АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Азалы жыл, азапты күндер

Күні , 863 рет оқылды

deportacija1


Газет тігінділерін парақтай отырып, кезінде аудандық мұрағаттың директоры болған Чарльз Қойшыбаевтың 10.04.2002 жылы аудандық «Орда жұлдызы» газетінде жарияланған «Өткен күннің өрнекті іздері» атты мақаласына көзім түсті.


Онда автор мұрағат негізінде Орда ауданының таратылуына байланысты төмендегідей деректер келтіріпті: «…1952 жылы 48 колхозы, 1 жылқы, 1 түйе зауыты, 17 ауылдық кеңесі, 2 МТС бар Орда ауданы таратылды. Ауданның халқы зорлық-зомбылықпен, күштеп Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарына көшірілді. Бұл шын мәнінде репрессия болатын. Елінен, туған жерінен айырылған халықтың мұң-шерінде шек болмады. 2 ауылдық кеңеске қарайтын 6 колхоздың 2241 адамы Оңтүстік Қазақстан облысына, 4 ауылдық кеңеске қарайтын 13 колхоздың 3334 тұрғыны Гурьев облысына, 5 ауылдық кеңеске қарасты 8 колхоз бен 2 совхоздың (жылқы, түйе зауыттарын айтып отырса керек) 4374 адамы Орал облысының Чапаев, Тайпақ, Фурманов аудандарына көшірілді. Ауданның қалған бөлігі Жәнібек ауданына берілді. Жалпы 17 ауылдық кеңеске қарайтын халықтың 86 пайызы көшіп-қонып, депортацияға ұшырады». Осы деректер кей жәйттерді есіме салды.

1953 жылдың жазы. Біз, «Қосшы» колхозының балалары, сиырдың жүнінен жасалған доп қуып, асық атып, ойнап жүрдік. Сірә, алда бір жаманаттың боларын алдымен ит-құс сезеді. Әйтеуір, сол жылы ауылдың иттері көкке қарап, қоймастан ұлып, жылауық құс жаман шақырды. Көп ұзамай 117 үйден тұратын, бірнеше колхоздан ірілендірілген «Амангелді» колхозы түгелдей көшіріледі екен» деген хабар тарады. Құдай басқа бермесін, елде аза бойыңды қаза қылардай азалы күндер басталды. Ер-азаматтың қабақтары қатулы. Түстері кісі шошырлық, ызадан түтігіп кеткен. Қасіретке кінәлі кісі қолдарына түссе, түтіп жейтін түрі бар. «Іш қазандай қайнайды, қарсы келуге дәрмен жоқ» дегендей, олар кінәлінің Кремльде отырғанын қайдан білсін?! Әйелдердің жылап-сықтауының соңы сыңсуға ұласты. Бала ойынының да сәні кетті. Шамамен  маусым айының аяғы болуы керек, біздің ауылды көшіріп әкетуге бірнеше «полуторка» келді. Оны бірінші рет көруіміз. Моторынан басқасы тақтай екен, жүргенде жалпылдап келе жатқан жапалақ сияқты. Жиналыс өткізіліп, онда баратын жеріміз – Оңтүстік Қазақстан облысы екені, өздерімен бірге тек қажетіне қарай тұтынатын, шекті мөлшерде азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ, төсек-орын алу керектігі айтылды. Мал-мүлік ауылда қалатын болды. Жанары жасқа толып, бір-бірімен улап-шулап қоштасқан ауыл адамы тиелген көлік тізбегі шоқалақ жолмен секектеп, шаңды боратып, ұбап-шұбап, теміржол стансасы – Сайқынға қарай жол тартты. Туған жердің кіндігінен кілт үзіліп, жоғары жақтың пәрменімен жер аударылған  «Амангелді» колхозының адамдары осында күтіп тұрған мал тиейтін жүк вагондарына отырғызылды. «Туған жерден айырылу қиын екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді» дегендей, көз жасын көл қылып, «Елім-айлаған» қайран жұрт жат жерге кете барды. Сайқындықтар оларды қимас көңілмен шығарып салды.

