатында жұмыстар жалғаса беретін болмақшы.
Ауданның білім беру жүйесі 43 жалпы білім беретін мектептерін, 50 мектепке дейінгі, 3 қосымша білім беру ұйымдары және педогогикалық-психологиялық түзеу кабинетін қамтиды. «Балапан» бағдарламасы аясында бүлдіршіндіріміздің 76,2 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 102 пайызға артқан.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында Көктерек орта жалпы білім беретін мектебі жанындағы интернат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы 35 млн. 686 мың теңгеге жаңа оқулықтар сатып алынса, 7 млн. 226 мың теңге мектептердің жылу жүйесіне қажетті құралдарды сатып алуға жұмсалған.
Сонымен бірге, бастауыш, аз қамтылған, мектеп жанындағы интернат тәрбиеленушілеріне және асхананы жалға алу үшін 134 млн. 278 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған көрінеді.
Ауданның денсаулық сақтау саласында 46 дәрігер, 235 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етуде. Өткен жылы 5 жоғары білімді жас маман жұмысқа орналасыпты. Дейтұрғанмен, әлі де 10 дәрігер мамандар (3 жалпы тәжірибелі дәрігер, 2 анестизиолог, терапевт, невропатолог, рентгенолог, гинеколог, лор) жетіспейтіні байқалып отыр.
Сондықтан ауданға келген дәрігер мамандарды тұрақтандыру әрі материалдық жағдайын жақсарту мақсатында тиісті қаржылай және тұрғын үй көмегі ұдайы көрсетіле беретін болады,- деп әкім сөз түйінін жасап кетті.
Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, өткен жылы «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша Көктерек ауылдық округіндегі орта жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернатына 64 млн. 972 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылысқа жергілікті жерден 12 адам жұмысқа тартылды. IMG_1064
Ауданымызда 2011-2012 жылдары 107 несие серіктестіктері құрылып, соның 28-і несие серіктестігі «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 400,0 млн теңге несиелік қаражатқа қол жеткізгені белгілі. Бұл ауылдағы ағайындардың бірлесіп жұмыс жасауларына, серіктестікке берілген несие үшін ынтымақты жауапкершілікте болып, тұрғындардың әл-ауқатының артуына өзінің септігін тигізді.
Ауданда жұмыс істегісі келетіндерді мамандыққа қайта даярлау үшін оқыту жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бағыты аясында кәсіптік оқуға республикалық бюджеттен бөлінген 3 млн. 522 мың теңге қаражатқа 2014 жылы оқуға түскен 11 адам 2015 жылы оқуларын аяқтап, барлығы күні бүгінге жұмысқа орналасқан.
Есепті мерзім ішінде 101 жаңа жұмыс орны ашылып, 646 адам жұмысқа орналастырылған.
Азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қаматамасыз ету бағдарламасы бойынша тұрғын үйге мұқтаж 9 азаматқа 13 млн. 620 мың теңге қаражатқа тұрғын үй сатып алынса, Жалпақтал ауылында 110 млн. 301 мың 540 теңгеге 14 бір пәтерлік коммуналдық — жалға берілетін тұрғын үй тұрғындарға пайдалануға берілген екен.
Аудан әкімі бұдан басқа да аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, қаржы мәселесіне байланысты шешімін таппай тұрған мәселелер жөнінде де айтып өтті.
Халық жиынында сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов газ желісі тартылмаған округтерді көгілдір отынмен қамту, аудан орталығынан 100 орындық интернат салу мәселелерін қозғаса, Тереңкөл ауылдық округінің еңбек ардагері Амангелді Саматов Нұрсай ауылының ауыз судан және техникалық судан қиындықтар көріп отырғанын жеткізсе, еңбек ардагері Меңдіхан Халықұлы Александров-Гай ауданымен қарым-қатынаста әлі де кедергілердің бар екеніне тоқталса, «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев, «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлфия Көшбаева ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесін лайықты қарсылау үшін «Туған елге тағзым» акциясы аясында халықтың өз қаражатымен Сарықұдық ауылында фельдшерлік пункт ашу, аудан орталығында өнер мектебін салу, Қошанкөл ауылынан атакәсіп – жылқы шаруашылығына жастарды тарту бағытында мұражай және иппадром ашу жұмыстарының басталып жатқанын жеткізді. IMG_1074
Халық жиынында сөз алған өңір басшысы Нұрлан Ноғаев, -Құрметті аудан тұрғындары! Өткен жылымызды лайықты табыстармен аяқтадық. Түрлі тарихи оқиғаларды атап өте отырып, өткенімізге көз жібердік, -деді.
Қазіргі күнде өздерің аудан әкімінің есепті баяндамасынан естіп отырғандай, мемлекеттік бағдарламалар орындалуда. Қаншама қаржы дағдарысы болып жатса да, жұмыстар тоқтап қалып жатқан жоқ. Жалпы облыста газдандыру жұмысы өз дәрежесінде жүргізілді. Дейтұрғанмен, бүгінгі жиында көтерілген кейбір ауылдарға газ тарту жұмыстары энергетика министрлігінің жұмыс жоспарына сәйкес атқарылуда. Ал, біз өз тарапымыздан да бұл мәселе төңірегінде шешілмеген түйіндерді шешу жолында жұмыстанудамыз. Бүгінгі күнде республикада бюджетті оңтайландыру жағдайынан көп істер кейін қалуда.
Алайда сіздер мына мәселені басты назарда ұстағандарыңызды қалаймын. Ол – халықты ең бірінші кезекте ауыз сумен қамту. Өздеріңіз білесіздер, барлығымыз көгілдір отынды пайдаланбаған кезде де тұрмыс кештік. Ал, сусыз тұрмыс кешу мүмкін емес. Міне, сондықтан бірнші кезекте облыстың алдында тұрған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру. Сондықтан сіздердің аудандарыңыздағы көгілдір отын жеткізілмей тұрған ауылдарға басталған жылда бұл жұмыс жүзеге асады деп айту қиын. Ал, түбінде ол іске асырылатын шаруа болатынын түсініңіздер. Сонымен қатар аудан орталығындағы интернат құрылысының жүруіне алғышарттар жасалады деп күтудеміз. Енді бір көтерілген мәселе – көрші Александров-Гай ауданымен байланысты шекарадан өту мәселесін шешу жоғары жақта әңгіме болуда. Бұл Мәскеу мен Астананың өзара келісімге келуінде болып отыр.
Тағы бір жиында көтерілген мәселе – аудандарыңызда өз күштеріңізбен демеушілер арқылы іргелі істердің басталып жатқанын айтып өттіңіздер. Ал, бұл жұмыстар сіздердің өзара түсіністік пен келісімдеріңіз арқылы жүргізілетіні белгілі. Бұл істер лайымда жалғасын тапсын деймін.
Алдымызда үлкен саяси науқан келе жатыр. Ол – мәжіліс депутаттарын және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау. Бұл сайлауды да қазталовтықтар ұйымшылдықпен өткізеді деп сенемін. Жалпы Қазталов ауданында соңғы жылдары бірлік пен өзара келісім нәтижесінде көптеген істер атқарылып жатыр. Аудан әкімі Нұрлан Мағазұлының елді біріктіріп, жұмыстар атқарып жатқанына мен оң баға беремін. Алдағы уақытта да осындай жұмыстар жүреді деп санаймын, -деп аяқтады облыс әкімі өз сөзін.
Халық жиынына қатысушылар елдегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, жарқын көңілмен тарады.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ
Қайрат ЖАҚЫПIMG_1106