АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Жаңа спорт кешені

Күні , 770 рет оқылды

9


Астана күні қарсаңында қаламыздың ірі шағынаудандарының бірі саналатын Зашаған кенті аумағындағы Арман шағынауданында заманауи спорт ғимараты – дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, халық игілігіне берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.


Халық тығыз қоныстанған жаңа ауданда бой көтерген спорт кешені әлемдік стандарттарға сай салынған. Аталған нысанның құрылысы 2014 жылдың қараша айында басталып, оған республика бюджетінен 432,181 млн. теңге қаржы жұмсалды. Нысан құрылысын Сергей Потиченко басшылық ететін  «Альтаир» ЖШС жүргізген. Жалпы көлемі 2369 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимаратта  320 орындық жанкүйер залы, волейбол, баскетбол, қол добы, шағын футбол сынды спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары мен күрес, үстел теннисі секциялары бар.

Су жаңа ғимараттың лента қию рәсімі сол ауданның тұрғыны, спорт ардагері Матиас Хамитов пен жас спортшы Жалғас Бақтығалиевке берілді.

Спорт кешенін аралап көрген қонақтар волейболдан қыздар арасындағы «Еуро-Азия» — 2015» халықаралық біріншілігінің ашылу салтанатына қатысты. Жарысқа Венгрия елінің Дебрецен қаласынан, Ресейдің Нефтекамск, Самара, Қазан, Набережные Челны қалаларынан келген командалармен қатар Орал қаласынан қыздар құрамасы қатысуда.

Қала тұрғындары мен спортшыларды құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Осыдан бірер жыл бұрын осы Арман шағынауданының орны ен дала болатын. Аз уақыттың ішінде көп қабатты тұрғын үйлер, мектептер мен балабақша, ауруханалар салынып, бұл күндері әсем ауданға айналды. Бүгінгі ашылған спорт кешені де соның айғағы. Мұның барлығы Елбасы қолдауымен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп есептеймін. Жаңадан ашылып отырған спорт кешені жас жеткіншектердің арманына қанат бітіріп, еліміздің абыройын асқақтатар даңқты спортшылар тәрбиелеуде мол септігін тигізеді деп сенемін», – деді. Жарыстың алғашқы добын соғу құрметі облыс басшысына берілді.

Спорт кешенінің директоры Шоқан Кеңесовтің айтуынша, бұл ғимаратта зашағандық тұрғындармен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»,

Орал қаласы



Тегтер: , ,

Пікір қалдыру


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.