Жол бойы көрген қиындықты айтып жеткізу мүмкін емес. Темір вагон іші қапырық, іште от жағуға болмайды. Шәй қайнатып, ауқаттанып алу үшін эшелон маң далада аз ғана уақытқа аялдайды. Бірдеңе етіп қайнатқан шәйіңді аузыңа енді ала бергенде, зірк етіп қозғалған пойыздан кәсең қолыңнан түсіп кетіп, шәйің төгіледі. Шалқайсаң, басыңды темір қабырғаға соғасың, еңкейсең, омақаса құлайсың. «Бұл не деген қорлық?» деп жылайсың. Тіпті  басқаны былай қойғанда, үлкен-дер мен әйелдер үшін дүзге отырудың өзі мұң болды. Осылай пойыз жүріп кеткенде, талай адам далада қалып қойды. Жүдеп-жадап, азып-тозып, жол азабын шегіп, құр сүлдесі қалған ауыл адамдары 12 күн дегенде Арыс стансасына әрең жетті. Одан көлікке тиеліп, Оңтүстік Қазақстан облысының колхоздарына таратылды. Келген жеріміз – Келес ауданына қарасты Ворошилов атындағы колхоздың М.Горький атындағы №2-бөлімшесі екен. Ол Келес өзені мен оның саласы Оймауыттың (Орал қаласын ортаға алған Жайық өзені мен саласы Шаған сияқты) аралығында орналасқан. Шыны керек, қазір қайдам, ол кезде екі өзеннің ортасында орналасқандықтан, жасыл желекпен көмкерілген бөлімшенің табиғаты тым тамаша. Әр үйдің ауласы толған бау-бақша. Көкөніс, жеміс-жидек тұнып тұр. Әйтсе де, туған жерге не жетсін? Жат жер, бөтен ортаны жерсініп кету оңай ма?! Көпке дейін үйрене алмай жатырқап жүрдік. Колхоздың негізгі өндірісі – мақта шаруашылығы. Мал жоқтың қасы. Біз келгенде, ми қайнатар қырық күн шілде басталып кеткен. Жергілікті халық құдық дегеннің не екенін білмейді. Ішетіні – жылып кеткен өзеннің суы. Оған мал да түседі, адам да шомылады, кір де жуылады. Келген жылы аптап ыстық пен жылы судан іш ауру болған біздің үлкендер мен балалар жағынан шетінеу көп кездесті. Мен де сол ауруды бастан кешіп, өлім халінен қалғаным бар. Бала болсақ та, туған жерге сағыныш сезімі ешқашан суыған емес. Ал үлкендер елді аңсап, құса болды. Бір қыстады ма, жоқ па, әйтеуір, көп кешікпей біздің адамдар түн жамылып, көлік жалдап, кері көше бастады. Көлік тауып, көшті ұйымдастырушы елден барған Дігәр (тегі есімде жоқ) деген кісі еді. Үлкендердің әңгімесінен білгенім, ол жақта 4-5 үйден артық ешкім қалмаған сияқты. Ал Дігәр жергілікті жермен құда-құдандалы болып, сол жақта қалды.

Екі жыл бойы жүрек-жара, көңіл-нала болып, 1955 жылдың жазында қазір Жиекқұмда (Большевикте) тұрып жатқан Кәрімов Сансызбай екі үйіміз туған жермен қауыштық-ау, әйтеуір.

Иә, тып-тыныш отырған ел едік. Солақай саясаттың кесірінен аудан халқының басым бөлігі әскери айлақ жолына құрбанға шалынып, жат жерге айдалып кете барды. Айдың-күннің аманында ауданның мыңдаған тұрғындары жылы орнын суытып, «ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Сол зобалаңды басынан кешіргеннің бірі, марқұм Темірешев Масал деген ақсақал көзінің тірісінде: «Біздің жақтың көптеген қарияларына кір жуып, кіндік кескен туған жерін қайтіп көруді тағдыр жазбады ғой» деп, көзін жасқа шылайтын. Ақсақалдың өкініші өте орынды. Ол жақтан топырақ бұйырып, жат жерде қалғандар өз алдына, ауылға ат басын бұрған халықтың басым көпшілігі «Елге келсек, үкімет ұстап алып, оңтүстікке кері апарып тастайды» деп қорқып, біразы туған жерге жетпей, Саратов, Самара, Орынбор облыстарына барып қоныстанса, енді бір бөлігі Волгоград, Астрахан асып кетті. Сөйтіп, онсыз да жетіп артылатын Ресей халқының санын көбейтті.  Ой,  өмір-ай,  десейші…

Амантай  ХАМЗИН,

Бөкей  ордасы  ауданы



Тегтер: ,

Пікір қалдыру


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.