1.12.2020, 18:11
Қараулар: 21
ҚОЛМЕН ӘРІП ТЕРГЕН

ҚОЛМЕН ӘРІП ТЕРГЕН

Жарық көргеніне 90 жыл толған «Ауыл айнасы» газетінің тарихы сан салалы. Аудан жылнамашысы қос өзеннің ортасында жатқан ауданның тарихымен тығыз байланысты. Осы кезге дейін газет өңіріміздің дамуын, жүріп өткен жолын бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Осы газет тарихына көз жіберсек, баспаханада уақыт үнімен адал қызмет еткен аға-апаларымыздың қолтаңбасын көреміз. Солардың бірі – Мүслима Қаужанова (марқұм) апамыз туралы айтуға болады. Сонау соғыс жылдарында «Колхоз жолы» болып шыққан газетке бойжеткен кезінде келіп, жарты ғасыр еңбек еткен. Ол кезде газет қазіргі күндегідей техникалық жабдықталмағандықтан, шығару процесі қолмен атқарылатын. Яғни, газеттің әрбір нөмірі (жұмасына 3 рет шығады) қолмен теріледі. Былайша айтқанда, газетті беттеу, мақала әріптері қолмен теріліп, басылатын. Бұл еңбекті және қажырлылықты талап етеді. Сол кездегі аға-апалар сияқты Мүслима апамыз да осы жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарған.

Бүгінде зейнет жасындағы апамыздың немере сіңлісі Күлән Қайыржанова былай деп әңгімелейді.

-Өзіміз көре қалғандай, баспахана үйі Ленин көшесі (қазіргі Х.Жақып көшесі) бойында орналасқан еді. Сол жерде баспаханада істейтін қыметкерлер танертеңнен кешке дейін тіпті кейбір күндері таңға дейін жұмыс істейтіндерін байқайтынбыз. Партияның талабы бойынша газеттің әрбір нөмірі уақытында шығып, оқырмандардың қолына жеткізілуі міндетті болды. Міне, осындай жұмыстардың барлығын баспахана қызметкерлері абыроймен атқара білді. Сонымен қатар апам Мүслима өзінен кейінгі келген жастарды да газетті шығарудың қыр-сырына үйрете білген. Бүгінде зейнет жасындағы Рая Сисенова, Айман Арекенова, Фатиха Дәулетова, Гүлнәр Алғазиева, Света апай сынды қызметкерлер ұрпақ сабақтастығын жалғастыра отырып, жастарға газет шығарудың, оның оңайлықпен болмайтынын ұқтыра білді, – дейді.

Иә, газеттің архивтегі сарғайған парақтарына көз жіберсек, оның әрбір жолында баспаханада қызмет еткен апаларымыздың маңдай тері тамғанын байқаймыз. Бұнымен қоса қазіргі күнде адам денсулығына зияны тиер немесе түрлі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет сынды талаптар қойылып жатқан кезде сол уақытта жұмыс істеген апаларымыз өз денсаулықтарының жағдайларына қарамастан елге қызмет етті. Бұны бейбіт күндегі нағыз ерлік, адал еңбек деуге болады.

Мақала басында айтып өткеніміздей, газеттің 90 жылдық тарихында Мүслима апамыз сынды адал еңбек еткен адамдар еш уақытта жадымыздан ұмытылмауға тиіс. Себебі бүгінгі ұрпақ бір мезгіл өздерінің әкелері, аналары жүріп өткен даңқты еңбек жолына үңілсе, оны тек қана газет жылнамасынан біле алады. Сондықтан да біз оларға қашан да құрметпен қараймыз.

Әсем БОЛАТ