АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Соңғы сапарға шығарып салды

Күні , 1 200 рет оқылды

IMG_0826


Кеше А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында қалың ел соғыс және еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевті ақтық сапарға шығарып салды.


Қаралы жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов марқұмның өмір жолымен таныстырып, облыстағы барша ардагерлер атынан марқұмның отбасына, тума-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

– Сұм ажал арамыздан Бисен Жұмағалиұлын алып кетті. Ағамыздың жастық шағы соғыс кезімен тұспа-тұс келді. Жастайынан соғысқа аттанып, қаламы мен қаруын қатар ұстап, Отанын қорғады. Соғыстан келгеннен кейін де елдің шаруашылығын, экономикасын көтеруде белсенді қызмет атқарып, кеңес-партия құрылымдарында түрлі лауазымды жұмыстарды абыройлы атқарды.

Ел басқарды. Бисен ағамыз әрқашан өзінің мінезімен, парасаттылығымен елдің ел болуына, бірліктің нығаюына, дәстүрді ұмытпай, халқымыздың дамып-өсуіне өзіндік үлесін қосты. Зейнеткерлікке шықса да, қоғамда болып жатқан істерден қалыс қалмады. Елдің жақсылығында да, ауыртпашылығында да көш басында жүрді. Ағалық, ұстаздық сөзімен, ісімен жастарды бағыттап отыратын. «Тозбас темір, озбас өмір жоқ» деген, келу болған жерде қайту бар екенін білеміз, дегенмен де бұл хабарды қабылдау қиындау. Көнуге тура келеді. Соңындағы ұрпағына, ұл-қыздарына, немере-шөберелеріне, үзеңгілес достарына, ел-жұртқа қайғырып көңіл айтамыз, – деді қаралы жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Одан әрі облыс басшысы көрші өңірлердің, Атырау облысының әкімі Б. Ізмұхамбетовтің тапсыруымен келген Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің және облыстық мәслихаттың өкілдеріне қайғыға ортақтасып келген қадамдарыңыз сауапқа  жазсын  деген  тілегін  білдірді.

Қаралы жиында Б. Жұмағалиевпен ұзақ жылдар жұмыстас болған еңбек ардагері Ж. Ақбай, Ақжайық ауданынан еңбек ардагері Ә. Кереев, теректілік еңбек ардагері А. Попов, атақты жазушы М. Шолоховтың немересі Михаил Шолохов, марқұмның туысы А. Құрақов оның ізгі қасиеттері мен өнегелі істерін еске алып, қайыр болсын айтты.

Бисен Жұмағалиевтің қазасына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтан, Сенаттың, Мәжілістің бір топ де­путаттарының, Ақмола, Атырау об­лыстарының басшылығынан, жазушы М. Шолоховтың отбасынан және Вешенская станицасындағы жазушының музей-қорығы ұжы­мынан, Орталық ардагерлер ұйы­мының төрағасы, академик Ө. Озғанбаевтан марқұмның отбасы­на, тума-туыстарына, облыс әкімі  Нұр­лан Ноғаевтың атына қайғыға ортақтасқан жеделхаттар түскен. Шолоховтар әулеті өз жеделхатында «Бисен Жұмағалиев негізін қалаған достық пен ынтымақтастық дәстүрі халықтар бауырластығы, мәдениетіміздің гүлденуі, жарқын болашақ үшін қызмет ете береді және одан әрі дами бермек» – дей келіп, оның белсенді өмірін кейінгі жастардың үлгі тұтуы тиіс екенін айтқан.

Марқұмның денесі Орал қа­ла­сындағы зиратқа жерленді.

Ақ Жайық өңірінің абыз ақса­қалы Бисен Жұмағалиевтің жар­қын бейнесі замандастарының, кейінгі ұрпақтың есінде әрдайым сақталады.

Өз тілшіміз



Тегтер: ,

Пікір қалдыру


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.